Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медиа саласы өкілдерінің бəсекеге қабілетін арттыру мəселесіне айрықша көңіл бөліп, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда идеологияға қатысты біраз маңызды мəселені атап көрсеткен еді. Соның ішінде ақпарат саласына ерекше тоқталды.
«Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет», деді Президент.
Күні кеше Мемлекет басшысы БАҚ саласындағы Президент сыйлықтарын, гранттарын және Алғысын салтанатты түрде табыстады. Жиын барысында медиа саласының жаңа міндеттерін атап өтті.
Президенттің пікірінше, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс. Сондай-ақ бұл келісім ашықтық, сенім және адалдық қағидаларына негізделуі қажет екеніне екпін берді. Әр азамат, әр маман өз ісіне адал болса, сонда ғана қоғамның сенімі артады. Ал сенім мен адалдық – әділетті қоғамның басты құндылықтары.
«Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда басты рөл атқаруы қажет. Масс-медианың ақпарат кеңістігінде озық идеялар мен көзқарастарды ілгерілетуде мүмкіндігі мол. Сондықтан журналистердің қоғамда еңбек пен кәсібилік культінің орнығуына, азаматтардың бойында өз елінің тағдырына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға атсалысуы маңызды», деді Қ.Тоқаев.
Президент азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі Әділетті Қазақстанның айқын көрінісі екеніне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде қаламын қаруына айналдырған тілшілер аз емес. Кейде олардың жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жатады. Ондай тілшілерді адал азаматтар десек, артық болмайды.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы кәсіби мереке бұрынғыдан оқ бойы озық тұр десек қателеспейміз. Журналистер күні қарсаңында медиа саласының бір топ қызметкері мемлекет қолдауымен баспаналы болды. Осылайша, Мемлекет басшысының атынан Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында 65 пәтердің кілті табысталды. Марапатталғандардың қатарында журналистер, режиссерлер, монтажерлер, операторлар және басқа да мамандық иелері бар.
Кəсіби мереке қарсаңында баспаналы болған БАҚ өкілдерінің қатарында «Қазақ газеттері» ЖШС-ның 3 қызметкері бар. Әріптестеріміз – «Egemen Qazaqstan» газеті Мəдениет жəне əдебиет бөлімінің меңгерушісі Жолдыбай Базар, редакция қызметкері Риза Абай, «Казахстанская правда» газетінің журналисі Лаура Түсіпбековаға пәтер бұйырды.
Сондай-ақ биыл тағы бір әріптесіміз, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Галина Вологодская Мемлекет басшысының БАҚ саласындағы сыйлығын иеленді.
Бұдан бөлек, Парламент Сенатының «Парасат» байқауында «Үздік талдамалық материалы» үшін «Egemen Qazaqstan» газеті саясат және құқық бөлімінің меңгерушісі Қалмаханбет Мұқаметқали топ жарды.
Сонымен қатар «Amanat» партиясы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасындағы «Amanat» – 2023 Медиа сыйлығын» табыстады. Жеңімпаздар қатарында «Egemen Qazaqstan» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Байқал Байəділ де бар. Әріптесіміз Мағжан Жұмабаев атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері атанды. Сондай-ақ Байқал Байəділ Ақмола облыстық «Алтын қалам» байқауының жүлдесін қанжығасына байлады.
Ұлытау облысы әкімінің бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне арналған «Ular» сыйлығының «Ұлытау облысы журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымында әріптесіміз Абдолла Дастан жеңіске жетті. Ол «Egemen Qazaqstan» газетінің Ұлытау облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарады. Сондай-ақ газеттің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Мерей Қайнарұлы облыс әкімінің сыйлығына ие болса, Абай облысындағы тілшіміз Сәтжан Қасымжанұлы Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілші Жақсыбай Самрат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Айтпақшы, «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Бану Әділжан, ғылым және білім бөлімінің аға тілшісі Азамат Есенжол, редакция қызметкері Бақытжамал Қайыпжанова, басылымның Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.
Осы орайда Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі күшті болса, сол елдің болашағы мықты» деген сөзі ойға оралады. Медиа саласының күш-қуаты қайтсе артады? Әлбетте, жеткілікті деңгейде қолдау тауып, қаржылық тұрғыдан қиындық көрмегенде мұндай жағдай орнайды. Ендеше, мемлекет тарапынан журналистерге көрсетіліп жатқан түрлі деңгейдегі марапаттар мен сыйлықтар «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» қауымның шабытын шыңдап қана қоймай, әлеуметтік мәселесін шешуге де мол үлес қосады.
Көп адам Қазақстан медиа кеңістігін Батыспен салыстырып жататыны бар. Сөйтіп, дамыған елде билік журналиске сыйлық бермейді деп елімізде қалыптасқан дәстүрді сынға алады. Бірақ бұл еліміздегі журналистиканың ахуалын түсінбеуден туған ұшқыр ой десек қателеспейміз. Өйткені қазақстандық, әсіресе қазақ тілді журналистер аудиториясының ауқымы кең емес. Сол себепті батыстағыдай тек жарнамамен күнелтетіндей мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, халық саны Қазақстанмен шамалас, ресми һәм мемлекеттік тілінің таралу ауқымы ұқсас елдерде билік тарапынан медиа саласына көптеген қолдау көрсетіледі.