Теннис • 27 Маусым, 2023

Бубликтің алғашқы белесі

195 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары еліміздің әр жас санатындағы теннисшілері бірқатар халықаралық турнирге қатысып, бірінен соң бірі жеңіс тұғырына көтеріле бастады. Мәселен, жасөспірімдер арасында бақ сынап жүрген Заңғар Нұрланұлы жуырда ғана Еревандағы ITF Juniors J30 турнирінде топ жарса, бірер жыл бұрын ғана ересектер бәсекесіне ауысқан Жібек Құламбаева сәуір айында Түркиядағы ITF жарысында жеңімпаз атанды. Ал күні кеше ерлер арасындағы ел теннисінің көшбасшысы Александр Бублик карьерасында алғаш рет ATP 500 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанып, еліміздегі теннис жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлады.

Бубликтің алғашқы белесі

Германияның Галле қаласында ұйым­дас­тырылған «Terra Wortmann Open» жары­сы­ның финалында Александр Бублик ATP сана­тындағы 17 жарыстың жеңімпазы, Токио Олим­пиадасының чемпионы, әлемнің 7-ракеткасы 25 жастағы ресейлік Андрей Рублевпен бас жүлдені сарапқа салды. Осыған дейін Алек­сандр жеті рет ATP жарыстарының фи­на­­лына шықса да, соның тек біреуінде ғана же­ңіске жеткен болатын. Отандасымыз был­тыр­­ Монпельедегі ATP 250 турнирінде дара шық­­ты. Енді, міне, биыл алғаш рет ATP 500 дең­гейінде финалға шығып, бірінші ұмты­лы­сын­да-ақ чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Андрей Рублевтің есімі барша теннис жанкүйерлерімен қатар, Александр Бубликтің өзіне де жақсы таныс. Бозбала шағынан бастап екеуі теннис спортының әліппесін бірге үйреніп, талай мәрте кортта шеберлік байқасқан. Бір-бірінің қыр-сырын өте жақсы біледі. Ересектер жарысында да олар бүгінге дейін төрт мәрте кездесіп, соның үшеуінде Рублевтің, біреуінде Бубликтің бағы жанған. Кешегі матчтан кейін екі теннисші арасындағы жеке есеп 3:2-ге дейін қысқарды.

Галледегі орталық кортта өткен финалдық матчты Александр «ә» дегеннен брейкпен бас­тап, сол басымдығын бірінші партияның соңына дейін сақтап қалды – 6:3. Екінші партияда есеп 3:2 болған мезетте ресейлік спортшы брейк жасап, 4:2 есебімен алға ұзап кетті. Кейінгі геймдерде Бублик есе қайтаруға тырысқанымен, Рублев тоғызыншы геймде екінші партияны өз пайдасына аяқтады – 6:3. Екі сеттен кейін таразы басы теңескен соң, бар мәселе үшінші партияда шешілді. Бублик соңғы сетті де брейкпен бастады. Екінші геймде отандасымыз үш брейкпойнттың үшіншісін тиімді пайдаланып, 2:0 есебімен ойындағы басымдықты өзіне аударды. Ал допты матчқа қосқан тоғызыншы геймде Бублик үш мәрте қос қателік жасап, қарсыласына брейкпойнт жасауға мүмкіндік беріп қойғанымен, соңғы сәтте ойын тізгінін өз қолына алып, 6:3 есебімен қарсыласын қапы қалдырды. 1 сағат 36 минутқа жалғасқан матчта Бублик 21 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Осылайша, 26 жастағы Александр Бублик өзінің спорттық жолында алғаш рет ATP 500 додасының чемпионы атанды.

Жерлесіміздің тамаша жеңісінен кейін Қазақстан теннис федерациясының пре­зи­­денті Болат Өтемұратов Александр Буб­лик­ті жетістігімен құттықтап, оның табысы­на­ қатысты пікір білдірді. «Александр Буб­ликті теннис мансабындағы кезекті қада­мы­мен – АТР-500-дегі бірінші титулымен құт­тықтаймын. Саша өзі үшін және елімізде тен­нистің дамуы үшін үлкен жеңіске қол жет­кізіп, жас ұрпаққа үлгі көрсетті. Финалға ба­рар жолда мықты қарсыластарды ұтты. Ал фи­нал­да бар күшін салып, әлемнің 7-ракеткасы Андрей Рублевті жеңді. Ерлер құрамасының көш­басшысына жаңа табыстар тілеймін!», деді Б.Өтемұратов.

А.Бублик Галледегі турнирде бірқатар мық­ты теннисшіні жарыс жолынан ығыс­ты­рды. Атап айтар болсақ, бірінші кезеңде ол ATP санатындағы үш турнирдің жеңімпазы және Хорватия құрамасымен бірге Дэвис ку­бо­гін­де топ жарған әлемдік рейтингте 14-орында тұр­ған хорватиялық Борна Чоричті екі сетте 6:3, 6:1 есебімен жеңсе, екінші айналымда гер­маниялық Ян-Леннард Штруффтен басым түсті – 6:3, 6:7, 6:3. Ал ширек финалда әлемнің 8-ракеткасы италиялық Янник Син­нерді (7:5, 2:0), жартылай финалда Токио Олим­пиадасының чемпио­ны, АҚШ ашық чемпионатының финалисі германиялық Александр Зверевті (6:3, 7:5) қапы қалдырып, финалға жолдама алды.

Еліміздің бірінші ракеткасы бұл жеңісінен кейін Кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) дүйсенбі күні жаңартқан рейтингінде 22 сатыға жоғарылап, 48-ден 26-орынға бір-ақ көтерілді. Бұл – Бубликтің әлемдік рейтингтегі жеке рекорды.

Соңғы жаңалықтар