Құрметті бірлескен отырысқа қатысушылар!
Бүгін біз сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының жұмысын аяқтап, қорытындылап отырмыз.
Атқарған қызметіміздің нәтижесін дәстүр бойынша түйіндеп, болашаққа жоспарымызды нақтылап алуымыз қажет.
Өткен жылы Қазақстан халқы бүкілхалықтық референдумда Президент реформаларын қолдады.
Еліміздің жаңарған Конституциясы бүкіл мемлекеттік жүйе бойынша ауқымды өзгерістерге жол ашты.
Суперпрезиденттік жүйеден президенттік республика үлгісіне көштік.
Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейді.
Ел басқару ісіне халықтың атсалысу белсенділігі арта түсті.
Азаматтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктері нығайтылды.
Сенат пен Мәжіліс сайлауы елдегі саяси жаңғырудың шешуші кезеңіне айналды.
Заң шығарушы орган толығымен қайта құрылды.
Сенаттың құрылымы өзгерді.
Қазақстан халқы ассамблеясы Сенатта өз мандаттарын алды.
Мәжіліске алғаш рет 6 саяси партия сайланды.
Осыған дейін ұзақ уақыт бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті.
Бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламент болып отыр.
Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды.
Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді.
Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бірмандатты округтен сайланған, шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты.
Сонымен қатар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың және жастардың қатары көбейді.
Сегізінші сайланымды басқа шақырылымдарға қарағанда ең жас Парламент деп атауға болады.
Жасы әлі 35-ке толмаған 13 депутат Қазақстан жастары атынан өкілдік етуде.
Бүгінгі таңда жаңарған Парламент – саяси мәдениеті жоғары, беделді халық қалаулыларынан құралған.
Құрметті әріптестер!
Бірінші сессия небәрі 100 күнге созылды.
Қысқа болғанымен, атқарылған міндеттер бойынша бұл сессияның жұмысы өте маңызды әрі мазмұнды болды.
Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қызметіміздің негізгі бағыттарын айқындап берді.
Олар іс жүзінде жүзеге асырылып, Парламентте қаралған заң жобаларының негізіне айналды.
Бұл сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті.
Онда 120-дан астам мәселе қаралды.
Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды.
Қазіргі сайланымның басты ерекшелігі – көптеген маңызды заң жобаларының депутаттардың бастамасымен әзірленуі.
Депутаттар бастамашы болған заң жобаларына сайлаушылардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы, Ел Президентінің тапсырмалары арқау болды.
Бұл ретте Заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңның қабылдануы –әлеуметтік әділдік іздеген жұртшылық талабына лайықты жауап.
Ол туралы Президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған.
Біздің партиялардың сайлауалды бағдарламаларына да енгізілді.
Аталған мәселеге осы сессияда нүкте қойылды.
Бұл заң – заңсыз алынған активтерді қайтарудың жаңа құқықтық тетіктерін қалыптастырды.
Құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі жаңа халықаралық үрдістер ескерілді.
Ешкім де заңсыз әрекеті үшін жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды.
***
Сондай-ақ қоғамда және сарапшылар арасында Сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жан-жақты талқыланғанын білесіздер.
Мемлекет басшысы осы мәселені шешу үшін нақты тапсырма берді.
Осы орайда депутаттар арнайы заң әзірледі.
Заңда газды зауыттан тұтынушыға дейін жеткізудің ашық жүйесі жасалады.
Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудағы кемшіліктер жойылды.
Енді, жаңа заң бойынша, басқару нысанын тұрғындардың өзі таңдай алады: КСК-ны қалдыра ма, ОСИ-ді таңдай ма – оны өздері шешеді.
***
Депутаттар онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері жөніндегі заңға да бастамашылық етті.
Президент осы саланы құқықтық тұрғыдан реттеу қажеттігі туралы өз жолдауында айтқан еді.
Заң жобасы қоғамда қызу талқыланды.
Сондықтан онда үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қоғамдастығының, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың пікірі барынша ескерілді.
***
Осы сессияда кәсіптік біліктілік туралы заңмен жұмыс аяқталды.
Заң Ұлттық біліктілік жүйесінің барлық элементтерін реттейді.
Мәселен, кәсіптік біліктілікті дәлелдеу арқылы түрлі қызметпен айналысуға мүмкіндік береді.
***
Электр самокаттар қолданысы қоғамда үлкен мәселеге айналып отыр.
Олардың жүрісін реттеу жөніндегі түзетулер Парламентте кең талқыланды.
Ең бастысы, депутаттар қабылдаған заң жаяу жүргіншілердің де, самокат жүргізушілерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
***
Сонымен бірге бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағын зерттеу мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көптен шешімін таппай келе жатқан түйткілді жайттың бірі еді.
Бүгінде бұл мәселе заңнамалық деңгейде шешімін тапты.
Заң нормалары полигонның аумағын қауіпсіз күйге келтіріп, халықты радиациядан қорғауға жол ашады.
***
Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы аясында Мәжілістің өкілеттігі, бақылаушылық функциясы күшейтілді.
Президент айтқандай, біз бюджеттің атқарылуы барысын, әрбір тиынның жұмсалуын қатаң қадағалауымыз қажет.
Осыған орай Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдадық.
Онда халықты толғандыратын ең өзекті тақырып – жылумен қамту мәселесі көтерілді.
Қоғамды, депутаттарды жылу орталықтарының қысқы маусымға дайындығы алаңдатып отыр.
Осы жөнінде біраз сыни пікірлер айтылды.
Нәтижесінде Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаға тиісті ұсынымдар жолданды.
***
Палатаның келесі есебі мемлекеттік қарыз тақырыбына арналады.
Оны алдағы сессияда тыңдаймыз.
***
Сонымен қатар депутаттар халықаралық шарттар мен келісімдердің отандық базасын қалыптастыруға баса мән берді.
Парламент 11 халықаралық шарт пен мемлекетаралық келісімді ратификациялады.
***
Заң шығару саласындағы біздің барлық жұмысымыз қоғам үшін ашық екенін ерекше атап өткім келеді.
Осы сессияда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Парламенттің қос палатасы жалпы отырыстарды «Хабар 24» телеарнасында тікелей эфирде көрсетуге көшті.
Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысы «Жібек жолы» телеарнасынан көрсетіліп келеді.
Бұл бастаманы жұртшылық жақсы қабылдап жатыр.
***
Өзекті тақырыптар тек жалпы отырыста ғана емес, «дөңгелек үстелдерде», комитеттердің көшпелі отырыстарында да талқыланды.
Атап айтқанда:
- шағын мектептер жайы; мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесінің ахуалы;
- экология, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы қауіпсіздік;
- азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру, олардың банкроттығы;
- ауылды, ауылдық жерлердегі әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды дамыту; көкөніс шаруашылығы және суармалы егіншілік; «Ауыл ел бесігі» жобасын іске асыру, т.б.
Бұған қоса, депутаттар мәселе туындаған жерлерге жедел жетіп, орын алған оқиғалардың бел ортасында халықпен бірге болды.
***
Қоғамдағы өзекті мәселелер депутаттық сауалдар арқылы да көтеріліп келеді.
Қос палата депутаттары мемлекеттік органдарға 306 депутаттық сауал жолдады.
Оның әрқайсысында елдегі түйткілді жайттар қозғалды.
Әр өңірдің, әр адамның, әр отбасының тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды мәселелер көтерілді.
***
Сонымен қатар депутаттардың атына тұрақты түрде азаматтардан өтініштер келіп түсуде.
Осы сессияның өзінде халық қалаулыларының атына шамамен 7 мыңға жуық хат келді.
Тіпті арамызда бір өзінің атына жүздеген хат келген депутаттар да бар.
Сондай-ақ депутаттар осы сессияда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық қабылдауда 800-ден астам адаммен жүздесіп, бірқатар мәселе сол жерде шешімін тапты.
***
Парламент жанынан құрылған диалог алаңдары да жемісті жұмыс атқаруда.
Енді халықты толғандыратын барлық заң жобалары Қоғамдық палата отырыстарындатәуелсіз сарапшылармен, жұртшылық өкілдерімен алдын ала талқыланып, «нөлдік» оқылымнан өтеді.
«Жас сарапшылар клубы» мен «Талдау мектебі» жас мамандарға заң шығару процесіне араласуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ «Ұлттық мүдде» жобасы парламентарийлерді, зиялы қауым мен сарапшылар қоғамдастығын біріктіретін алаңға айналды.
***
Парламент қабырғасында Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы мақсаттардың іске асырылуы жөніндегі парламенттік комиссия құрылды.
***
Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жасақталған «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы жұмысын бастады.
Бұл топтың негізгі мақсаты – ұлт бірлігін нығайту.
Бұдан бөлек, таяуда «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы өз міндетін атқаруға кірісетін болады.
***
Тағы бір маңызды бағыт – Парламенттік дипломатияны дамыту.
Бұл салада 100-ден астам елдің парламенттерімен ынтымақтастық топтар құрылды.
Депутаттар ТүркПА, ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеялары, Парламентаралық Одақ және Еуропалық Парламент іс-шараларына қатысты.
Бельгия, Грузия, Қырғызстан, Литва, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан парламенттік делегациялары Қазақстанға келді.
Бұдан бөлек, жуырда Қазақстанның төрағалық етуімен Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы форумын өткіздік.
***
Сессия барысында Үкіметпен қоян-қолтық жұмыс атқарылғанын атап өткен жөн.
5 үкімет сағаты өткізілді.
Үкімет мүшелері ғылым саласындағы, агроөнеркәсіптік кешендегі, өңірлік стандарттар, инвестициялық климат және басқа да салалардағы ахуал туралы баяндады.
Осындай конструктивті ынтымақтастық келесі сессияда жалғасын табады деп сенеміз.
***
Сонымен қатар Үкіметпен бірлесе жұмыс істеу кезіндегі кейбір мәселелерге де тоқталып өткім келеді.
Біріншіден, Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр.
Қоғамда шұғыл шешімін күтіп отырған түйткілді мәселе көп екенін білесіздер.
Олар, бірінші кезекте, заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді.
Өкінішке қарай, бұл жайттарға Үкімет дер кезінде көңіл аударып, қажетті заң жобаларын Мәжіліске уақтылы ұсынбай отыр.
Сондықтан депутаттар осы өткір мәселелерді шешуді жедел түрде өз қолына алып, тиісті заң жобаларына бастамашы болуға мәжбүр.
Осы орайда Үкіметке белсенділікті арттырып, келесі сессияға нақты әрі қоғамға қажет заң жобаларын әзірлеуді және Парламентке енгізуді тездетуге тиіс.
Екіншіден, депутаттардың түзетулері мен толықтыруларына Үкімет қорытындысын қарау мерзімі тым ұзақ.
Белгіленген тәртіп бар.
Бірақ ол тәртіп көп жағдайда сақталмай отыр.
Соның салдарынан кейбір заң жобаларының қабылдануы кідіріп тұр.
Сондықтан Үкіметке қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарау керек деп санаймыз.
Біз жұмысымызды жаңа бастадық.
Алдағы уақытта мемлекеттік органдар депутаттардың бастамаларын қараған кезде ведомстволық мүддемен шектелмеуге тиіс.
Үшіншіден, жалпы отырыстарға, жұмыс топтарына келетін мемлекеттік органдар басшыларының дайындығы төмен.
Жауаптарының сапасы сын көтермейді.
Бұл депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарға да қатысты.
Біз депутаттық сауалдарда халықты толғандыратын өзекті мәселелер көтеріп, сайлаушылардың тілегі мен аманатын жеткіземіз.
Өкінішке қарай, бізге толық жауаптың орнына жалпылама, сырғытпа жауаптар ғана келеді.
Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін біз Үкімет мүшелерін арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз.
Бұл біздің регламентте қарастырылған.
Құрметті депутаттар!
Біз осы сессияда заң шығару жұмысына ерекше қарқын бердік.
Сол қарқынды алдағы уақытта да сақтаудың маңызы зор.
Парламентарийлер келесі сессияда сайлаушылардың өзекті мәселелерін шешуге, Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға ерекше екпін беруге тиіс.
Біз Ұлттық қордан балаларға бөлінетін төлемдер мәселесі жөніндегі заң жобасымен жұмысты жалғастыратын боламыз.
Бұл – Президенттің ауқымды реформалары аясындағы негізгі бастамасының бірі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Салық, Бюджет, Су, Қала құрылысы кодекстерімен, Мемлекеттік сатып алу, Ғылым және технологиялық саясат туралы заң жобаларымен жұмыс істеу міндеті алдымызда тұр.
***
Келесі аптадан бастап бәріміз өңірлерге шығамыз.
Сол кезде қаралатын заңдар бойынша халықпен тереңірек пікір алмасу, жұртшылықтың ойын білу маңызды.
Парламент заңдарды халық үшін және халықпен бірге жазады.
Бұл – біздің басты ұстанымымыз.
Құрметті бірлескен отырысқа қатысушылар!
Біз сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясын аяқтап отырмыз.
Осыған байланысты, депутаттарға, Премьер-министрге, Үкімет мүшелеріне, барлық әріптестеріме бірлесе атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін.
Сондай-ақ жұмысты кәсіби деңгейде ұйымдастырғаны үшін екі Палата аппараттарының қызметкерлеріне де депутаттық корпус атынан рахмет айтқым келеді.
Заң шығару процесіне немқұрайды қарамайтын қоғам белсенділеріне және жалпы сарапшылар қоғамдастығына ризашылығымды білдіргім келеді.
Сонымен қатар жұмысымызды жоғары деңгейде жариялап жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне де алғыс айтамыз.
Сөзімді қорытындылай келе, ел игілігі жолындағы жауапты істе баршаңызға табыс тілеймін!