Футбол • 27 Маусым, 2023

ФИФА рейтингі қалай жасалады?

319 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен аптада футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы келесі жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында ФИФА рейтингінде 62-орында тұрған Солтүстік Ирландия құрамасын жеңіп, сенсация жасаған болатын. Жерлестеріміздің осы бір маңызды жеңісінен соң еліміздегі футбол жанкүйерлері Магомед Адиев бастаған жігіттер әлемдік рейтингте ТОП-100 құраманың қатарына қосыла ала ма деген сұрақты кеңінен талқылап жатыр. Осы орайда оқырмандарымызға ФИФА рейтингі қалай жасалатыны, құрамаларға рейтингтік ұпай қалай берілетіні туралы аз-кем мәлімет бере кеткенді жөн көріп отырмыз.

ФИФА рейтингі қалай жасалады?

Штаб-пәтері Швейцарияның Цюрих қаласында орналасқан Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) ұлттық құрамалардың рейтингін 1992 жылдың желтоқсанынан бас­тап жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында ФИФА рейтинг есептеу жүйесіне үш мәрте (1999, 2006 және 2018 жылдары) өзгерістер мен түзетулер енгізді. 2018 жылы қабылданған Эло жүйесіне негізделген ұлттық құрамалардың рейтингі турнирдің маңызы мен матчтың нақты дәрежесіне, сондай-ақ қарсыластардың күшіне байланысты есептеледі.

Яғни енді ұлттық құрамалар әр матч­тан кейін рейтингтегі ұпайларын еселеп арттыра алады және қасықтап жинаған ұпайынан әп-сәтте айырылып қалуы да мүмкін. Егер рейтингте төмен орналасқан команда өзінен жоғары сатыда тұрған азулы команданы жеңетін болса көп, ал мықты ұжым әлсіз құрманы жеңетін болса аз ұпай алады. Сәйкесінше рейтингте алдыңғы орында тұрған құрама өзінен кейінгі құрамадан жеңілетін болса, көп ұпай жоғалтады. Бұл жүйе – мажарстандық-америкалық физик Арпада Эло құрметіне қойылған.

Сонымен қатар кез келген ірі турнирдің топтық кезеңіне қарағанда, плей-офф сатысында жеңіске жеткен құраманың қоржынына көп ұпай қосылады. Бірақ жеңілген командадан ұпай шегерілмейтінін де айта кеткен жөн. Ал ФИФА күнтізбесі аясында жоспарланған жолдастық кездесулерде құрамалар аз ұпай еншілеп, аз ұпайынан айырылады.

ФИФА рейтингі құрамалардың матчтан кейінгі ұпайы, матчқа дейінгі ұпайы және кездесудің маңыздылық индексі бойынша жасалады. Яғни оның формуласы мынадай: ұпай=бұрынғы ұпай+индекс* (жеңіс – күтілетін нәтиже).

Матчтардың индексі былай белгіленген:

05 – ФИФА күнтізбесінен тыс жағдайда өткен жолдастық кездесулер

10 – ФИФА-ның ресми күнтізбесіндегі жолдастық матчтар

15 – Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі ойындар

25 – Ұлттар лигасының плей-офф және финал бәсекелері

25 – әлем чемпионаты және құрлық бірін­ші­ліктерінің (Еуро, Америка кубогі және тағы басқа чемпионаттар) іріктеу матчтары

35 – ширек финалға дейінгі құрлықтық турнирдің матчтары

40 – ширек финалдан басталатын құрлық турнирінің және ФИФА Конфедерациялар кубо­гінің барлық матчтары

50 – ширек финалға дейінгі әлем чемпио­на­ты­ның ойындары

60 – ширек финалдан бастап әлем чемпио­на­тының финалына дейінгі матчтар

Матчтың нәтижесі: жеңіс – 1; тең ойын – 0,5; жеңіліс – 0

Күтілетін нәтиже келесідей есептеледі:
1/(10^(-рейтинг айырмашылығы/600) + 1)

Рейтинг айырмашылығы: А коман­да­сы­ның ұпайлары – В командасының ұпайлары

Енді осы көрсеткіштер арқылы Қазақстан құрамасы Солтүстік Ирландияны жеңгеннен кейін ФИФА рейтингінде қанша ұпай жинап, алдағы рейтингте қай орынға дейін көтерілетінін сараптап көрейік.

Алдымен, құрамалардың рейтингте айырмашылығы есепке алынады. Солтүстік Ирландия (1385,93) – Қазақстан (1177,08) = -208,88. Яғни біз формулада «минус айырмашылығын» қолданамыз. Демек айырмашылық 208,88. Ал ойыннан күтілетін нәтиженің есебі: 1/(10^(208,88/600) + 1). Енді Матчтан кейінгі ұпайды есептеп көрейік: Яғни қазір Қазақстанның ФИФА рейтингіндегі ұпайы 1177 + 25*1/(10^(208,88/600) + 1) = 17,1. Яғни жерлестеріміз Солтүстік Ирландияны жеңгені үшін 17,1 ұпайға ие болды. Ал Сан-Маринодан басым түскені үшін тағы 4.19 ұпай олжалады. Енді осы екі ойында жинаған ұпай санын (21,20) бұған дейінгі ұпайымызға (1177,08) қоссақ, алдағы айда жаңаратын рейтингте 1198,28 ұпаймен 102-орынға жайғасамыз.

 

Эло жүйесінің артықшылығы қандай?

Футбол сарапшыларының айтуынша, қазіргі рейтингті есептейтін жүйе өте қарапайым және бәріне түсінікті. Ал бұрынғы жүйенің есептеуін түсіну қиынырақ дейді. Сондай-ақ ФИФА бұл жүйені ерлер арасындағы құрамаларға енгізгенге дейін, алдымен әйелдер футболында сынап көрген болатын. Сол кезде бұл жүйе бәрінің көңілінен шыққан еді. Сонымен қатар Эло жүйесі тек футболда ғана емес, шахмат және басқа да спорт түрлерінің рейтингтерінде қолданылады.

Бұл жүйенің бұрынғыға қарағанда тағы бір ерекшелігі, әлем, Азия және Еуропа чемпионаттарын өткізуші мемлекеттер құр­лық біріншіліктерінің іріктеуіне қатыс­пай­тындықтан, рейтингте төменгі орындарға сырғып кететін. Ал қазіргі жүйе арқылы ол мемлекеттер жолдастық кездесулер арқылы ұпай жинай алады.

Сонымен қатар енді Эло жүйесінің арқа­сында әлсіз саналған құрамалар рейтингте жоғары орында тұрған командаларды жеңгені үшін жоғары ұпайға ие болады.

Десе де жүйенің кемшіліктері де бар болып шықты. Яғни Африка кубогі, Азия кубогі секілді құрлық турнирлерінде Еуропа чемпио­наты, Америка кубогі сияқты жарыс­тармен бірдей ұпай жинауға болады. Бірақ Африка мен Американы, Еуропа мен Азия құрлық біріншіліктерінің деңгейлерін салыстыруға келмейді. Дегенмен, ФИФА мұны артықшылық деп есептеп отыр.

Бұрынғы рейтинг қалай есептеліп еді? 2018 жылға дейін қолданылып келген рейтингтің ережесі бойынша, құрамалардың рейтингі ең кейінгі төрт жылда көрсеткен нәтижелеріне қарап ортақ ұпайларын шығарып отыратын. Ал төрт жыл бойы бірде-бір ойын өткізбеген құрамалар рейтингтен шығып қалатын. Бұл жүйенің бұдан да басқа көптеген кемшілігі болатын.

Осы орайда, оқырмандарда ұлттық құра­ма­лар­ға рейтинг не үшін керек деген сауал туындауы мүмкін. Мұның жауабы да өте қарапайым: ФИФА бұл рейтингті құрамалардың жеребе себеттерін айқындау үшін қолданады.