Үкімет • 22 Маусым, 2023

Жылумен жабдықтауға – жіті назар

240 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында жылумен қамту мәселелері туралы Жоғары аудиторлық палата есебі тыңдалды. Сондай-ақ жайылымдарды пайдалану жөніндегі құжат қабылданды.

Жылумен жабдықтауға – жіті назар

«Жылумен жабдықтау саласындағы басқарудың, тартылған қаржы қаража­тын жылу энергиясын өндіру және беру объектілерінің нысаналы пайдалануы мен инвестициялық бағдарламаларды орындауының тиімділігіне мемлекеттік аудит» есебін Жоғары аудиторлық пала­таның төрағасы Наталья Годунова баяндап берді. Оның айтуынша, 47 мем­лекеттік мекемеде және 44 та­би­ғи монополия субъектісінде аудит жүр­гізілген. 140 млрд теңгеден ас­а бюджет қаражатының және 480 млрд теңге активтердің пайдаланылу тиім­ділігі тексерілді.

«Соның нәтижесінде 23 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық, 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге экономикалық шығын және түспеген кіріс анықталды. Жалпы, 2020-2022 жылдар аралығында жылумен жабдықтау объектілерін салуға, реконструкциялауға және жөн­деуге 250 млрд теңге, соның ішін­де республикалық бюджеттен 84 млрд теңге бөлінген. Алайда бүгінде ресурс­тардың аз болуы жылу-энергетикалық жүйесінің қажетті «берік қорын» және апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ет­пей­тіні бәріне түсінікті. Бұған жы­лу электр орталықтарының негізгі жаб­дықтарының орта есеппен еліміз бо­йынша 66 пайызының әбден тозуы және жылу желілерінің орта есеппен 54 пайы­зының тозуы дәлел бола алады», деді Н.Годунова.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы келтірген деректерге сүйенсек, жылу электр орталықтары әбден тозған. Орта­ша қызмет ету мерзімі 61 жыл. Соның ішінде 76 пайызының пайдалану мерзімі  50 жылдан, 24 пайызы 30 жылдан асқан. Сондай-ақ апатсыз істен шыққан оқиғалар да артып келеді. Мәселен, 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда оның саны 22 пайызға өскен. Бұдан кейін Н.Годунова жүйелі проблемаларға тоқталды.

«Бірінші, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қимыл жоспар­ларының өзара үйлеспеуі жә­не жылу энергетикасын дамытуда жүйе­лі тәсіл жоқ. Саланы мемлекеттік реттеуді бірнеше мемлекеттік органдар – Энергетика, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері және әкімдіктер жүзеге асырады. Жылу энергетикасын және жылумен жабдықтау саласындағы қатынастардың барлық жиынтығын реттеу үшін қазіргі уақытқа дейін толыққанды құқықтық негіз жоқ. Жаңа заң жобасына үміт артамыз. Сала жал­пы автоматтандырылмаған және цифр­ландырылмаған, ол жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық жай-күйі туралы толық көріністі анықтауға мүмкіндік берер еді. Мәселенің шешімі – жылу энергетикасын реттеу саласындағы функцияларды бір мемлекеттік органда орталықтандыру», деді Н.Годунова.

Екіншіден, жылыту маусымына дайындық кезінде орталық мемлекеттік органдар тарапынан да, жергілікті ат­қарушы органдар тарапынан да энер­гетикалық бақылау жұмысы жүйелі жұ­­мыс істемейді. Баяндамашының ай­туынша, өңірлік деңгейге берілген жылу энергетикасы саласындағы жекелеген бақылау функциялары толық көлемде пайдаланылмай отыр. Мәселен, кейбір өңірлердегі бірқатар табиғи монополия субъектілері жылыту кезеңіне міндетті әзірлік паспорттаудан өтпеген.

«Үшіншіден, тарифтік реттеудің, соның ішінде инвестициялық бағдар­ламалардың іске асырылуы жетілмеген. ЖЭО жабдықтары мен желілерін уақты­лы жөндеуге және жаңартуға мүмкіндік беретін инвестициялық тариф пен ком­муналдық қызметтерді төлеуге жұм­салатын шығыстардың үлесіне бай­ланысты халықтың әлеуметтік әл-ауқа­ты арасындағы теңгерім қажет. Әзірше тариф шеңберінде бекітілетін инвестициялық бағдарламалардың іс-шаралары қолдау сипатына ие және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін ағымдағы проблемаларды шешуге ғана бағытталған», деді Н.Годунова.

Төртіншіден, табиғи монополия­лардың жеке субъектілері жүзеге асыратын сатып алу ашық емес. Сатып алуды өткізу кезінде адал бәсекелестік және барлық өнім берушіге тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қағи­даттары толық көлемде сақталмай­ды. Үлестес адамдардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысты шектеулер жоқ.

«Бесінші, инвестициялық жобаларды сапасыз жобалап, іске асыруы. Қаржылық қамтамасыз етілсе де көбіне сапасыз жобалау және мердігерлердің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамауы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда тежеп отыр. Мысалы, Астана қаласындағы бәріне танымал ЖЭО-3 құрылысының жобасы 2011 жылдан бері іске асырылып келеді және аудит жүргізу кезінде жұмыстың небәрі 64 пайызға орындалғаны расталды. Оған қоса, жобаның 40 пайыздан астам қымбаттағаны байқалады.

Сондай-ақ жылу жүктемесінің энергия көздерінің қолда бар қуаттарынан асып кету фактілері бар. Мысалы, 2021-2022 жылдары жылу желілеріне қосылуға қаланың энергия көздері қуаттылығының тапшылығы болған кезде «Астана-Теплотранзит» АҚ 730 заңды және 360 жеке тұлғаға орталық жылытуға қосылуға техникалық шарттарын берген. Сөйтіп, бұл 2023 жылы қолда бар қуат пен тұтынушылардың мәлімделген жүктемесі арасындағы теңгерімсіздіктің өсуіне және сапалы жылу энергиясын қамтамасыз етпеу қаупін тудырды», деді Н.Годунова.

Сондай-ақ білікті кадрлардың басқа салаға ауысуы да күрт артқан. Мәселен, Шахтинск ЖЭО персоналы 77 пайызға жуық жасақталмаған, ал қалған цех бо­йынша – тек 43 пайыз. Бұған жалақының төмендігі әсер етіп отыр. Н.Годунова келтірген мәліметке сүйенсек, 2022 жылы «Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау» саласындағы мамандардың орташа айлық жалақысы 268 мың теңгені құраған.

«Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған әлеуметтік-экономикалық, демографиялық дамуын ескере отырып, жылу энергиясына қажеттілікке талдау жүргізу қажет деп санаймыз. Энергетика саласындағы қордаланған проблемаларды кейінге қалдырмау және Үкімет оларды шешудің жүйелі тәсілін әзірлеуі қажет», деді Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мархабат Жайымбетов.

Сонымен қатар Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті процес­тік заңнаманы жетілдіру, адвокат­тық қызмет және заң көмегін көрсету, дау­ларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері бойынша заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыста «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Мақсаты – жайылымдарды басқару және пайдалану саласы бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру. Атап айтқанда, халықтың қажеттілігін қанағаттандыруға арналған жайылымдарды ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыс­тыруға тыйым салуды белгілеу, сондай-ақ «қоғамдық жайылымдар» жеке ұғы­мын енгізу ұсынылады.

«Жер пайдаланушыларға жайылым­дардың айналасында қазба жұмыстарын жүргізгені, траншеялар қазғаны үшін жауапкершілік жүктеледі. Конкурстар өткізбей жайылым беру нормасы алынып тасталады. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспарының қолданылу мерзімдері 2 жылдан 5 жылға дейін деп өзгертіледі», деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов баяндамасында.

Бұдан басқа ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуды ынталандыру үшін кооперативтердің ауыл шаруашылығы жерлерін, оның ішінде жайылымдарды алу үшін конкурстарға қатысуы кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық көздеу ұсынылады.

Сонымен бірге ұғымдық аппаратты нақтылауға, жайылым пайдаланушыларды мемлекеттік қолдауға, жер құқықтық қатынастары субъектілерінің қосымша міндеттерін жүктеуге бағытталған түзетулер енгізіліп отыр.

Бұдан бөлек, жиын барысында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы ілеспе құжатымен бірге екінші оқылымда қабылданды. Жиын соңында депутаттар тиісті мемле­кеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.