Алпыс алты жастағы науқастың бас ауруы жиілеп, соңғы жылдары ауру салдарынан есін жоғалтып, талып қалуы қалыпты жағдайға айналып кеткен. Мұны науқастың жақындары елеусіз қалдырмай, дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Науқастың шағымдары мен жағдайын терең зерттеп, сирек кездесетін дүниежүзілік «Такаясу» ауруын анықтаған ҚР ПІБ МО ауруханасының білікті дәрігерлері әлемдік тәжірибеге сүйене отырып алғаш рет күрделі операция жасап шықты.
Такаясу – аорта қабырғасында қабыну процесі басталатын ауру. Қабынудың салдарынан тіндерде тыртық және бырысу пайда болады. Бұл тамырлардың бітелуіне әкеліп соғады. Нәтижесінде басқа баратын қамтамырлардың өткізгіштігі төмендейді. Оны қалпына келтіру үшін ашық немесе жабық түрдегі операция жасаудың әлемдік тәжірибелері жетерлiк.
– Бізге келген науқастың миға баратын ең негізгі екі жақты ішкі ұйқы артериялары, сонымен қоса омыртқалық артериялары толық бітеліп қалған болатын. Бастағы қантамырлар бұғана артериясынан шығатын мойындық байлам тамырынан қоректеніп жүрген. Бұл жерде кардиохиругтердің де араласуы қажет еді. Себебі жүректен шығатын аорта тамырына блог орнату жоспарланды. Шетелдік әріптестердің тәжірибесін зерттей келе және өзіміздегі заманауи техникалық мүмкіндікті пайдалана отырып Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әлібек Тойбаевпен бірлесе алғаш рет «Такаясу» диагнозына операция жасап шықтық. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, қазір науқастың жағдайы жақсы, бастағы ауырсынулар тарқаған, – дейді нейрохирург дәрігер Исламбек Мұсабеков.
Тамырлардың бітелуі жиі кездесетін ауру болғанымен, оны емдеу күрделі процесс. Сәтті жасалған операциядан кейін нейрохирург пен кардиохирург дәрігерлер келесі науқастарға көмектесуге дайын.