Тарих • 25 Маусым, 2023

Аққошқар батыр

277 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беретін өзекті саланың бірі – кино саласының ұлттық бағыттағы ұстанымы көңілден шықпай отырғанына қынжылды. Арзанқол, тәрбиелік мәні төмен фильмдердің көбейіп кеткенін, бұл жас ұрпақ бойындағы отаншылдық, елжандылық, имани сезімдердің ұшталуына, қалыптасуына кері ықпалын тигізіп отырғанына да тоқталған Президент: «Өскелең ұрпақ шетелдің кейіпкеріне емес, өз батырларымызға қарап бой түзейтін болады» деді.

Аққошқар батыр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы тұста ұрпаққа үлгі, елге ұран болған тари­хи тұлғаларды кино өндірісі арқылы қалай насихаттаймыз деген сауал туындайды. Ол үшін ақтаңдаққа толы тарихымызды тағы бір електен өткізіп, батырлар мен тұлғалар бейнесін, тарихи оқиғаларды екшеп алуымыз керек. Сонда ұрпаққа тәлім, ұлтқа рухани қазына болатын құндылық қалыптасады. Сондай бір оқиғаға тоқталсақ.

Қазақ халқының XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары Қасымов басқарған ұлт-азаттық көтерілісінің басты жеңістерінің бірі – Ақтау бекінісін алу шайқасы. Биыл сол біріккен қазақ сарбаздарының империяға қарсы жанқиярлық күресінің өткеніне 185 жыл толады. Ел тарихында өзіндік өшпес орны бар айтулы оқиға қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтыны анық. Мұның бабалар ерлігі арқылы ұлт ұрпағын тәрбиелеуде де маңызы жоғары. Оған қоса осы майданда көзсіз ерлік көрсеткен Көкбөрі Керней Аққошқар батырдың ұрпақтары баба рухына тағзым етіп, құласа да құндылығын жоғалтпайтын көне кесенесін қайта көтеріп, ас беруге ниет етіп отыр.

XIX ғасырдың 30-жылдарының басында Арқаның төрінде, қазіргі Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданының орталығынан 80 шақырым жерде Манақа өзенінің жағасына Актау бекінісі салынды. 1640 жылы іргетасы көтерілген Гурьев, 1716 жылы – Омбы, 1718 жылы – Семей, 1720 жылы – Павлодар, Өскемен, 1832 жылы – Ақмола, 1854 жылы – Верный алғашқыда бекініс ретінде салынса да, сауда жолдарында тұрғандықтан әрі экономикалық маңызына қарай кейін ірі қалаларға айналған. Ал Ақтау қамалының жөні бөлек, қазығы қағылған күннен бастап қазақ тайпаларын Ресейдің құзырына әбден бағындырып, 1866 жылы жабылғанға дейін қазақ даласын әскери құрсауға айналдыру мақсатымен салынған. Ресми түрде патша үкіметі Троицк, Петропавлдан шығып Ташкент, Бұқараға өтетін сауда керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін деп жариялағанымен, басты мақсаты қазақтың қазанатына да, азаматына да құрық салып, тайпаларының тынысын тарылтып, тіршілігін қатаң бақылауға алу еді. Қамал салынар алдында ол кезде Батыс-Сібір генерал губернаторлығының құрамындағы Омбы облысының бас сатрапы Талызин жер­гілікті халықтың мүддесін қорғайтынын, әдет-ғұрыпқа, қазақтардың тұрмыс салтына тиіспейтінін айтып үндеу жазды. Құрылысқа қажетті көлік пен адам күші жергілікті халықтан алынды. Бірақ құрылыс біте сала полковник Талызин уәдесінен тайып, жалға алынған аттар мен түйелерді қайтармады.

Қамалдың қабырғалары төртбұрышты үлгі­мен қаланып, айнала мұнара мен зеңбіректер орнатылды. Ішінде әскерилер мен олардың казармалары, штаб, офицерлердің үйлері, тас­тан қаланған ат қоралар мен қоймалар, ас үйлер, қарауыл, аурухана, ұстахана орналасты. Орнаған күннен бастап бекініс әскерлері патша үкіметінің отарлау саясатының ең сұрқия сипатын көрсетіп, маңайдағы халықты шауып, тонап, қарсыласқандарын қанға тұншықтырып, тырп еткізбей ұстауға тырысты. Кенесарының Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, генерал-майор Генске жолдаған хатында 1836 жылы Ақтаудан 400 орыс әскері шығып, Ал­шын, Жағалбайлы, Тоқа және Найман руының 250 адамын өлтіріп кеткендігі туралы айтылады.

1837 жылы жазда Кенесары ұлт-азаттық туын көтерген кезде, қанау мен тонаудан әбден зәрезеп болған Ақтау төңірегін мекендеген Ар­ғынның Қуандық руының халқы біртұтас көтеріліп, ежелгі қоныстарын тастап, Балқашқа қарай көшті. Олардың бірінші мақсаты – көтеріліске қосылу болса, екіншіден, бекініс маңайына ел қалдырмай, қамалдағы әскердің азық-түлікпен қамтамасыз ету жағдайын қиындату еді. Қоныс аударушылар сұлтан Кү­шік Айшуақовқа орыс казактары олардың малын тонап, қыз келіншектерін зорлағанын, мініс­ке бәйге аттарына дейін алып, қайтармай қой­ғандарын айтқан. Ақтау бекінісі жойылып, туып өскен жерлері қайтарылмай, оралмаймыз деген екен.

Ақтау маңынан қазақтардың үдере көшіп кетуі патша үкіметін едәуір абыржытып, істің мән-жайын зерттеуге итермелейді. Тексеру қоры­тын­дысы бекеттердің жиі салынуы, құры­лысқа алын­ған күш, көліктің қайтарылмауы, салық­ты көбейту үшін санақ кезінде мал санын көбейтіп жазу себеп болған деп табады.

Елдің басына түскен ауыртпалықты көріп отырып Кенесары патша үкіметіне жолдаған хаттарында үнемі халықтың басына түскен нәубетті ашық айтып, үнемі Ақтау бекінісін жоюды талап етіп отырды. Осындай хаттардың бірі 1838 жылдың көктемінде Тобылды Тоқты­­ұлы мен Көшкінбай Қазанғапұлы бастаған ел­шілікпен Батыс-Сібір генерал губернаторы, князь Горчаковқа тапсырылады. Генерал губернатор бейбіт өтінішке құлақ аспай, Кенесарының тұтқында отырған адамдарының бәрін саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп дүре соқтырады. Олардың әскерге жарайтынын алып, қалғандарын Шығыс Сібірге жер аударады. Дандайсыған губернатордың бұл қылығынан кейін амалы қалмаған көтерілісшілер шұғыл шешуші әрекеттерге көшуге мәжбүр болады. Старшина Симоновтың жасағына соққы беріп, көптеген қару-жарақ пен оқ дәріні тартып алады, отаршыларды қолдаған Қоңырқұлжа сияқты шонжарлардың мыңдаған жылқыларын барымталап қолды қылады. 22 маусымда Ақтау, 7 тамызда Ақмола бекіністеріне басып кіріп, жағып жібереді.

Ақтау бекінісін алу оқиғасы қазақ фольклорында да бейнеленген. Доскей ақынның «Кене­сары» дастанына сүйенсек, қамалды қоршап шап­қан қазақ қолының саны 800-ден артық болуға тиіс.

«Жиналған осы батырлар,

сегіз жүздей қол еді,

Жолдан естіп қосылды,

батырлар тағы қайдағы»,

деп жырланған.

Мұрағат деректерінде де осы дерек ұшы­расады. «Қорыққанға қос көрінер» демекші, тек Ақтау бекінісі комендантының көрсетуінде ғана шабуылдаушылар саны 2 мың болды деп баяндалған.

Ақтау бекінісін алу Кенесарының беделін көтеріп, көтеріліске қазақ тайпаларының өкіл­дері жан-жақтан ағылып қосылып, көтеріліс­шілер са­ны он екі мыңға жетеді.

Аққошқар бабамыз Кенесары Қасымұлы басқарған Ресей империясына қарсы қазақтың ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ақ­қошқар батыр көтеріліске Кәрсөн және Кер­ней руының сарбаздарын бастап апарған. Наурызбай, Ағыбай, Жанайдар, Иман батырлармен қанды-көйлек жолдас болып, ерлікті ту етіп, талай қантөгіс қақтығыста намысты қолдан бермеген.

Киелі қазақ даласының дәл кіндігіне Баты­раштың балтасындай жүзін батырған Ақтау бекінісіне басып кіріп, күлін көкке ұшырған, атынан адам шошып, ат үркіген көтерілістің апогейі болған, сауыт сөгіп, жебе жауған алапат майданда қол басқарып, бекініске алғаш басып кіргендердің бірі болған. Аққошқар батырдың қолында елінен еріп келген Керней сарбаздары ғана емес, батырдың қолбасшылық қабілетін жоғары бағалаған Кенекең басқа рулардан да баһадүрлерді қосып берген, сарбаздары көтерілістің белең алған кезінде мыңға дейін жеткен.

Аққошқар баба батырлар арасында Кенеса­рының өзі қойған лақап аты Мүйіз есімімен белгілі болған.

Аққошқар батыр сабырлы, қанша дүрбелең болса да салқынқандылық танытып, үрейге берілмейтін ұстамды ер болған. Батырлар кеңесінде сөздің артын тосып, орамды ой айтып, ханның шешімдеріне көп ықпалы болған. Кенесарының інісі Наурызбай және басқа кейінгі буын жас сарбаздар пір тұтып, Ағыбайды «Ақаекем» десе, Аққошқарды «Мүйіз аға» деп қошеметтеп отырған.

Кешегі орыс-чешен соғысының аяғында чешен көтеріліс қолбасшыларына амнистия бергендей, ежелгі Ресей империясының дәстүрімен Ағыбай Қонырбаев және басқа көтеріліс қол­бас­шыларының қатарында Аққошқар Ақеділ­ұлына да Сібір қазақтарын басқарудың шекаралық басқармасының 1843 жылдың 30 қаңтарындағы үкімімен кешірім беріледі.

Белгілі ғалым Ж.Ақылбаевтың жетек­шілігімен қарағандылық зерттеушілер Ресей мұрағат­тарынан ел мен атамекен тарихына қатыс­ты құжаттар жинаған еді. Соның ішінде Омбы мұрағат материалдарынан құпия деректер шығып отыр.

Деректе Кәрсөн Керней болысынан Кене­сары Қасымұлы қозғалысына тікелей қатыс­қандардың тізімі беріліп, оларға қандай айып тағылғаны келтірілген. Құпия баяндама Қар­қаралы сырт округ приказының бағалау­шысы (заседателі) Сухомлинский және хатшы (секретарь) Людницкийдің қолымен 1847 жыл­дың 7 ақпанында Сібір қырғыздарының (отар­шылардың қазаққа берген атауы) шекаралық басқар­масының бастығы, генерал-майор Виш­невскийдің атына жазылған.

Баяндамада Кәрсөн Керней болысының халқы патша үкіметіне наразылық көрсетіп, жаппай округтен бөлініп көшіп кетті деп көрсетілген. Ежелгі көшпенділердің дәстүрі бойынша шекарадан дүре көшу империядан бөліну деген мағына береді. Одан әрі хаттамада отаршыл шенеуніктер сұлтан Кенесары Қасымұлының қозғалысына Кәрсөн Керней болысынан тікелей қатынасқандар деп аталарымыздың тізімін келтіреді. Империя жауларының тізімінде орысша мәтінмен Ак Кашкар Ак Идилев (Аққошқар Ақеділұлы), Бай арыстан Абенов (Байарыстан Әбенұлы), Уразбек Акбатин (Оразбек Ақботаұлы), Тлеп Давлетов (Тлеп Дәулетұлы), Рысь Байбурин (Ырыс Бай­бөріұлы) келтірілген. Бұларға Кенесарымен бірге Ақтау бекінісіне шабуыл жасаған деп айып тағылады. Аяғында бұлар­дың 1843 жылдың 30 қаңтарында Шекара басқармасының үкімімен амнистияға түскені хабарланады.

Қарағандылық өлкетанушы, жазушы, тарихшылар Темірғали Аршабеков пен Жамбыл Жұмабековтің 2006 жылы шыққан мақалаларында да әр рудан көтеріліске қосыл­ған батырлар мен жауынгерлер арасында Кер­ней Кәрсөн болысынан барғандардың ішінде осы аталарымыздың тізімі бар.

Кенесары қозғалысы саябырлап, оңтүстікке ауғанда, Аққошқар орта жүздің батырларымен Арқада қалады. Ол кезде көтерілістің де тағдыры шешілген заман еді. Кенесары қырғыздың қолына түсіп, кіріптар болған кезде күйзеліп айтқан сөзі мынау: «Әттеген-ай, арқаның батырлары жанымда болса мұндай күйге түсер ме едім». Кенекеңнің есіне қанды-көйлек батыры Аққошқар да түскені анық.

Аққошқармен көтеріліске Кернейден бірге барған аталастарының ішінде Итқара батырдың немересі 22 жастағы Оразбек Ақботаұлы да бар. Оразбек еліміздің бостандығы үшін ұлт-азаттық қозғалыстың бас-аяғына дейін қатысып, кешегі жоңғарға бөрідей шапқан даңқты аталары Көкбөрі Керней, Ес, Балта, Жарылғап, Итқара батырлардың туына дақ түсірмеген. Алдыңғы буын ағалары Аққошқар мен Ағыбай елде қалғанда, ағаларымен кеңесіп, ханымызды қалдырмаймыз деп, Кәрсөннен Тәңірберген батыр, Кернейден Оразбек, Кенесарымен оңтүстікке өтеді. Үйсін, қырғыз жерінде көте­ріліс­шілердің басынан өткен барлық тауқы­метін көтеріп, Алатаудың бөктерінде Кенесары мен Наурызбайдан айырылады.

Тәңірберген Хан Кенемен елден келген арғын сарбаздарына бас болып Қордай өңірінде қалады. Бұлардың ұрпақтары осы уақытқа дейін Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Ауқатты ауылында тұрады. Оразбек болса ханның тірі қалған төлеңгіттерімен бірге Кенесарының есейіп қалған Сыздық деген ұлымен Хиуа хандығына, одан тағдырдың тәлкегімен Қоқанға өтіп, елге оншақты жылдан кейін оралады.

Елге келгенде бабамызды Аққошқар батыр «үзеңгілес сарбазым» деп қарсы алып, алдына мал салып берген. Сұрапыл со­ғыста серігі болған жауынгерін сыйлап, атамыз­дың тұңғышы Аймағамбетке Ақжолтай Ағы­бай батыр да өзінің немересі Нағымды қалың­ малсыз берген. Асылдардың тұяқтары Айма­ғамбет атамызды да, Нағым әжемізді де көре алмадық. Бірақ әкемнің үлкен ағасы Мұсағұл марқұм: «Шешем Ақжолтай атасына тартқан, мысық сияқты, түнде күндіздей көреді, түнгі дәретке шамсыз шығады», деп айтып отыратын.

Оразбек бабамыз руымыздың кесенесі Қарабұлақ жеріндегі Итқара атасының зиратында емес, Шет пен Ағадырдың ортасында, қолбасшысы Аққошқар батыр кесенесінен жиырма шақырым жерде жерленген. Мүмкін, қантөгіс шайқаста ғана емес, арғы дүниеде де бірге болайық деп серттескен шығар…

 

Бекет АЙМАҒАМБЕТОВ,

ішкі істер саласының ардагері,

полиция генерал-майоры