Турнирдің ашылу салтанатына Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Sport Qory спортты қолдау қорының бас директоры Асхат Сейсембек, Спортшылар одағы төралқасының төрағасы Серік Сәпиев, Азия бокс конфедерациясының вице-президенті Әзиз Қожамбетов және басқа да спорт өкілдері қатысып, боксшыларға сәттілік тіледі.
«Құрметті боксшылар, жаттықтырушылар және турнир қонақтары. Қазақстан бокс федерациясының атынан Мәдениет және спорт министрлігі, елорда әкімдігі, Sport Qory және т.б. атынан барлық серіктесімізге алғыс айтқым келеді. Жақында Ташкентте өткен әлем чемпионатында біздің жігіттер 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алып, бүкіл Қазақстанды керемет нәтижемен қуантқанын бәріңіз жақсы білесіздер. Астана рингінде бізді қызықты әрі тартысты жекпе-жектер күтіп тұр деп ойлаймын. Спортшыларға сәттілік пен әдемі жеңістер тілеймін», деді Әзиз Қожамбетов.
Жарыстың алғашқы екі күндегі жекпе-жектеріне тоқталар болсақ, бірінші күнгі бәсекелер тосын нәтижелерге толы болды. Жанкүйерлер «ә» дегеннен бірден 71 килодағы екі қазақ-өзбек боксшыларының тартысты кездесулерін тамашалады. Бірінші жекпе-жекте Нұрдан Амангелді Нурислом Исмоиловтан төрешілердің бірауыз шешімімен басым түссе, екінші айқаста 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Сабыржан Аққалықов Хавасбек Асадуллаевтан төрешілердің аралас шешімімен жеңіліп қалды. Сонымен қатар дәл осы салмақта өнер көрсеткен Ермахан Жақпеков пен Талғат Шайкен және 80 килодағы Ерасыл Жақпеков тәжікстандық боксшылардан басым түсті.
Ал 63,5 килоға дейінгі салмақтағы боксшылардың жекпе-жектерін «Beeline Arena» спорт кешеніне жиналған көрермендер де, бапкерлер мен бокс мамандары да аса ыждағатпен тамашалады. Себебі осы турнирде жеңімпаз атанған боксшы алдағы Азия ойындарында 63,5 килода ел намысын қорғайды. Сондықтан еліміздегі ең мықты боксшылардың бәрі осы салмақта топтасып, өзара кім мықтыны анықтап жатыр. Мәселен, жуырда ғана Ташкенттегі әлем чемпионатында 60 килода өнер көрсеткен Талғат Сырымбетов «Елорда кубогінің» алғашқы айналымында тағы бір мықты боксшы Мұхамедсабыр Базарбайұлымен жұдырықтасты. Бұл жекпе-жек Сырымбетовтің жарақатына байланысты мерзімінен бұрын аяқталып, жеңіс Мұхамедсабырдың еншісінде кетті. Екінші жұпта 2021 жылы 60 килода ел чемпионы атанған Василий Самчук тәжірибелі Ділмұрат Мижитовпен айқасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Сонымен қатар дәл осы салмақтағы 2020 жылғы Қазақстан чемпионы Ертуған Зейнуллинов бірінші раундта қарсыласы Ерасыл Танқайды нокаутқа түсіріп, мәселені ерте шешіп тастады. Соңғы жұпта даңқты Руслан Мусиновтің ұлы Сұлтан Мусинов үндістандық Анкит Нарвалмен кездесіп, қарсыласынан айласын асырды.
Халықаралық турнирдің екінші күнінде боксшылар жеті салмақта жұдырықтасып, бокс жанкүйерлеріне тартысты жекпе-жектер ұсынды. Бұл жарыста 63,5 киломен қатар, 57 кило салмақта да Азия ойындарына іріктеу жүріп жатыр. Ташкенттегі әлем чемпионатында 54 килода топ жарған Махмұд Сабырхан Олимпия ойындарының бағдарламасына енген 57 кило салмаққа көтеріліп, жарыс көрігін қыздырды. Алғашқы айналымда ол ел чемпионатының және халықаралық жарыстардың жүлдегері Оразбек Асылқұловпен кездесіп, 4:1 есебімен жеңіске жетсе, 57 килоның көшбасшысы Серік Теміржанов Нұрсұлтан Алтынбекті айқын басымдықпен ұтты. Ал 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерболат Сабыр тағы бір жерлесіміз Асылжан Серікбайдан басым түсіп, келесі айналымға жолдама алды.
Өзге салмақтағы боксшылардың нәтижесіне тоқталар болсақ, 51 кило салмақта Кенже Мұратұлы, Дамир Әбдіқадыр, 54 килода Тимур Қабдеш, 67 килода Темірхан Тезек, Елнұр Сүйінбай, Рахат Сейітжан, 80 килода Илья Киселев, 86 килода Абзал Құттыбеков, Бекзат Таңатар, Шаймұрат Құсайынов және 92 килодан жоғары салмақта Дамир Тойбай алғашқы айқастарында жеңіске жетіп, екінші кезеңге жолдама алды.
«Елорда кубогінде» ерлер 13 салмақ дәрежесінде (46-48 кг, 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63,5 кг, 67 кг, 71 кг, 75 кг, 80 кг, 86 кг, 92 кг, +92 кг), ал әйелдер 12 салмақ дәрежесінде (45-48 кг, 50 кг, 52 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63 кг, 66 кг, 70 кг, 75 кг, 81 кг, +81 кг) жұдырықтасып жатыр.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері тиісті дәрежедегі медаль, диплом және ақшалай жүлдемен марапатталады. Атап айтқанда, бас жүлде иеленген боксшыға – 700, күміс жүлдегерге – 400 және қола медаль иегеріне 200 (әрқайсысына) АҚШ доллары беріледі.