Спорт • 26 Маусым, 2023

«Сары Тарзанның» сазайын берді

206 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстанның «Naiza» және Ресейдің «Ural FC» промоушендерінің бірлесе ұйымдастыруымен аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтті. Сол кештің басты бәсекесінде орта салмақтағы Дәурен Ермеков пен Руслан Шамилов күш сынасты. Олар жоғарыда аталған қос ұйымның алтын белбеуін сарапқа салды.

«Сары Тарзанның» сазайын берді

Батыс Қазақстан облысын­да туып-өскен 35 жастағы Дәу­­рен Ермеков қазіргі кезде Ақтө­бедегі «Еркін күш» клубында жат­ты­ғады. Спорттық мансабын 2012 жылдың күзінде бастаған ол осы күнге дейін 22 кездесу өт­кізіп, 17 рет жеңіске жетті. 10 қар­сы­ласын есінен тандырды. Бұған дейін Ермеков «Eagle FC» мен «Naiza Fighting Championship» чем­пиондық атағын иеленді. Руслан Шамиловтың жасы 27-де. Ол – Ресейдің Псков облысының тумасы. Кәсіпқойлар арасындағы жарыста 16 мәрте октагонға шы­ғып, 12 рет басымдық танытты. То­ғыз бәсекені мерзімінен бұрын аяқ­тады.

Жекпе-жек басталған бетте екеуі тік тұрып айқасты. Бұл жерде ешкімнің басымдығы байқалмады. Екінші раундта Дәурен күреске көбірек көңіл бөлуді құп көрді. Бұл тактика өз жемісін берді. Ол қарсыласын қайта-қайта жығып алып, жерде әбден умаждады. Қазақ файтерінің соққылары да қарсыласына жиі дарыды. Руслан тек қауіпті жағдайдан құтылуды ғана ойлады. Бірақ Ермеков оны темір құрсауынан оңайлықпен босатпады. Қалған раундтарда да сол көріністің куәсі болдық. Нә­тижесінде, барлық төреші Дәу­рен Ермековтің мықтылығын бір­ауыздан мойындады.

Жасыратыны жоқ, сол кеште «Алматы Аренаны» бетке ал­ған жанкүйерлердің дені аса ауыр сал­мақтағы Вячеслав Дацик пен Ға­лымжан Жаслановтың жекпе-жегін көруге ерекше құл­шыныс танытты. Өйткені «Сары Тарзанның» атағы алысқа жайылған. Иә, кө­біне-көп жағымсыз кейіпте екенін де мойын­даймыз. Расында да, Дациктің іс­темегені жоқ. Оның жүрген жері жанжал, айғай-шу, дау-дамай... Айқас алаңында ережені өрескел бұзып, қарсыласы немесе төрешілермен төбелескені былай тұрсын, көшеде адамдарды ұрып, дүкендер мен салондарды тонады. Сол үшін үстінен қылмыстық іс қозғалып, біраз жылын темір қапаста да өткізді. Жүйке ауруына шалдыққандардың ауруханасына да жатып шықты. 2010 жылы Вячеславтың шекараны заңсыз бұзып өтіп, Норвегиядан бір-ақ шыққаны бар. Өзінің айтуынша, Скандинавия түбегіне жету үшін ол теңізде екі күн бойы резеңке қайықпен жүзген екен. Бір сөзбен айтсақ, «Сары Тар­занның» өмірі осындай шытырман оқиғаларға толы.

Жоғарыдағы жағымсыз жайт­тарға қарамастан, Вячеслав Да­цик­тің мықты спортшы екеніне ешкімнің күмәні жоқ. 43 жастағы Ленинград облысының тумасы айқас алаңында Андрей Орлов­ский, Джеронимо Дос Сантос және Александр Емельяненко сынды атақты спортшыларды кескен теректей сұлатып салып, даңқты Джефф Монсонды ұпай санымен ұтты. Аралас жекпе-жектен небәрі екі кездесу ғана өткізген Ғалымжан Жаслановтың Дацикпен жұдырықтасатынын естігенде қазақ жанкүйерлері қат­ты мазасызданды. Шыны керек, біз «қандасымыз құлап қалмаса екен» деп іштей тіледік.

Бірақ ТТ деген жанама есіммен танылған Ғалымжанның жүрегінің түгі бар екен. Атышулы Дацикпен ол аянбай айқасты. Қорыққан да, қаймыққан да жоқ. Екінші раун­дта қарсыласын ұрамын деп қапияда Жаслановтың аяғы тайы­п кетті. Істің мән-жайына бой­ламаған төреші бірден нокдаун белгіледі. Оған қазақтың қайсар ұлы қатты уайымдай қойған жоқ. Керісінше, уақыт озған сайын батыл қимылдап, қалай да жеңіске жетуді көздеді. Өзінен салмағы 20 кило ауыр, бойы бір бас жоғары Вячеславтың ауыр соққыларынан сауатты қорғана білді. Тіпті бір-екі рет темір торға тіреп қо­йып, сериялық соққыларын сәтті өт­кізді. Ол кездері Дацик тәлтірек­теп барып, есін әзер жиды. Бәсеке аяқталған соң үш төрешінің екеуі жеңісті біздің жігітке берсе, біреуі тең есеп тіркеді. Сөйтіп, басым дауыспен ТТ жеңіске жетті.

Төреші Жаслановтың қолын кө­терген сәтте Дацик бұл шешіммен келіс­пейтіндей сыңай танытты. Ал Ғалымжан болса, «Келесі жолы Мәскеудің төрінде ММА ере­жесі бойынша төбелесейік», деген ұсыныс айтты. Бірақ «Сары Тар­зан» одан бас тартты. «Менің жасым біразға келді. Егде тартқан адам үшін алысып-жұлысу оңай шаруа емес. Одан опа таппайтыным анық. Сол себепті де аралас жекпе-жектің ережесі бойынша айқасудан бас тартамын. Ал тік тұрып төбелесейік десең, оған мен әркез дайынмын», деп жауап қайырды.

Қазақтың қос саңлағы – Қазы­бек Сағын мен Бағдат Жұбаныш супер жеңіл салмақтың (53 кило) ал­тын белбеуі үшін талас­ты. Екеуі­нің де әлемнің үш дүркін чем­­пио­ны деген дардай атағы бар. Қазыбек – қоян-қолтық айқас­тың, ал Бағдат – ММА-ның хас шебері. Осыдан бірнеше жыл бұ­рын олар әуесқойлар ара­сын­дағы жарыс­тың бірінде күш сы­насқан еді. Ол кезде Жұбаныш төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Бұл жолы керісінше бол­ды. Өте шиеленісті өткен бә­секеде Қазыбек Сағынның жолы болып, чемпиондық атақ сол спортшыға бұйырды. Бірақ қа­­зылардың шешімі көрермен­дердің басым бөлігін қанағат­тан­дырмады. Бағдаттың мысы ба­сым болғанын алға тартқан олар жер тепкілеп, айғайға бас­ты. Жекпе-жек аяқталған соң Бағдат Жұбаныш төрешілердің шешімімен келіспейтінін айтып, өз наразылығын білдірді.

«Алматы Аренаға» жиналған жанкүйерлер сол кеште Әліби Ыдырыстың асқан шеберлігіне тамсанды. Күні бүгінге дейін жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында айқын басымдық танытқан 29 жастағы қазақ спортшысына бұл күндері UFC-дің майталмандары да қызығушылық танытып отыр. Осы жылдың аяғына дейін Ыдырысты әлемнің ең белді про­­моушені ұйымдастыратын жарыс­тардың бірінен көруіміз әбден мүмкін. Оған ол лайық деп ойлаймыз. Бұл жолы Әліби осы күнге дейін бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татпаған бразилиялық Алиссон Сильваны сан соқтырды.