Президент • 30 Маусым, 2023

Жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру маңызды - Президент

387 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде жол қауіпсіздігі туралы атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру маңызды - Президент

«Құқық қорғау органдары әрқашан басты назарда ұстауға тиіс тағы бір маңызды мәселе – жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру. Соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өсті. Оның салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алды.

Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы жаяу жүргіншілердің жол ережерелін бұзып, қайғылы оқиғаның себепкері болып отырғанын айтты. Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ өкілдеріне қауіпсіздік шараларын жетілдіруді тапсырды.

«Мәселен, жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты.

Жуырда ғана электр самокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылданды. Енді көліктің жаңа түрлерін іс жүзінде қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.