Олимпиада күні аясында Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, 2016 жылғы Риода ұйымдастырылған Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит және бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов жас спортшыларға шеберлік сабақтарын өткізді.
«Барша қазақстандықтарды Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтаймын! Осындай іс-шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Жас спортшылардың олимпиадалық спортқа қызығушылық танытып, чемпион болуға ұмтылғанын, еліміздің чемпиондарымен кездескісі келетінін көру – біз үшін үлкен қуаныш. Менің ойымша, өскелең ұрпақ жыл өткен сайын спортқа бет бұрып келе жатқаны да қуантады. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, жас спортшылардың бізден озып, жүзден жүйрік атануы үшін барымызды саламыз! Мереке құтты болсын!», деді Серік Сәпиев.
Сонымен қатар жас спортшылар олимпиадалық спорт түрлеріне арналған викторинаға, «көңілді старттар» эстафетасына қатысып, өз бақтарын сынап көрді. Әрқайсысы өз білімі мен дағдыларын көрсетіп, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің бағалы сыйлықтарын ұтып алды.
«Еліміздің барлық тұрғындарын Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтағым келеді. Олимпиада күні – жыл сайын тойланатын игі дәстүр. Осындай іс-шараларға қатысқан ұлдар мен қыздар чемпион болуды және жеңіс тұғырынан Қазақстан туын желбіретуді армандайды. Өскелең ұрпаққа деген сенімім мол және олардың ата-аналарына баласының таңдауына құрметпен қарағаны үшін ризашылығымды айтқым келеді. Викториналарға белсенді қатысқан балалардың білімге деген құштарлығына тәнтімін. Қазақстанда спорт қарқынды дамып келеді, бұл қуанарлық жағдай!», деді Василий Левит.
Ұлттық Олимпиада комитеті Халықаралық Олимпиада күнін 30 жыл бойы өткізіп келеді.