Семинардың алғашқы күні қатысушылар облыстық жастар денсаулығы орталығы жұмысымен танысып, медициналық орталық ғимаратында пленарлық отырысқа қатысты. Жастар денсаулығын сақтау желілерін дамытуды талқылаған отырыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов мәселені ашық талқылап, ұсыныстар айтуға шақырды.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева елімізде жастар денсаулығы орталықтары 5-6 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Бірақ осы орталықтар мәселесін талқылайтын семинар алғаш рет өткізіліп отыр. Осы жылы жастарға медициналық көмек көрсету стандарттары белгіленіп, қызмет аясы кеңейе түсті. Ашылғалы бері атқарылған жұмыстар орталықтың тиімділігі мен маңызын дәлелдеді. Дегенмен де жастар саулығын сақтаудағы қадау-қадау мәселелермен айналысатын осы орталықтарды қаржыландыру, оларды цифрландыру әлі толық шешімін тапқан жоқ.
«Бүгінгі семинар тәжірибе алмасып, салмақты мәселелер төңірегінде пікір алмасудың үлкен мүмкіндігі деп білеміз. Алда жұмысы жолға қойылған орталықтар жұмысын осылайша таныстырамыз», деді ол.
Семинарда республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Қуаныш Алтынбеков балалар мен жастар саулығын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Өткен жылы еліміз бойынша 14-34 жастағылар арасынан 1943 адам алғаш рет психикалық бұзушылықпен тіркелген. Ал психоактивті заттарды пайдалану әсерінен осындай диагноз қойылғандар саны 3630 адам. Жастар және менталды денсаулық тақырыбында баяндама жасаған маманның айтуынша қоғамдағы нашақорлық пен ойынқұмарлық өскелең ұрпақтың психикалық саулығына қатты әсер етіп отыр. Сондықтан оларға көмек көрсетудің қазіргі әдісін өзгерткеніміз жөн.
Семинарға БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қорының сексуалдық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Серік Тәңірбергенов онлайн қатысып, жастарға қолайлы қызмет көрсетудегі халықаралық тәсілдер, осы бағыттағы еліміздегі тәжірибе жайлы баяндады.
Екі күнге созылған семинарда мамандар суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, қыздардың репродуктивті денсаулығы, жастар денсаулығы орталықтарының білім беру ұйымдарымен байланысындағы ерекшеліктер бойынша пікір алмасып, ұсыныстар айтылды.
Қызылорда