Фестивальдің салтанатты ашылуында «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров оныншы мерейтойлық маусымды атақты фестивальмен қорытындылау – театрдың барлық ұжымы үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.
– Биылғы «Опералияның» ауқымы өте кең. Оның аясында опералық және балеттік қойылымдар, симфониялық концерттер ұсынылады. Фестиваль өтетін күндері көрермендерімізді танымал тұлғалардың қатысуымен опералық және балеттік спектакльдер калейдоскопы, әйгілі композиторлардың ұлттық және шетелдік туындылары енген ауқымды концерттік бағдарламалар, сондай-ақ «Құрманғазы» операсынан симфониялық сюитаның премьерасы күтеді. Біз халықтың рухын көтергіміз келеді, себебі әлемді басқа жағынан аша алатын ғаламат күш тек өнерде ғана бар. Сол үшін бірқатар қайырымдылық акциясын өткіземіз, спектакльдерге аз қамтылған отбасыларды, зейнеткерлерді, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарын шақырдық, – деді Ғалым Ахмедьяров.
Фестивальдің ресми салтанатты ашылуы алдында театр фойесіне келген көрермендер театрландырылған қойылым мен өнер жұлдыздары шеруінің куәсі болды. Қызыл кілеммен опера және балет сахнасының әртістері, атақты режиссерлер, дирижерлер, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова, танымал халықаралық коуч Алла Симонишвили, италиялық суретші Манана Гуния мен басқа да шығармашылық зиялы қауым өкілдері жүріп өтті.
Фестивальдің салтанатты ашылуында залда ине шаншыр орын болмады. Лық толы зал «Астана Опера» мен «Астана Балет» секілді бірден екі шығармашылық ұжымды қарсы алды. Қос ұжым бірігіп заманымыздың біртуар хореографы Иржи Килианның бір актілі спектакльдерінің үштігін ұсынды. Атап айтсақ, бірінші бөлімді «Жолдан тайғандар» балеті ашса, екінші бөлімде елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына «Алты би» мен «Кіші өлім» ұсынылды. Аталған қос қойылым да «Астана Опера» репертуарындағы жаңадан қойылған үздік балеттер қатарында.
– Қалыптасқан театрлық дәстүр бойынша фестивальдер жаңа әрі қызықты дүниемен ашылуға тиіс. Халықаралық фестиваль бағдарламасын құру кезінде бізде үш көріністі, атап айтсақ «Алты биді», «Астана Балет» театрының спектаклі «Жолдан тайғандарды» және біздің театрдың жуырдағы премьерасы «Кіші өлімді» бір балет кешіне біріктіру идеясы туды. Өнерге қызығушылықпен қарайтын, әр жерде көрсетіле бермейтін сирек қойылымдарды тамашалау үшін кейде басқа ел, өзге қалаға баруға мәжбүр болатын көпшілік үш балетті бір уақытта бір театрда тамашалай алады. Фестивальдің ашылуы сонысымен ерекше болды ғой деп ойлаймын, – деді әлемдік сахна жұлдызы, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
«Алты би», «Жолдан тайғандар», «Кіші өлім» деп аталатын айтулы үш спектакль де «ақ-қара» балеттер топтамасына кіреді. Бірінші бөлімді ашып берген «Жолдан тайғандар» балеті Иржи Килианның хореографиясы мен Стивен Райхтың барабанға арналған композициясының бір арнаға тоғысуының үздік үлгісін паш етті. Спектакль сегіз балеринаның таңғалдырарлық шарықтау сәтін қамтиды. Ал қалған екі спектакль екінші бөлімде орындалды. В.А.Моцарттың музыкасына қойылған бұл балеттер де сюжетсіз негізден тұрады. Шебердің осынау кемеңгер жұмыстарын көрермен әрдайым күліп, сонымен бірге көздеріне жас ала отыра тамашалайды. Себебі онда адам өмірінің терең пәлсапасы жатыр.
Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – Astana Opera Халықаралық опера академиясының алғашқы түлектері дайындаған «Алжирдегі италиялық қыз» операсының тұсауы кесіледі.
– Мерейтойлық маусымда тағы бір айтулы оқиға болады. Жуырда Astana Opera Халықаралық опера академиясының алғашқы түлектері қанат қағады. Олар академияда екі жыл білім алды. Осынау аз ғана мерзім ішінде жас әртістер үлкен нәтиже көрсетті, көптеген беделді байқаулардың лауреаттары атанды. Қазақстанның және шетелдің жетекші сахналарында өнер көрсетті. Фестиваль аясында академистер «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасын ұсынады, – деп атап өтті театр директоры Ғ.Ахмедьяров.
Биылғы «Опералия» бағдарламасына Армения, Қазақстан, Италия, Болгария, Моңғолия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан секілді әлемнің 12 елінен шақырылған әртістер мен дирижерлер қатысады. Жалпы, фестивальде 4 гранд-опера көрсетіледі, олар – Дж.Вердидің «Дон Карлосы» мен «Аидасы», Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасы және Дж.Пуччинидің «Турандоты». Әр опера солистердің түрлі құрамымен екі реттен орындалады. Сондай-ақ көпшіліктің назарына ұсынуға 2 балет дайындалды, олар – Р.Ребектің хореографиясында С.Прокофьевтің «Күлбике» қойылымы мен «И.Килианның балет кештері». Бұдан бөлек, көрермендерге 4 концерт ұсынылады. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Президенттік оркестрі халықтық музыка ансамблінің «Серпін» музыкалық кеші, ШЫҰ елдерінен шақырылған солистердің қатысуымен өтетін Гала-опера, «Жыл он екі ай» камералық музыка концерті. Сонымен қатар «Опералияның» және «Астана Операның» Х мерейтойлық маусымының жабылуына орай Симфониялық концерт өтеді. Онда алғаш рет А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанованың «Құрманғазы» операсынан алынған тақырыптарға симфониялық сюита шырқалады.