Соның арқасында ел мұсылмандары мен өзге де дін өкілдері өз наным-сенімдерін еркін ұстанып, құлшылықтарын ешкімге жалтақтамай-ақ жасауға мүмкіндік алды. Қазақ бағзы заманнан бес парызын тәрк етпеген жұрт. Азаттықтың ақ таңымен имандылық жолына қайта қауышқан халқымыз бес уақыт намазын мешітте оқып, Рамазанда оразасын ұстап, қажылық парызын Мекке-Мәдинада өтеп қайтатын бақытты күндерге жетті.
2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда исламның ханафи мәзһабы мен христиандық провославиенің қазақ жеріндегі тарихи рөлі айрықша аталғаны белгілі. Өйткені ел халқының 90 пайыздан астамын осы екі діннің өкілдері құрайды. Соның ішінде ислам дінің тарихы тым тереңде. Дәстүрлі дініміз жергілікті халықтың салт-санасына сіңісіп, әдет-ғұрпының өзегіне айналған. Соны ескерген ел басшылары 2005 жылы «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» заңға өзгерістер енгізіп, мұсылмандық Құрбан айт пен православиелік Рождествоны демалыс күні деп жариялады.
Ислам дінінде екі мереке бар. Соның бірі – Рамазаннан кейін 70 күн өткен соң атап өтілетін Құрбан айт. Төрт күн тойланатын бұл мерекенің алғашқы күні айт намазы оқылса, одан кейінгі барлық жасалатын амалдар ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты, өзара көмек пен сүйіспеншілікті арттыратын сауапты істерден тұрады. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен болатын.
«Асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын бекемдеп, рухани құндылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі мұсылман әлемінде алатын орны ерекше. Тарихымызбен тамырлас, танымымызбен өзектес Құрбан айт Қазақстан халқын бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейді. Имандылық пен парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімді дәріптеп, жақсылыққа жол ашады. Қазіргідей күрделі кезеңде бір-бірімізге қол ұшын беріп, барымызды бөлісіп, жұртымыздың аман-саулығын ойлап, жауапкершілік танытуымыз аса маңызды. Тілегіміз бір, ниетіміз ортақ болса, мақсатымызға жетеміз. Бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын бұл мерекенің мән-мағынасы да осында екенін баса айтқым келеді», деген болатын Мемлекет басшысы.
Президент айтқандай, «жақсылыққа жол ашатын» мерекенің ең айшықты көрінісі – құрбандық малын шалып, оның етін жоқ-жітіктерге үлестіру. Бұл, шын мәнінде, қолында барды жағдайы төмен жандарға қарайласуға шақыратын мейірім дінінің шын бет-келбеті болса керек. Соның арқасында сансыз сауап арқалаған адамның Жаратушыға бір табан жақындауын білдірсе керек. Өйткені «Құрбан» деген сөздің өзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны береді. Яғни Аллаға, оның разылығына жақындау.
Ислам дәстүрі бойынша бұл күні мүмкіншілігі бар мұсылманның бір қой болса да құрбандық шалуы – уәжіп. «Уәжіп» – міндет деген сөз. Үй жануарларының ішінде төрт түрлі мал ғана құрбандыққа жарамды. Олар – түйе, сиыр, қой және ешкі. Дегенмен Құрбан айт мейрамы тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Бұл мерекенің сыртқы формасына қатысты амал болса, оның рухани құндылықтары да шаш-етектен. Мәселен, ренжіскен адамдар болса, татуласу, көптен көріспеген туған-туыс, дос-жаранның үйіне айттап бару, отбасы мүшелерін қуанышқа бөлеп, сый-сияпат жасау, араздасып қалған ерлі-зайыптылардың арасын жарастыру – мұның бәрі де айт күндері жасалатын ізгі амалдар. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау» деген емес пе?
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Халқымыз «Бота алғанша, бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан» дейді.
Құран кәрімде «Құрбанның етін өздерің жеңдер, әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» деген аят бар. Демек, бұл күндері құрбандық шалған адам оның етінің бір бөлігін өзіне қалдыруына болады. Жалпы, дін мамандарының айтуынша, құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – ұнамды амал. Бір бөлігі – туған-туыс пен көршілеріне, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ егер қаласа, шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да рұқсат. Ал құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда етті түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
Осы жерде қарап отырсақ, бір ғана амалдың арқасында туған-туыс және көршілермен де, айналаңдағы мұқтаж жандармен де, өз отбасыңмен де арадағы сүйіспеншіліктің артуына жол ашып отырған асыл дініміздің даналығына бас иесің. «Ет дегенде бет бар ма» дейтін қазақ емеспіз бе? Үйіне біреу ет әкеліп тұрса, қай қазақтың да көңілі жібіп, мәз-майрам болып қалатыны белгілі. Ендеше, Құрбан айтты нағыз қазақтың жанына жақын мереке десек, артық айтқандық емес...
Шынтуайтында, бұл мереке – мұсылмандардың бақытты өмір кешуіне септігін тигізетін рухани іс-шара. Құрбан шалған адамның көңіліне иман шуағы еніп, жүрегі тыныштық табады. Яғни сауапты амал істегеніне шүкір етеді. Осылайша, құрбан шалу қазақ қоғамының бақытты өмір сүруіне өз септігін тигізеді. Бұл күні мұсылмандардың жүрегінде достық, бауырмашылдық, сүйіспеншілік, өзара құрмет, шер бөлісу, бір-біріне қол ұшын беру секілді сезімдері атқақтап тұрады. Бұл күні жек көрушілік сезім суалып, өшпенділіктің мұзы ериді. Жаратушы ризашылығы үшін шалынған құрбанның сауабы жүректерге жиналып қалған кір-қоқыс пен көңілдегі пендешілік қоқтықтарын жуып шайып, оның орнына имани гүл бүршік жарады.