Қоғам • 23 Маусым, 2023

Баспаналы болған 36 отбасы

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үйлі болу – ел ішіндегі ең өзекті тақырып. Мұны Мемлекет басшысы да ескеріп, халықты қолжетімді баспанамен қамтуға қарекет етуге шақырған. Бұл ретте биыл Жетісуда пәтер жауған жыл болды. Жуырда ондаған жыл кезекте тұрған 36 отбасы қоныстойын тойлады.

Баспаналы болған 36 отбасы

Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев

Талдықорған қаласындағы 8-шағын ауданда берілген 36 пәтердің қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындарды құттық­тап, жаңа пәтердің кілтін өз қолымен табыс етті.

«Сапырылысқан цифрлармен, пайыздармен мынандай нәрсені тындырдық, анандай жетістікке жеттік деген емес, ең негізгісі – халықтың көзімен көріп, қолымен ұстайтын жетістікке ие болуымызда. Жыл басында біз 2000 отбасына үй береміз деп айшықтап айттық. Сол уәдемізде тұрамыз. Бүгін сол айтылған сөздің жарқын көрінісіне куә болып отырсыздар. 36 отбасына арналған үйді беріп жатырмыз. Кезекте бес жыл болғандардың баспанаға енді қол жеткізіп отырғаны ұят екенін де тілге тиек еттік. Мемлекет басшысының Жарлығымен өз алдына жеке облыс болған Жетісу аймағының 1 жылдығына орай 8-шағын ауданына қарасты 72 пәтерлі көпқабатты үйден 1, 2-топтағы мүгедектігі бар жандарға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік осал топқа жататын, пәтер кезегі жеткен 36 тұрғынды бас­панамен қамту – ең маңызды мәселе. Үй беру бойынша біз 8 есе жоғары көрсеткішке қол жет­кізіп отырмыз», деді Б.Исабаев.

Оның айтуынша, осы қарқынмен жетісу­лық­тар­ды баспанамен қамтамасыз етсек, шама­мен 3-4 жылда кезекте тұрғандардың саны ­2 есе азаяды.

Облыс басшысы бармақ басты, көз қысты дү­ние болмайтынын, әрбір адам кезегімен пәтерге ие болатынын жеткізді. Кезекте тұрған 18-19 отбасына пәтер берілген еді. Бүгінгі салтанатты шарада тұрғындарды қоныстой қуанышымен құттықтаған облыс әкімі қалған 36 пәтердің кілтін табыс етті. Олардың дені 1, 2-топтағы мүгедектер, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен пәтер кезегінде тұрғандар. Айта кетерлігі, пәтер иелерін қуанышымен құттықтаған аймақ басшысы 1700 адам кезектен шығып қалғанын, сол бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.

 Сонымен қатар жалпы жыл соңына дейін облыста 322 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның 50 пайызы бюджет есебінен салынбақ. Бұл – өткен жылдағы көрсеткіштен 8 есе артық. Бір Талдықорғанның өзінде биыл 51 көппәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілмек. Ал шілде айында 3 көппәтерлі үй, тамыз­да 4 үй жетісулықтарға есігін айқара ашпақ. Осындай жайдарман жаңалыққа куә болып, баспана бақытына кенелгендер қатарында бірқатар азамат сөз алып, лебізін білдірді. Солар­дың ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған Радмир Чернов:

«Бүгін менің өмірімдегі ең мерейлі күн. Баспаналы болдым. Енді жарқын мақсатқа, асқақ арманға еркін қадам басамын. Елімнің, Жетісуымның көркеюі жолында маңдай терім­ді төгетін боламын. Осындай қуаныш сыйлаған ­облыс басшылығына айтар алғысым шек­сіз»,  деп мерейі асқан жігіт мемлекеттік тілде   тебіренген еді.

 

Жетісу облысы