«Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады», деген еді Президент Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайда.
Тарихқа көз жүгіртсек, адал азамат ұғымы қазақ халқы үшін қашанда қастерлі болғанына көз жеткіземіз. Әуелі ел ішіндегі әпсанаға назар аударайық. Адалдықты насихаттайтын осы аңыз киелі Түркістан топырағына қатысты екенін өңір жұртшылығы тамсана айтады. Соған сәйкес пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Арыстан баб деген сақабасына бір құрма беріпті. Сөйтіп, оны Қожа Ахмет Ясауиге табыстауды сұрайды.
Аңыз бойынша Арыстан баб бес жүз жыл құрманы тілінің астына салып сақтапты. Отырар өңіріне келгенде сол құрманы Әзірет Сұлтанға табыстаған екен. Әрине, бұл оқиғаның тарихи шындық болуы екіталай. Әйтсе де, мұның өзі қазақ халқының осындай әпсана арқылы жұртты адалдыққа, антқа беріктікке баулуға ұмтылғанын байқатады.
Адалдыққа қатысты тағы бір оқиға Исламдағы төрт мәзхабтың негізін салушының бірі Әбу Ханифаға да қатысты. Бірде Имам Ағзамның әкесі Сәбит суда ағып келе жатқан алмаға көзі түседі де, оны алып бір тістеп жейді. Аңыз әңгімеде оның бұл әрекеті әбестік болғанын түсініп, өзенді жағалай өрлеп, алма бақтың иесін тапқаны, сөйтіп одан кешірім сұрағаны, ақырында сол бағбанның қызына үйленгені айтылады. Адалдыққа берік болған осындай отбасынан Исламның бетке ұстарының бірі Әбу Ханифа дүниеге келген екен.
Адал адам ұғымы қазақтың әдебиетінде де көп кездеседі. Абай Құнанбайұлы «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз» деп, адал адам ұғымының негізгі ұстындарын ұсынады. «Адалдық – ардың ісі», «Адал кісі арымас» деген секілді халық даналығы да бекерге айтылмағаны анық. «Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен» деген Мұхтар Әуезов те саналы ойдың сәулесін түсіреді.
Президент айтқан адал адам қасиетін бойына сіңірген жан төңірегінде психологтер де ауқымды зерттеу жасаған екен. Мәселен, Эммануэль Кант мұны «Адамгершілік формуласы» деп атаған. Соған сәйкес әрдайым саналы әрекетті бірінші орынға қою қажет деп есептейді. Яғни әділдік, жауапкершілік, адамгершілік, еңбекқорлық, жанашырлық секілді құндылықтарды көздеген мақсатқа жету үшін емес, оның дұрыс болғаны үшін бойға сіңіру кемел адамға тән қасиет деп есептеген. Ал осындай адал әрекет басқаларға үлгі болып, қоғамның өзгеруіне жол ашады.
Осы орайда, ойыма «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүргенде болған оқиға түсіп отыр. Тұманды Альбиондағы үздік оқу орнының бірі – Лидс университетінде «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша магистратура дәрежесін алудың сәті түскен еді. Сол кезде ағылшын қоғамының адалдық ұғымына ерекше мән бергеніне һәм ерекшелігіне куә болдым.
Білім ордасының ережесіне сәйкес студенттер сабақтан қалмауға тиіс. Біріншіден, бұл оқу бағдарламасынан қалып кетпеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, тәртіпке бағынуға үндейді. Әлбетте, бір жыл ішінде түрлі жағдай болатыны түсінікті ғой. Сондықтан кей жағдайда, негізінен науқастанған кезде дәріске бара алмай қаласың. Сонда сәтте ұстазға арнайы сайт арқылы ауырып тұрғаныңды ескертсең жеткілікті. Бас ауыра ма, балтыр сыздай ма, бәрібір. Біздегідей анықтама әкелуді талап етіп, әуре-сарсаңға салмайды. Бір ауыз сөзге сенеді. Өйткені ағылшын қоғамы үшін адалдық маңызды. Тіпті студент өтірік айтады деген ой миына кіріп-шықпайды.
Ендеше, адалдыққа сенім артқан қоғам құру әрбір адамға тікелей байланысты. Бұған Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдағы сөзінде де назар аударды. Президент Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын, оның бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар екеніне екпін берді.
«Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы айтқандай, адал адам мен әділетті мемлекет – егіз ұғым. Дана халқымызда адалдықты, отансүйгіштікті насихаттайтын өсиет жетерлік. Мәселен, «Отан – Ана» деп, оны қастерлеу әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Осы орайда түріктердің «Devlet baba’dır» (Мемлекет – әке) деген сөзі ойға оралады. Анадолыдағы ағайын мұның себебін былай түсіндіреді. Түркі халқының түсінігінде әке – отбасының басқарушысы һәм қорғаушысы. Сондықтан түріктер мемлекетті әкемен теңестіреді. Өйткені мемлекет халықтың әл-ауқатын арттырып, қорғанышы болатын институт. Ал «Отан – Ана!». Оны қастерлеу – әр азаматтың міндеті.
Ендеше, көне түркінің ұрпақтары мемлекет пен Отанды бірге қарастырып, біреуінен қорғаныш тапса, екіншісін қорғау идеясына басымдық береді. Рас, елімізде әлі шешімін таппаған түйткіл жетерлік. Олардың шешімін табу елдегі әрбір азаматтың да, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырғандардың да қажырлы еңбегін талап етеді. Мемлекет пен халық мүддесін бәрінен биік қойғанда, нағыз адал адам ұғымына сай әрекет еткенде ғана Ұлы дала мұратына жететініміз анық. Қорыта айтқанда, адал адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауға тиіс.