Экономика • 30 Маусым, 2023

Өтелген кәсіпорын шығыны

213 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«QazIndustry» отандық индустрия және экспорт орталығы «Astana Ceramic» компаниясына өндіріс үдерісін үнемдеуге сеп­тесетін элементтерді енгізуге жұмсалған шығындардың 30%-ын өтеуге қолғабыс етті. Аталған компания жапондық Kaizen философиясын тиімді қолданудың арқасында керамикалық кірпіштің өндірісін 15%-ға ұлғайтып, жұмыс өнімділігін арттыра түскен.

Өтелген кәсіпорын шығыны

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қазір еліміздің өнеркәсіп кәсіпорын­дарына мемлекеттік қолдау арқылы еңбек өнімділігін ұлғайтатын технологияларды енгізуге барынша жағдай қарас­тырылған. Бұл өнім өндірісінің тиімділігін жақ­сартуға арналған шығындардың бел­гілі бір бөлігін өтеу аясында қолға алынды. Мұн­дай қызметті «QazIndustry» – Қазақ­стандық индустрия және экспорт орталығы көрсетіп ке­леді.

Kaizen-нің негізгі идеясы – кә­сіпті тиімді басқару, яғни шы­ғынға әкелетін үдерістерді алдын алу, сонымен қатар әр қыз­мет­кердің жұмысын жеңіл­детіп, тұтынушыға бағдар­ланған қыз­метті жолға қою. Оған басшы­лар­дан бастап техникалық пер­соналға дейін қатысуы маңыз­ды.

«Зауыт жылына 30 млн к­ера­ми­калық кірпіштің 3 түрін шы­ғарып келеді. 2018 жылы кә­сіп­­орында жаңғырту жұмыс­та­ры жүргізілгенімен, кейбір учас­ке­лерде функционалды қыз­мет­­ке байланысты белгілі бір қиын­­дықтарға тап болдық. Сон­дық­тан қажетсіз шығындарды алдын алып, тәртіпті реттеу қа­жет бол­­ды», деді «Astana Cera­mic» ЖШС жоба жетекшісі, ең­бек қауіп­сіздігі және еңбекті қор­ғау жө­нін­дегі инженер Серік Қо­жаханов.

Сол себепті зауыт басшылығы жоғарыда айталған күншығыс елінің іскерлік философиясын енгізуді құптаған. Осы мақсатта 2022 жылы Жапониядан білімін жетілдіріп келген арнайы сарап­­шы шақыртылыпты. Кәсіп­орын­да екі апта бойы жоғары және орта буындағы персоналға арналған оқыту семинарлары өткізіліп, нәтижесінде өзекті учас­келерде бірқатар жаңашыл­дық енгізілген.

Сондай-ақ орта және жоғары буын­дағы басшыларға Kaizen бойынша жұмыстарын жүйелеу үшін техникалық кеңес құрылды. Ал цехтарда 5S жұмыс кеңістігін ұйымдастырып, оңтайландыру жүйесі енгізілді. Оған 5 қадам кіреді: сұрыптау, тәртіп пен тазалықты сақтау, стандарттау және жетілдіру.

Бұл арқылы «QazIndustry» «Astana Ceramic-тің» аталған жүйені өн­діріске енгізуге бай­ланысты шығындарының 30%-ын өтеп берді. Осы орайда жапон­дық жүйе енгізілгеннен кейін кәсіпорында өнім өндірісі 15%-ға артып, электр энергиясы 10%-ға және шикізат пен компоненттерді үнемдеу 5%-ға жеткен. Сонымен қатар маман тапшылығы 10%-ға азайып, қосалқы бөлшектердің шығыны 15%-ға төмендепті. Қол­ға алынған амал арқылы зауыт толық өндіріс қуатына шық­­ты.

«Astana Ceramic» ЖШС 2007 жылы Ақмола облысындағы «Бошан» кірпіш зауытының не­гізінде құрылғанын айта кет­кен орынды. Мұнда кірпіш өн­дірісіне қажетті шикізат Үш­көл кен орнының маңынан жет­кізіліп отырады. Шығарылған өнімдер құрылыс саласында кең қолданылып келеді. Кәсіп­орын Ақмола облысында ірі кө­лемдегі керамикалық блоктар өндірумен айналысатын жалғыз зауыт сана­ла­ды. Қазір өндіріс орнында 70 адам жұмыспен қамтылған. Ал­дағы уақытта зауыт инфрақұры­лым­ды дамыту арқылы әлеуметтік жобаларға да қатысуды жоспарлап отыр.