Магомед Адиев жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы өткен айда екі ойын өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен болатын. Атап айтқанда, Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында өткен сырт алаңдағы матчтың алғашқысында Сан-Марино футболшыларын 3:0 есебімен тізе бүктірген болса, араға үш күн салып Белфастта Солтүстік Ирландия құрамасын (1:0) қапы қалдырған болатын. Осы жеңісінің арқасында ұлттық құрама ФИФА рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, 1198.24 ұпаймен 104-орынға жайғасты. Мұның алдындағы рейтингте жерлестеріміз 112-сатыда тұрған еді.
Рейтингтің алғашқы үштігі өзгеріссіз қалды. Әдеттегідей 2022 жылғы әлем чемпионы – Аргентина 1843.73 ұпаймен көш бастап тұрса, Франция (1843.54) – екінші, Бразилия (1828.27) үшінші орнын сақтап қалды. Ал Еуро-2024 іріктеу кезеңіндегі қарсыластарымыздың рейтингіне тоқталар болсақ, Дания (1597.37) – 19, Финляндия (1419.19) – 54, Словения (1391.04) – 60, Солтүстік Ирландия (1361.17) – 64 және Сан-Марино (753.11) ең соңғы 211-орында тұр.