Құжат органикалық өнімдердің ішкі нарығын қалыптастыруға және дамытуға жәрдемдесуге, сыртқы нарықтарда отандық өндірушілердің органикалық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Негізгі заң жобасының жаңа редакциясында оның негізгі ережелері нақтыланып, толықтырылды. Атап айтқанда, бірлескен кепілдіктер жүйесінің қалыптасуы мен оның жұмыс істеуіне, сондай-ақ органикалық өнім өндірушілерді топтық сертификаттауға қатысты нормалар қайта қаралды.
«Қазіргі уақытта органикалық өнімдердің әлемдік нарығы 120,6 миллиард еуроны құрайды және ол белсенді өсіп келеді. Кейінгі 20 жылда оның көлемі 7 есеге өсті, яғни сала әлемдік трендке айналып отыр. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, органикалық өнім экспорты бойынша Қазақстан 123 елдің ішінде 9-орынды, органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында 4-орынды, Еуроодаққа органикалық майлы зығыр тұқымын экспорттау бойынша 6-орынды алады.
Өздеріңізге белгілі, 2015 жылы «Органикалық өнімдерді өндіру туралы» заң қабылданған болатын. Алайда сала мамандары мен эксперттерінің пікірі бойынша, бұл заң отандық органикалық өнім өндірушілердің заңды мүдделерін толық қорғай алмай отыр. Әрі органикалық өндірісті жүргізудің халықаралық тәжірибесіне сәйкес келмейді», деді Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.
Депутаттың айтуынша, құжаттардың негізгі мақсаты – органикалық өнім өндіру саласындағы заңнаманы жетілдіру. Заң жобаларында бірқатар мәселе қарастырылған. Мәселен, органикалық өнім өндіру мәселелерін ғана емес, олардың өнім айналымы мәселелері реттелмек. Сондай-ақ «органикалық» өнімнің табиғаты мен қасиеттеріне қатысты тұжырымдамалық ұғымдар жетілдірілген. Яғни «органикалық өнім», «органикалық өнім айналымы», «органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі», органикалық өнімді таңбалау» секілді жаңа ұғымдар енгі-
зілді.
«Үшінші, өнімді емес, органикалық өнімді өндіру үдерісін сертификаттау ұсынылады. Бұл тәсіл өндіріс үдерістерін нақтылайды және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Төртінші, органикалық өндірісті сертификаттау, әлемдегі жетекші өндірушілер мен экспорттаушылар тәжірибесіне орай, сату нарығының сұраныстары мен қалауына байланысты жүзеге асырылады.
Бесінші, органикалық өнім өндірушілердің топтық сертификаттаудан өту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл органикалық өндірушілерді кооперациялау мен біріктіруге және нақты өндіруші үшін сертификаттау шығындарын төмендетуге ықпал етеді. Алтыншы, тың және тыңайған жерлер өтпелі (конверсиялық) кезеңсіз органикалық өсімдік шаруашылығы айналымына енгізіледі. Қолданыстағы заңнама бойынша конверсиялық кезең кем дегенде бір жылды құрайды және ол барлық жерлерге таралады», деді Ә.Бектаев.
Бұдан бөлек, Еуропалық комиссиямен бірлесе келіскен тыңайтқыштар тізімдері бекітілмек. Депутаттың айтуынша, бұл норма органикалық тұқымдарды, жануарларды, технологияларды, әдістерді, органикалық өндіріс құралдары мен тәжірибелерін іздеуге байланысты көптеген өндірістік мәселені шешуге бағытталған.
«Құжатта органикалық өнімдердің сапасын бағалауға, Қазақстанға импортталатын органикалық өнімді жеткізуге, таңбалауға және өткізуге, сала бойынша мемлекеттік органдардың құзыреттеріне қатысты біршама өзгеріс енгізілді. Осы заң жобасын жасақтау барысында, қолданыстағы 18 баптан тұратын «Органикалық өнім өндіру туралы» заңның 12-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұдан басқа, жаңа 6 бап қосылды. Осы себепті, оның жаңа редакциясы әзірленіп отыр», деді Ә.Бектаев.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген толықтырулар, органикалық өнім өндіру саласындағы заңнаманы бұзуға қатысты жауапкершілікті «органикалық өнім айналымына» саласына тарату ұсынылып отыр.
«Органикалық өнім өндірушілерге қойылатын талаптар кеңейтілді, олар генетикалық түрлендірілген объектілерді, синтетикалық шыққан заттарды, химиялық пестицидтерді, гормондарды, антибиотиктерді және тағамдық қоспаларды, сондай-ақ топырақты пайдаланбай өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру әдістерін қолдануды болдырмауға міндетті болады», деді Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Айдарбек Қожаназаров қосымша баяндамада.
Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыруға қолжетімділікті арттыруға бағытталған «аграрлық қолхат» деген жаңа қаржы құралы енгізіледі. Сондай-ақ органикалық өнім өндіруші органикалық өнім өндіруге, оның ішінде экспортқа өткізуге арналған талаптарды орындамаған кезде сәйкестік сертификатын тоқтата тұру немесе кері қайтарып алу ережесі қарастырылады.
Күн тәртібіне шығарылған мәселелер талқыланғаннан кейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Палатаның бірінші сессиясын қорытындылады. Осы сессия барысында атқарылған жұмыс нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтті.
«Президент сессияның ашылуында Мәжілістегі әр фракцияға бірқатар міндет жүктеген болатын. Фракциялар, бір мандатты округтерден сайланған депутаттар осы міндеттерді орындауға атсалысып келеді. Болашақта да жұмыс қарқынды жалғасады деп ойлаймын. Өйткені бәріміздің мақсат-мұратымыз бір. Ол – Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау.
Бұл сессия қысқа болғанымен, өте маңызды әрі мазмұнды өтті. Осы жолғы сайланымның бір ерекшелігі – депутаттар көптеген маңызды заң жобаларына өздері бастамашы болды. Тұтастай алғанда, бұл сессияда 31 заң қабылданды. Олардың үштен бірі – депутаттар бастамашы болған заңдар. Әр депутаттық бастаманың артында партиялар мен депутаттардың ұстанымдары, сайлаушылардың үміт-сенімі тұр.
Депутаттар азаматтардың сайлау науқаны кезінде айтылған барлық талап-тілегін ескерді. Мәселен, депутаттар қоғамдық бақылау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару, жол қозғалысын ұйымдастыру, сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама мәселелері туралы заңдарды қабылдауға ұйытқы болды», деді Е.Қошанов.
Палата төрағасы әр заң партиялық фракцияларда азаматтық қоғам өкілдерімен бірге жан-жақты әрі қызу талқыланғанына назар аударды. Сондай-ақ «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы шеңберінде Мәжілістің өкілеттігі күшейгеніне екпін берді.
«Соның аясында алғаш рет Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдадық. Депутаттардың белсенділігін көрсететін тағы бір мәселе – депутаттық сауалдар. Осы сессияда әр жалпы отырыста орта есеппен 30-ға дейін депутаттық сауал жарияланып отырды. Оның әрқайсысында елдегі түйткілді мәселелер, соның ішінде әр адамның, әр отбасының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған маңызды мәселелер көтерілді. Әр мәселенің шешілуі біздің ерекше назарымызда болады. Осы сессияда Қоғамдық палатаның жұмысы да өте белсенді басталды. Сөйтіп, халықты толғандырған заң жобалары Палата отырыстарында қоғамдық сараптамадан өтіп жатыр», деді Е.Қоша-
нов.
Мәжіліс спикері өз сөзінде депутаттар халықаралық парламенттік ұйымдар аясында және екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында да белсенді жұмыс атқарғанын жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта депутаттарды өңірлерге сапарлар, халықпен кездесулер күтіп тұрғанын атап өтті.
«Басты мақсатымыз – елдің ортасында болып, түйткілдерді шешуге көмектесу, өңірлермен байланысты нығайту. Жазда атқарылған жұмыс келесі сессияға оң әсерін тигізеді деп білемін», деді Е.Қошанов.
Жалпы отырыстан кейін депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.