Форумның шымылдығы республиканың түкпір-түкпірінен жиылған барлық деңгейдегі депутаттардың көк байраққа құрмет көрсетіп, Әнұран орындауымен басталды. Жиналған қауымның алдында алғаш болып сөз тізгінін алған «Аmanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов алқалы отырыстың мақсат-міндетін айқындап, халықты толғандырған көкейкесті түйткілдерді тізбектеді.
– Елімізде үш жарым мыңға жуық мәслихат депутаты болса, соның екі жарым мыңы, яғни 77 пайызы осы залда отыр. Мұндай басқосулар билік тармақтарының өзара байланысын нығайтып, ортақ конструктивті шешімдер қабылдауға жол ашады деп сенемін. Форумның басты мақсаты – мемлекет пен қоғам алдында тұрған, халықты толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерді бірлесіп, ашық талқылау, олардың шешу жолдарын іздеу. Бұл – уақыт талабы. Әлемдегі күрделі геосаяси, геоэкономикалық ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде ел Президенті бұрын-соңды болмаған түбегейлі институционалды өзгерістерді қолға алды. Бұл – бір жағынан орасан тәуекел болса, екінші жағынан мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамды сауықтырудың, жаңару мен жаңғырудың жалғыз әрі төте жолы. Халқымыз бұл өзгерістерге терең түсіністік танытып, қызу қолдап отыр. Ең бастысы, Мемлекет басшысының реформалары іс жүзінде нәтижесін беріп те жатыр. Барлық салада ілгерілеушілік бар. Өткен бір жылдың ішінде бес бірдей тағдыршешті саяси науқан өткіздік. Елдегі саяси өзгерістер бүгінгі реформалардың темірқазығына, болашақтағы ел дамуының кепіліне айналды. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда, Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» тұжырымдамаларын ұсынды. Әділет пен адалдық – ажырамас ұғымдар. Ал осы ұғымдардың салтанат құруы үшін қоғамдық сана мен әлеуметтік құндылықтар өзгеруі керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Осы жолда «Amanat» партиясы барлық игі істің алғы шебінде жүруге тиіс. Халықтың сенімі бізге күш береді. Баршамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіреді. Өткен жылы, партия съезінде Мемлекет басшысы: «Мәслихат депутатының төс белгісі оны халық сайлағанын білдіреді және депутат тек халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек», деген еді. Сондықтан бізге қойылатын талап та аса жоғары болатынын естен шығармайық, – деді «Аmanat» төрағасы.
Бүгінде еліміз бойынша барлық деңгейдегі мәслихатта 3415 депутат жұмыс істейді. Оның 76,9 пайызы – өңірлік фракцияның мүшелері. Форумға жиылған осы азаматтардың басты міндеті депутаттардың оң имиджін қалыптастыру, партиядағы ішкі өзгерістерді бекіту, өзара қарым-қатынас пен сенімді нығайту. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, орталық мемлекеттік орган басшыларымен тікелей диалог құру.
– Қазір қоғамның сұранысы күшейді. Алайда азаматтар бізден орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Олар берген уәделеріміздің уақытында әрі сапалы орындалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр. Олай болса, депутаттардың бел шешіп жұмысқа кірісетін шағы келді. Бұл, әсіресе, мәслихат депутаттарына қатысты. Сіздер – партияның жергілікті жердегі өкілісіздер. Бүкіл өңірлік саясатқа ықпал етесіздер. Сіздердің мойындарыңыздағы жүк жеңіл емес. Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды. Фракциялардың рөлі мен қызметін жаңаша қарастыру қажет. Мәжілісте біз осы жолдан өтіп жатырмыз. Мәслихаттармен бірге Парламенттің төменгі палатасы да 70% жаңарды. Саяси бәсекелестік күшейді. Электоралды алаң да, көңіл күй де өзгерді. Бұл парламенттегі плюрализмді күшейтті. Мәжіліс пен мәслихаттар жұптасып, пәрменді жұмыс істеуге тиіс. Ол үшін өзара байланысты барынша нығайтамыз. Біріншіден, Мәжіліс фракциясындағы заң жобалары міндетті түрде өңірлік фракцияларда талқылануы қажет. Екіншіден, өңірдегі депутаттар өзекті мәселелерді жиі көтереді. Сондықтан біз мәслихат депутаттарын Мәжілістегі жұмыс топтарына, партиялық алаңдар мен жобаларға белсенді түрде тартып жатырмыз. Бұл тәжірибе жалғасады. Үшіншіден, форумға дайындық кезінде арнайы сауалдамалар жүргіздік. Онда Мәжілістің, Қоғамдық кеңестер мен фракциялардың қатысуымен Орталық аппаратта тағылымдамалар ұйымдастыру мәселесі жиі көтерілді. Бұл – жақсы үрдіс, мұны қолдаймын. Партиялық менеджмент академиясына осы жұмысты жедел қолға алуды тапсырамын, – деді Ерлан Қошанов.
Бұдан бөлек, басқосуда «Amanat» партиясы мұнай компанияларындағы вахталық ауысымның уақытын реттеу мәселесін қолға алынғанын айтып, сайлауалды бағдарламада ауылға баратын жас медицина қызметкерлеріне 10 миллион теңге көтермеақы төлеу міндетін қойғандарын еске салды. Алқалы жиында сөз тізгінін жалғаған Премьер-министр Әлихан Смайылов «Ауыл аманаты» жобасына 1 трлн теңге бөлінетінін мәлімдеді.
– «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. 2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында халыққа жеңілдікпен несиелер беріледі. Бұл ретте өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделген. Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Жоба 7 жыл ішінде 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын қамтиды. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінде 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба іске асырылып келеді. Биыл 4,4 млн адамды көтерілген әлеуметтік төлемдермен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді. Халықтың табысын арттыру іс-шаралары аясында 3 миллионнан аса адамның табысы артты. Соның ішінде бюджет саласындағы 1,2 млн қызметкердің жалақысы 30 пайызға дейін ұлғайтылды. 1 миллионнан аса жұмысшының жалақысы 10-нан 50 пайызға дейін көтерілді. Жәрдемақылар 900 мыңға жуық адамды қамти отырып, 23 пайыз көбейді. Студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға көтерілді. Жыл соңына дейін 1 миллионға жуық адам жұмыспен қамтылады, – деді Үкімет басшысы.
Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістандағы ұлттық құрылтайда көтерген бастамалары туралы ойын ортаға салды. Ол сөз арасында 2019 жылдан 2022 жылға дейін саяси реформалардың 4 пакеті жүзеге асқанын айтып өтті.
– Осы реформалардың аясында үш жыл ішінде 20 заң қабылданды. Президент былтырғы наурыз айындағы Жолдауында ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде бастама көтерді. Бұл бастамалар Конституциялық реформалардың негізін қалады. Өздеріңіз білетіндей, Конституциямыздағы 98 баптың 33-іне, 9 бөлімнің 8-іне түзету енгізілді. Ата заңымыздың үштен бірі өзгерді. Бұдан кейін 7 Конституциялық заңға, 15 кодекске және 29 заңға түзетулер енгізілді. Мұның бәрі билік тармақтары арасында тепе-теңдікті сақтайтын мемлекеттік саясат құрудың жаңа моделін қалыптастырды. Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл қоғамның дамуындағы негізгі үш деңгейі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Түркістандағы сөйлеген сөзінің басты ерекшелігі де осында. Әдетте біз мәдениет, ғылым, білім жайында екінші немесе үшінші кезекте ғана айтамыз. Президент керісінше бұл саларға ерекше басымдық беріп отыр. Ол аймақтардағы мәдениет ошақтарын, ауыл мектептерін, балалар кітапханаларын, кітап шығару ісін, театр мен киноны, музей жұмысын дамытуға баса назар аударды, – деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаевтың модераторлығымен өткен жиында да өзекті, өткір тақырыптар қаузалды. Бұдан бөлек, форум барысында Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әсия Ақанова, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Асқар Ноғаев, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Евгений Буслаев, Абай облыстық мәслихатының депутаты Шағангүл Жанаева, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Мұхтар Ниязов, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров сөз сөйледі. Іс-шараның екінші бөлімі 11 панельдік сессиямен жалғасты.