Мәселенің бәрі жұма күні кешқұрым басталған-ды. «Вагнер» жеке әскери компанияның жетекшісі Евгений Пригожин телеграмдағы арнасында «Әділдік жорығына» шығатынын жариялады. Мұның себебі ретінде ол вагнерліктер лагеріне Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың бұйрығымен қарулы күштер ракеталық шабуыл жасалуын атап өтті. «Вагнер ЖӘК командирлерінің кеңесі шешім қабылдады. Елдің әскери басшылығы жүргізіп отырған зұлымдықты тоқтату керек», деп мәлімдеді Е.Пригожин.
Осыдан кейін вагнерліктердің әскери техникасы Ростов қаласына беттегені хабарланды. Федералды қауіпсіздік қызметі қарулы көтеріліске шақыру бойынша қылмыстық іс қозғап, «заңсыз әрекеттерді дереу тоқтатуды» талап етті. Ресей Бас прокуратурасы бүлік ұйымдастырғаны үшін 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар екенін ескертті.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Президент Путин оқиғадан хабардар екенін жеткізді. Содан кейін Мәскеу, Ростов және Белгородта арнайы қауіпсіздік шаралары қабылданды. Мәселен, «Крепость» жоспары жарияланды. Ішкі істер министрлігі, Федералды қауіпсіздік қызметі және Федералды жазаны атқару қызметінің маңызды нысандары ерекше қорғауға алынды. Ростовтан бастап Мәскеуге дейінгі бірнеше қалаға әскери техника кіргізілді. Мәскеуге баратын үлкен трассаның бойына арнайы бөгеттер орнатылды.
«Вагнер жауынгерлерін орны толмас қателік жасамауға, орыс халқына қарсы кез келген зорлық-зомбылық әрекетін тоқтатуға, Пригожиннің қылмыстық және сатқындық бұйрығын орындамауға, оны ұстауға шақырамыз», деп мәлімдеді Федералды қауіпсіздік қызметі.
Сондай-ақ Ростовқа беттеген «Вагнер» колоннасына Қорғаныс министрлігіне тиесілі әскер тікұшақтан оқ жаудырғаны туралы хабар тарады. Қақтығыс кезінде жалдамалы әскерилер бірнеше тікұшақты, сонымен қатар бір ұшақты атып құлатқаны айтылады. Сарапшылардың айтуынша, Қорғаныс министрлігі тарапынан шамамен 20-ға жуық жауынгер қаза тапқан. Бұдан бөлек, Ростовтағы жанармай қоймасы да отқа оранды.
Вагнерліктер Ростовқа кіргеннен кейін қаладағы бірқатар маңызды әскери нысанды бақылауына алды. Е.Пригожинді жақтайтын бірнеше телеграм канал әскерилер көтерілісшілерге қарсылық көрсетпегенін, құшақ жая қарсы алғанын хабарлады. Мәскеу қаласы, Мәскеу облысы, Воронеж облысында терроризмге қарсы іс-қимыл операциясы жарияланды.
Осы оқиғадан кейін Ресей президенті Владимир Путин төтенше үндеу жасап, вагнерліктердің әрекетін терроризмге балады. Кремль басшысы өз сөзін «орыстарға, әскерилер мен құқық қорғау органдарына, алаяқтық пен қоқан-лоққымен қарулы көтеріліс жолына түскендерге» үндейтінін атап өтті. «Әдейі сатқындық жолына түскен, қарулы бүлік дайындап, бүлік жасаған және лаңкестік әдісті қолданғандардың барлығы сөзсіз жазаға тартылады, заң алдында және халқымыздың алдында жауап береді», деді Ресей президенті.
Ол жалдамалы жасақтың әрекетін «ту сыртынан пышақ сілтеген» сатқындыққа теңеп, жағдайды 1917 жылғы қазандағы оқиғамен салыстырды. «Біз оның қайталануына жол бермейміз, халқымызды да, мемлекеттігімізді де кез келген қауіп-қатерден қорғаймыз», деді В.Путин.
Сонымен қатар Кремль басшысы бірқатар мемлекеттің президенттерімен телефон арқылы сөйлесті. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен тілдесіп, сол елдегі ахуал туралы әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір болып жатқан оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екенін атап өтті. Конституциялық тәртіп пен заң үстемдігі – елдегі құқықтық тәртіпті сақтаудың басты шарты. Бұл – қоғамның қауіпсіздігі мен оның табысты дамуының негізі екенін жеткізді. Владимир Путин Ресей Федерациясындағы қалыптасқан жағдайға Қазақстанның түсіністік танытқаны үшін алғыс айтты.
Бұдан кейін Ресейдің көптеген қоғам және мемлекет қайраткері елді, әсіресе жалдамалы жасақ өкілдерін сабырға шақырды. Алайда Е.Пригожин тоқтамайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде вагнерліктер Мәскеуге қарай беттегені туралы ақпарат тарады.
Санкт-Петербург қаласында «Вагнер» ұйымының офисіне тінту жүргізіліп, ғимарат маңынан мол көлемде ақша тиелген жүк көлігі, алтын құймалар, Евгений Пригожинге тиесілі делінетін бірнеше жалған құжат тәркіленді. «Reuters» агенттігі ұйымның негізін қалаушылардың бірі Дмитрий Уткин бастаған 5 мыңға жуық жалдамалы сарбаз мінген «Вагнер» колоннасы Мәскеудің шетіне жақындап қалғанын хабарлады. Осылайша, бүкіл әлем Ресейдегі ахуал қалай өзгеретінін асыға күтіп отырғанда, Е.Пригожин телеграмда кезекті аудиосын жариялады. Онда ұйым басшысы колонна «Мәскеуге жетпей, бір күнде 200 шақырым жол жүріп өткенін», осы уақыт ішінде «жауынгерлердің бір тамшы да қанын төкпегенін» айтқан. Сонымен қатар жағдайды ушықтырмау үшін «Вагнер» әскері кері қайтатынын атап өтті.
Көп ұзамай-ақ Беларусь президенті Александр Лукашенконың баспасөз қызметі арнайы мәлімдеме таратып, Пригожинмен келісім жасалғанын хабарлады. «Күні бойына созылған келіссөздер нәтижесінде Евгений Пригожин Александр Лукашенконың Ресей аумағында «Вагнер» жасағының қозғалысын тоқтату және шиеленісті азайту, одан әрі шаралар қабылдау туралы ұсынысын қабылдады», делінген. Сондай-ақ мәлімдемеде жалдамалы жасаққа тағылған бүкіл айып алынатыны, ал Е.Пригожин Беларуське баратыны айтылды.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Евгений Пригожинге қатысты қылмыстық іс тоқтатылатынын мәлімдеген. Ал «Вагнер» басшысы Беларуське кететінін хабарлады. «Пригожиннің Беларуське кете алатынына Ресей президентінің сөзі кепіл», деді Д.Песков.
Бұдан кейін бірқатар қалада әскери нысанды күзетіп тұрған «Вагнер» жалдамалы жасағының жауынгерлері әскери техникасына мініп, кете бастады. Сонымен қатар жарияланған әскери жағдай алынып тасталды.