Қоғам • 28 Маусым, 2023

Майталман

284 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған Сатыбалды Сәуірбайұлының ұлттық журналистиканың дамуына қосқан үлесі зор. Өңір тынысын басылым беттерінде зерделеген баспасөз майталманының өмір жолы кейінгі буынға өнеге.

Майталман

 

Сатыбалды Сәуірбайұлының бо­йында жазуға құштарлық мектепте оқып жүргенде оянып, Ойыл аудандық газетіне шағын мақала, хабар, өлең жіберіп тұрған. Сол уақытта Ойылмен қабырғалас жатқан Атыраудың Қызылқоғасынан аудандық газет редакторы Төлеубай Ысқақов Қараойға жиі келіп тұрған. Ауыл мектебінің оқушыларымен жиі кездесу өткізіп, әдебиет, мәдениет, адамдар туралы ғибратты әңгімелер айтқан ол кісінің әңгімесі зерделі жастардың кітап оқуға, жазуға деген құштарлығын оятқан. Сатыбалды Қараой орта мектебін бітірген соң ауылда трактор айдап бірер жыл жұмыс істеп, одан кеңес әскеріне шақырылған. Әскерден оралған бойы Алматыға аттанып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырды. Ол заманда мектептен соң еңбекке араласып, одан әскери борышын өтеп оралған жігіттерге журналистика факультетіне оқуға түсу мүмкіндігі жоғарырақ болды. Оған қоса «журналист болу ер адамның ісі, қыздарға онда орын жоқ» деген жазылмаған қағида үстемдік етіп тұрғаны тағы бар.

Сатыбалды аға журналистика­ фа­куль­­тетінің деканы Темірбек Қожакеев, оқытушылары Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Қабижан Құсайынов, Әбілфайыз Ыдырысовтың тәрбиесін көрді, өнегесін алды, дәрістерін құлағына сіңірді. Оның бойындағы әншілік өнері университет қабырғасында жарқырай көрінді. Сатыбалды университет қабырғасында дәулескер күйші Сәдуақас Балмағамбетов жетекшілік еткен оркестр құрамында талай рет Алматыдағы жоғары оқу орындары арасындағы мәдени іс-шараларда үкілі домбырасымен ән шырқап, күй тартты. Студент кездегі жолдастары Сатыбалды Сәуірбайұлының орындауындағы «Ойыл қайда, Жем қайда...» әнін әлі де сағынады.

Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген бойы туған жеріне оралып, облыстық «Коммунизм жолы» газетіне тілші болып орналасты. Басылымның сол кездегі бас редакторы Нұрқайыр Телеуов талай жастың бағын ашқан басшы еді. Алғаш қызмет еткен жылдарын Сатыбалды ағай былай деп еске алады: «Бұрын газетте істеп көрмегендіктен жұмысқа бірден төселіп кете қойған жоқпын. Алайда редакцияда еңбек ететін журналистердің қамқорлығы, олардың ағалық кеңестері ұжымға сіңісіп кетуіме себеп болды. «Коммунизм жолында» еңбек еткен аға-апаларымыздың қай-қайсысы да кеңінен ойлайтын кесек мінезді адамдар еді. Мен әсіресе Кәдірбай Бекмағамбетов пен Төлеміс Меңдіғалиевтің өнегесін көп көрдім. Екеуі де журналистиканың нағыз еңбек торылары десем артық айтқандық болмас. Күнделікті шығатын газеттің қауырт жұмысы көп, газеттің әр санында осы кісілердің мақалалары жарияланып тұратын. Мен Идош Асқар, Төребек Досқалиев, Ұзақбай Төлебаев, Амангелді Смағұлов, Аманқос Орынғалиев, Амангелді Мектепбай, өз қатарластарым Серікқали Байменшин, Ертай Ашықбаев, Нұрмұханбет Дияровпен бірге еңбек еткен жылдарды сағына еске аламын. Өмірден озған Зейнолла Құлжанов, Сағынбай Сембаев, Сексенбай Күлімбетов, Әмір Оралбай, Қонай Әлжанов сынды әріптестердің де басылымға қосқан үлесі зор дер едім».

Қазақ баспасөзінің міндеті – қай заманда да елдің есті сөзін айтып, қоғамдық пікір қалыптастыру, ұлтты ұлы міндет жолында ұйыстыру. Уақыт желі қай бағыттан соқса да, қазақ баспасөзінің елдің идеологиясын қалыптастыруда арқалаған жүгі тым ауыр. Ол замандағы қазақ баспасөзінің негізгі тақырыбы – еңбек адамы болатын. Осы тақырыпты індетіп жазу үшін Сатыбалды Сәуірбайұлы Ақтөбе облысындағы барлық елді мекенді аралап шыққан. Мал төлдету, егін егіп, өнім жинау науқанында ауылдарда жұмыс қатты қызады. Тілшілерге кеңестік шаруашылықтың жоспар орындау науқанында аянбай еңбек етіп жатқан еңбеккердің бейнесін сомдау тапсырмасы жиі түседі. Аумағы өте үлкен, аудандары арасындағы жол қатынасы өте нашар, қысы өте қатал, жазы аптап ыстық облыстағы жалғыз қазақ басылымы өңірдің бүкіл тыныс-тіршілігін қамтуға тиіс. Мұндай кезде тілші күндіз-түні тыным таппайды. Сатыбалды Сәуірбайұлы бірде шаңдатып бара жатқан автобусқа, не жолшыбай өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, мініп жүре береді. Еңбек адамы туралы жақсы мақала еңбеккердің жанында жүріп, өзімен емен-жарқын әңгімелескенде ғана шығады. Ол осылайша облыстық «Коммунизм жолы» газетінде шыңдалды. Ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін қозғаған сан алуан тақырыптағы мақалалары, мамандармен сұхбаты оқырманның назарын аударды.

Облыстық басылымда 28 жыл табан аудармай еңбек еткен соң ол еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі қызметіне кірісті. Республикалық басылымның қалпы басқа, шұғыл тапсырмасы көп. Меншікті тілші өңірдің барлық тыныс-тіршілігін қамтып, кей мәселелерге кеңірек қарап, тереңірек бағдарлауы керек. Бұл жұмыста да жаңа қырынан танылды. Өңірдің экономикалық тынысы, әлеуметтік саласы, жаңадан ашылып жатқан өндірісі, инфрақұрылымдар жайы, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы, еңбек адамының бейнесі туралы қалам тербеді. Осылайша, Сатыбалды Сәуірбайұлы ұлттық журналистикада кейінгі жастарға үлгі боларлық, өнеге аларлық қолтаңбасы бар.

 

Ақтөбе облысы