Қазақстан • 28 Маусым, 2023

Апталық жедел кеңес

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қызылорда облысында сауда және интеграция және ауыл шаруашылығы вице-министрлері, өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, еліміздің барлық өңірі әкімдерінің орынбасарлары мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары төрағаларының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар тауарлар баға­сын реттеу мәселелері бойынша апта сайынғы жедел кеңес өткізді.

Апталық жедел кеңес

Онда бағаны тұрақтандыру, тіркелген бағаларды белгілеу және экспортқа бағытталған компанияларды қолдау мақ­­сатында ауыл шаруашылығы та­уарын өндірушілерді форвардтық қар­­жыландыру алгоритмдері талқы­ланды.

«Елімізде осымен екі апта қата­ры­нан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріндегі баға өсімі тіркелген жоқ. «Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы тұтыну бағаларының индексі 4,3%-ды құрады, бұл жақсы көрсеткішті жарты жылдықтың соңына дейін сақтау қажет. Баға тұрақтылығына ӘМАТ тобы­ның неғұрлым проблемалы тауарлары бо­йынша мақсатты жұмыс арқылы қол жеткізілді», деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев.

Оның айтуынша, кейбір өңір­лерде дефляция және ҰӘҚҚ баға индексінің төмендеуі байқалады. Қазіргі уақытта әкімдіктер мен ӘКК арасында жасалған келісімдерге талдау жүргізіліп келеді, оларды бағаны тұрақтандырудың жаңа алгоритміне тарту үшін неғұрлым белсенді, әлеуметтік бағдарланған өндірушілер анықталып отыр. Баға индексінің ең жоғары өсімді тудыратын тауарлары: сиыр еті мен жұмыртқаға – Сауда және интеграция министрлігінде «айналым схемасы» шеңберінде өндірушілерге несие беру тетігі әзірленді. Көлем қорлары тек өндірушілермен шарт­тарға қол қою арқылы – сатып алу бағасына да, бөлшек сауда бағасына да шарттың бүкіл қол­данылу мерзіміне бағаны белгілеу шартымен жүзеге асырылуы керек.

Ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Ербол Тасжүреков күзгі-қысқы кезеңге арналған өнімдердің өңірлік тұрақтандыру қорларының резервтерін қалыптастыру жөнін­дегі жұмыстың нәтижелерін баяндады. Тұрақтандыру қорларында көлемі 94,5 мың тонна күзгі картоп, 27,4 мың тонна сәбіз, 27,7 мың тонна пияз, 19,1 мың тонна қы­рыққабат жеткізуге шарттар жа­салды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, форвардтық шарттар жасасуға мүмкіндік беру үшін ӘМАТ тізімі кеңейтілді, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, ұн және қант өндірісіне форвардтық қаржыландыру енгізілді.

«Форвардтық қаржыланды­рудың алдын ала сомасы 18,7 млрд тең­гені құрайды. ӘКК шоттарында осы мақсаттарға бағыт­талуы мүмкін 35,6 млрд теңге бар. Бағ­дарламаға тауар өн­­ді­рушілерді көбірек тарту жә­не делдалдарды шеттету үшін қаржыландырудың 70%-ы тіке­лей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіп­орындарына бөлінетін болады»,  деп атап өтті Ербол Тас­жүреков.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіп­керлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде заманауи форматта сауда нысандарын салу, кеңейту, жаңғырту жобалары бо­йынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көзделген. Алайда, бүгінгі күнге дейін бизнестен осы мақсаттарға мемлекеттік қолдау алуға бірде-бір өтінім түскен жоқ.

Бұл ретте 2023 жылға 15 базарды­ жаңғырту жоспарланған: Алматы қала­сында – 6, Шымкент қаласында – 1, Жам­был облысында – 2 және Түркістан облысында – 6. Қазіргі таңда өңірлердегі жаңғырту жұмыстары Жол картасында белгіленген мерзімнен артта қалып отыр.

«QazTrade» АҚ атқарушы директоры Рустам Асулбек Қызылорда облысының экспорттық әлеуетін дамыту туралы айтты.

2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы өңделген өнім айналымы 323 млн долларға жетіп, оның 143 млн доллары экспортқа шығарылды.

«Бүгінде біздің міндетіміз – Қызыл­орда облысындағы шағын және орта бизнес өкілдерінің экспорттық мүм­кіндіктерін арттыру. Мұнда 67 мың­нан астам шағын және орта кәсіп­орын жұмыс істейді. Қызылорда бүкіл елді кү­рішпен қамтамасыз етіп қана қоймай, азық-түлік өнімдерін экспорттауда да берік орын алады. Өңделген өнім экспортының 143 млн дол­ла-
ры, яғни 35%-ы күріш жет­кі­зі­ліміне тиесілі. Күріштің жергі­лікті өндіріс базаларының болуы осы өнімді шетелге экспорттауды арттырудың тамаша шарты болып отыр», деп атап өтті «QazTrade» басшысы.

Қызылорда облысының негізгі экс­порттық тауарларының ішінде күріштен басқа уран (жалпы экс­порттың үлесінде – 40,8%), цемент (7,3%), балық (5,8%), тұз (3,5%) бар.

Қызылорда күрішінің негізгі импорттаушылары – Тәжікстан, Ресей, Әзербайжан, Түрік­менстан.

Кеңес барысында Серік Жұман­ғарин ӘКК пен жергілікті атқарушы органдардың көкөністерге келісім­шарт жасау, қажетсіз делдалдарды анықтау және базарларды жаңғырту жұмыстарын сынға алды.