Сенат • 23 Маусым, 2023

«Самокат» мінгендер тізгінді тежейді

234 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында электр самокатқа және сұйытылған газға қатысты заң жобалары талқыланды.

«Самокат» мінгендер тізгінді тежейді

Атап айтқанда, Сенат депутаттары «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйым­дастыру мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады. Осы заң арқылы «шағын электр кө­лігі құра­лы», «электр само­кат» ұғымдары енгі­зі­леді. Он­да аталған көлік түр­лері­нің техни­калық сипаттамалары көрсетіледі, пайдалану тәртібі құқықтық тұрғы­дан рег­ламент­теледі. Құжат жөнінде де­пу­­тат Евгений Больгерт баяндама жасады.

«Заң жобасының негізгі мақ­саты – қолданыстағы құқықтық олқылықтарды жою және шағын электр көліктерін, сондай-ақ электр самокаттарын пайдалану мә­селелерін заңнамалық реттеу. Бұдан бөлек, заң жобасында көлік құралдарын мем­лекеттік тіркеу туралы куә­ліктерді, жүргізуші куә­ліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмір­лік белгілерін дайын­­­­дауға мем­лекеттік монополия ен­гізіледі», деді Е.Больгерт.

Заң жобасына сәйкес, «элек­трондық самокат» ұғымына ең жоғары конструк­тивтік жылдам­дығы сағатына 25 километр­ден аспайтын көлік құралы ене­ді. Сондай-ақ оған арнайы қоз­ға­лыс орны белгіленбек. Мәсе­лен, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электр самокаттардың жүруіне жол беріледі. Бірақ жүргізуші 18 жас­қа толуға міндетті.

«Кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі талап етіледі. Түймеленген шлем кию қажет. Ал қараңғы түскен уақытта бас­­қа көлік құралдарының жүр­гі­зушілеріне көрінуді қам­тамасыз ететін жа­рық шағы­лыстыратын зат болуға тиіс. Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен саға­тына 6 км аспайтын жыл­дам­дықпен жүруіне рұхсат бері­леді. Шағын электр көлік құрал­дары мен электр самокаттары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленеді.

Бұдан бөлек, басқа құзыретті органда тіркелген көлік құрал­дарының «Жол қозғалысы ту­ралы» Заңда көзделген та­лап­тарға сәйкестігін тексеру үшін ішкі істер органдары қызметкерлерінің көлік құрал­дарын тоқтатуының негіздерін белгілейтін түзетулер енгізілді», деді Е.Больгерт.

Бұл қыз­мет түрле­рін жүзе­ге асыру құқы­ғы Ішкі істер министрлігі жанын­дағы шаруа­шылық жүргізу құ­қы­ғындағы Республикалық мем­лекеттік кә­сіпорынына беріледі.

«Бұл заң – жолда жүру са­ла­сын­­дағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақса­тымен әзір­ленді. Атап айтқанда осы заң аясында көліктің жаңа түр­лерін пайда­ланудың құқықтық негіздері мен жалпы шарттары айқындалады. Сондай-ақ электр самокат жә­не ша­ғын электр көліктерін жүр­­гізушілердің құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Ал­да­ғы уақыт­та мақұлданған заң аза­маттардың жолдағы қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге оң үлесін қосады деп сенеміз», деді заң жобасы туралы пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата оты­ры­сында «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнама­лық ак­тілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Құ­жат жөнінде баяндама жасаған депутат Сүйін­дік Алдашев бірқатар жаңа­шылдыққа тоқталды.

«Бірінші, жеткізу жоспары шеңберін­де сұйытылған мұ­най газын бөлшек саудада өт­кізудің шекті бағаларын мем­лекеттік реттеу белгіленеді. Бұл ретте, жеткізу жоспары шең­­­­берінде тауарлық газды не­месе сұйытылған мұнай газын өт­­кі­зетін тұлғалар үшін белгі­лен­ген шекті бағадан асып кетуге жол бермеу туралы міндеттеме қарастырылған.

Екінші, жеткізу жоспары шең­берінде сұйытылған мұнай газын бөлу тетігі өз­гереді. Мәселен, Энергетика министрлігі тиісті ақпараттық жүйе арқылы өзі айқындайтын тәртіппен жеткізу жоспарын қалыптастырады. Жер­­­гілікті атқарушы органдар Энергетика ми­нис­трлігі ай­қын­­­дайтын тәртіппен жеткізу жос­­­пары шеңберінде бөлінген сұйы­тылған газ көлемдерін бө­луді бекітеді. Сұйытылған мұ­най газын өндірушілер мен мен­шік иелері сұйы­тылған газ­дың жеткізу жоспарын орын­дау­ға және бөлінген көлемін тара­туға міндетті. Жеткізу жос­пары шеңберінде өткізілетін сұйы­тылған мұнай газын сатып алу құқығына газ толтыру стансала­ры мен пункттерінің, топтық ре­зер­вуарлық қондыр­ғылардың, ав­­тогаз құю станса­ларының ие­ле­рі, сондай-ақ өнер­кәсіптік тұты­­ну­шылар ие болады», деді С.Алдашев.

Үшіншіден, сұйытылған газды өндірушілер үшін сұйы­тылған газды тек өзінің құю эстакада­ла­ры арқылы көтерме сатуды жү­зеге асыру міндеті белгілен­бек. Депутаттың айтуынша, тиіс­ті инфрақұрылымды дайындау­ды талап ететін бұл норма 2024 жылғы 1 шіл­деден бас­тап қол­данысқа енгізіледі. Сұйы­тыл­ған газды сатып алу құ­қы­ғы бар тұлғалар үшін де тиіс­ті шек­теулер белгіленеді. Осы­лай­ша, бір газ толтыру станса­сын бір уақытта екі және одан да көп тұлғаның пайдалануы­на тыйым салынады. Бұдан бас­қа, газ толтыру стансалары мен пункттерінің иелері үшін сұйы­тылған газды сақтау, төгу және құю жөніндегі өндірістік нысандарын үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігі алынып тасталады.

«Төртінші, тұрмыстық баллондарды пайдалану кезінде қауіп­сіздікті қам­тамасыз ету мақ­са­тында оларға газ құю тек газ толтыру стансалары мен пункт­терінде рұқсат етіледі. Бе­сін­ші, заң жобасында тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық саласында бірқа­тар өзгерістер ұсынылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден кейін көппәтерлі тұр­ғын үйлерді басқару нысанда­рының бірі ретінде пәтер иелері кооперативтерін қалдыру бөлі­гінде түзетулер көзделген. Соны­мен қатар табиғи монополиялар субъектісінің желілеріне қосы­луға техникалық шарт­тардың қолданылу мерзіміне шектеу қойылады және беру мерзімдері ұлғайтылады», деді С.Алдашев.

Мұндағы нормалар негізінен сұйы­­тыл­ған мұнай газының айналымын рет­теу жөніндегі қол­даныстағы заңна­ма­ны же­тілдіруді көздейді. Бұдан бас­қа, аталған құжат үй-жайлардың иеле­рі коопе­ративтерінің қыз­метін сақ­тап қалуға байла­нысты тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы саласын жетілдіру жөніндегі мәселелерді де қарастырады.

«Заң газ және газбен жабдық­тау сала­сында туындаған қоғам­дық қатынас­тарды қосым­ша реттеу үшін әзірленді. Құжаттағы ере­же­лер сұйытылған газбен жабдықтау жүйесінің ашықты­ғын қамтамасыз етеді. Заң аясында кондоминиум объектісін басқарудың жекелеген мәселе­лерін реттеуге арналған нормалар да бар. Алдағы уақытта заң осы саладағы мәселелерді оң шешуге ықпал етеді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

Одан бөлек, Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауал­дарын жолдады. Серік Өте­шов еліміздегі ішкі көші-қон мәсе­лелеріне және бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың олқы тұстарына назар аудар­ды. Бекболат Орынбеков наша­қорлыққа және есірткі саудасына қарсы күрес мәселесіне тоқталды.

Ләззат Рысбекова елімізде өнді­рі­ле­тін газды қайта өңдеу, сол арқы­лы ішкі нарықты қамта­масыз ету мә­селесін шұғыл ше­шудің маңыз­ды екенін мәлім­деді. Геннадий Шипов­ских қорғаныс-өнеркәсіп кешені кә­сіп­­орындарының басым бөлігі қазіргі таңда жекеменшікке өтіп кеткеніне алаң­даушылық білдірді. Амангелді Нұғ­манов Ауған соғысына қатысқан отан­дастарымыздың әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға қатысты сауал жолдады.

Сенатор Нурия Ниязова Қа­зақстан халқы Ассамблеясының этно-мә­дени бірлес­тіктер гранттар алу конкурсына қатыса алмайтынын айтып, осы бағытта бір­қа­тар ұсыныс жасады. Депутат Жанна Асанова Қазақстанда әскери қызметшілерге арналған жеке қорғану құралдарына атыс сынақтарын жүргізу үшін аккредиттелген зертхананың жоқ екенін атап өтті. Ал Сергей Ершов елдегі өрт сөндіру бө­лім­шелерінің жартысына жуығы мем­ле­кеттік емес екеніне нара­зы­лығын білдірді.