Медицина • 28 Маусым, 2023

Күткен қадам

250 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Заманауи медицина әлі де церебралды сал ауруымен дү­ниеге келген балаларды толық емдеп жазуға қауқарсыз. Әйтсе де, орталық жүйке жүйесіндегі кінәратты сапалы оңалту мен баланың өз бетінше жүріп-тұру қабілетін дамыту арқылы реттеуге болады.

Күткен қадам

 

Қалай десек те, балалар ара­сындағы мүгедектік мәселесі өзектілігін жоймақ емес. Нақ­ты деректерге сүйенсек, қазір елімізде 98,2 мыңнан астам мү­гедек бала болса, оның 19 мың­­нан астамына цереб­ралды сал ауруы диагнозы қо­йылған. Ал Алматыда осы дертке  шал­дыққан балаларды емдеу қалай жүріп жатыр?

Алдымен церебралды сал ауруына душар болған балаларды оңалту МӘМС пакетіне кіретінін айта кету керек. 2020 жылдан бері оңалту жә­не денсаулықты қалпына кел­тіруге бағытталған ем-шара­лар міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру арқылы қаржыландырылады.

«Қазақстанда 18 жасқа де­йінгі балалар медициналық кө­­мекті тегін пайдаланады жә­не мемлекет тарапынан сақ­тан­ды­рылған. Мысалы, осы жылдың 4 айында оңтүстік аста­­нада балаларға 4,5 мың­нан астам реабилитациялық ем-ша­ра жүр­гізілді. Оған қор тара­пынан 915,7 млн теңгеге жуық қар­жы төленді. Ал 2023 жыл соңы­на дейін қор тағы да осындай ­15 мың ем-шараға 3,2 млрд теңге төлемек», деді МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

Бір қуанарлығы, қаржы кө­лемі артқан соң реабилитация профилі бойынша ма­ман­дан­дырылған қызмет көрсете­тін клиникалар мен орталықтар да көбейді. Солардың арасында «АРДИ» мүгедек балалар ата-аналары қауымдастығы» да бар. Орталық церебралды сал ауруына шалдыққан ба­ла­ларды, сондай-ақ жүйке жүйесі зақымданған кішкентай па­циенттерді оңалтудың 3-ке­зеңі бойынша қабылдайды.

Мәселен, өткен жылы АРДИ орталығында 800-ден ас­там бала МӘМС арқылы ме­ди­циналық оңалтудан өт­кен. Емделіп, аяққа тұрған ба­ла­­лардың ішінде 25-і жалпы бі­лім беретін мектептер мен бала­бақшаларға барған.

«АРДИ» мүгедек балалар ата-аналары қауымдастығы 1991 жылы бір топ бастама­шыл ата-аналар тарапынан құрыл­ған. Содан бері қауымдастық мүм­кіндігі шектеулі перзент тәрбие­леп отырған 745 отбасына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. 2004 жылы дербес оңал­ту орталығы болып құрыл­­ған қауымдастық 19 жылдан бері церебралды сал ауруымен ауы­ратын балаларды кешенді оңалтудан өткізіп ке­ле­ді.

«Біздің орталық мамандары ерекше күтімді қажет ететін балаларды физикалық реабилитациядан өткізіп қана қоймай, психологиялық-пе­да­гогика­лық тұрғыдан дамытуды мақсат ете­ді. Мульти­дисциплинар­лық команда құ­рамында нев­ролог, педиатр, реа­билитолог, психотерапевт, емдік дене шы­нықтыру маманы, массажист, ортопед, пси­холог, эрготерапевт, дефек­толог, логопед, әлеуметтік қыз­­меткер сынды мамандар еңбек етеді. Осындай маман­дар­дың көмегімен бала­ларға да, ата-аналарға да көмек көр­се­туге тырысамыз»,  дейді ор­та­лықтың бас дәрігері Айсұлу Қожанова.

Орталықта эрготерапия бө­лімшесі, Монтессори ка­би­­­неті, қараңғы және жа­рық сен­сорлық бөлме бар. Кине­зио­терапия және механотерапия залдары баланың жү­ріп-тұру, қасық, қалам сынды ұсақ зат­тарды ұстау дағдысын қа­лып­тастыруға арналған за­манауи қондырғылармен жаб­дықталған.

«Басты мақсатымыз – бала­ларға мейлінше ерте жаста кө­­мек көрсету. Науқасқа шал­дық­қан балдырғанды бізге 1 жас­­­­­қа тола салысымен алып ке­­­луге болады. Өйткені ем-домды ба­рынша ерте бастаса, кешенді іс-шаралар арқылы баланың жасына сай, үйлесімді дамуына шипалы болады», дейді маман.

«Біздің мамандар орта­лық­қа емделуге келген балаға ­ба­сымдық береді. Ең алды­мен, қи­мыл-қозғалыс аппараты тиі­сінше дамымаған балаға ден қоямыз. Мамандар командасы науқасты кешенді дамыту үдерісін бастайды. Міндетті түрде оның отбасымен жұмыс істейміз. Оқытамыз, үйде баланы дамытуға қажетті жағдай жасау жолдарын үйретеміз. Со­­нымен қатар оның қоршаған ортасына көңіл бөлеміз, себебі бұл балаға, оның өмір сапасына әсер етпей қоймайтын факторлардың бірі», дейді орталық қызметкерлері.

Сол сияқты АРДИ қауым­дастығы базасында арнайы оқу-ресурстық орталығы жұ­мыс істейді. Онда шетелдің білікті мамандары ерекше балаларды оңалту тақырыбында семинарлар мен тренингтер өткізіп тұрады.

Орайы келіп тұрғанда ор­та­лық әлеуметтік бағдар ұс­та­­натынын, балалар­ды МӘМС пен қала әкім­дігі­нің әлеумет­тік қорғау бағ­дар­ламалары не­­гізінде емдейтінін еске сала кетуге болады.

 

АЛМАТЫ