Елорда • 22 Маусым, 2023

Елорданың Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында жаңа мектеп бой көтереді

201 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Оңтүстік-Шығыс шағын ауданы тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында аудандағы әлеуметтік мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорданың Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында жаңа мектеп бой көтереді

«Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының (Алматы ауданы) тұрғындарымен кездестім. Бұл шағын ауданда 80 мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындар инженерлік желілер, жолдар, әлеуметтік нысандар салу, абаттандыру, автобус санын арттыру, интернет секілді өзге де мәселелерді көтерді», деп жазды Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында.

Қала әкімінің айтуынша, шағын аудандағы басты міндет – инженерлік желілер мен жолдар салу, абаттандыру.

«Біз ең бірінші кезекте осы жұмыстарды орындаймыз. Сондай-ақ Оңтүстік-Шығыста мектеп салынады. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін арнайы орындар ашу маңызды екенін ескере отырып, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер, сол сияқты дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін саламыз. Балаларды көбірек қамту үшін үш жыл ішінде 15 Оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Олардың бесеуінің құрылысы күзде басталады. Олардың бірі Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында орналасады», деп қосты елорда әкімі.

WhatsApp Image 2023-06-21 at 22.41.12.jpeg

Кездесу барысында 2023 жылы жалпы қала бойынша 6 мыңға жуық әлеуметтік пәтер, 11 мектеп, 150-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік салу, 400-ге жуық жаңа автобус алу жоспарланып отыр.

«Көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды. Шағын аудандар мен елді мекендерді жұмыс кестесіне сәйкес дамытамыз», деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.