Жангелдин ауданындағы «Алмас» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Райысовтың айтуынша, киіктер қожалыққа қарасты алқапқа жаздай дамыл бермеген.
– Биыл жағдайымыз аса ауыр болып тұр. Себебі жаздай егінімізді киік жеп, киіктен қорғанып жүргенде, шегіртке қаптап келіп егіннің дымын қалдырмай жеп қойды. Біз алты шаруа қожалығы бірігіп 10 мың 500 гектар жерге егін сепкенбіз. Соның бәрі шегірткеге жем болды. Шегіртке кеше түске таман кірген. Бүгін бір агрегат көмекке келді. Оның өзінің шашатын уы жоқ. Ар жағымызда тұрған ұшақтың ұшатын керосині жоқ. Осылайша, егініміз тып-типыл болды. Бұл әңгіме шегіртке кірген мезеттен бастап біраз жерге айтылды. Бірақ қозғалған бір жан жоқ. Осы киік пен шегірткеден қорғанамыз деп шөп те шаба алмай отырмыз. Шабатын шөп те жоқ, киік жеп бітірді. 200-ге тарта мал басы бар еді, қыста қырып алып жүрерміз, түгел етке өткізетін шығармыз деп отырмыз, дейді ашынған шаруа.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мемлекеттік инспекция комитеті Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының мәліметінше, бүгінге дейін өңірде 1 млн 625 мың гектар жерге зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, 445,174 мың гектар алқапты шегіртке басқаны анықталған. «Оның ішінде, 266,118 мың гектар алқаптағы шегірткенің зиянкестіктің экономикалық шегінің жоғары екендігі анықталды. Жангелдин ауданындағы 241, 978 мың гектар алқапты экономикаға жоғары қауіп төндіретін үйірлі шегіртке басып қалған. Бүгінге дейін Жангелдин ауданындағы 226,043 мың гектар, Амангелді ауданындағы 14,275 мың гектар алқапқа шегірткеге қарсы дәрі шашылды. Жангелдин ауданындағы үйірлі шегірткенің Науырзым ауданына қарасты егін алқаптарына да көшкені туралы мәлімет тіркелді. Алайда үйірлі шегіртке егістікке айтарлықтай зиян тигізген жоқ. Қазіргі уақытта үйірлі шегірткенің дені ауылшаруашылық алқаптарын тастап, Жангелдин ауданындағы далалық аймаққа қарай көшті», делінген аумақтық инспекциядан келген хатта.
Аумақтық инспекция шегірткеге қарсы іс-шаралардың күн сайын атқарылып жатқаны туралы мәлімет беріп отыр. Алайда жауын-шашын, күшті жел, аптап ыстық кедергі келтіргендіктен, химиялық өңдеу жұмыстарын тиісінше жүргізуге мүмкіндік болмай отыр.
Алқапты химиялық өңдеу жұмыстары әдетте +25 градустан төмен температурада, таңертең немесе кешқұрым мезгілде ғана жүргізіледі екен. Оған жауапты инспекцияның мәліметінше, қазір Жангелдин мен Науырзым аудандарында 6 жерден дәрі шашқыш, 2 ұшақ, 5 газ генераторы шегірткеге қарсы дәрілеу жұмыстарын атқарып жатыр. Қажетті техникалық құралдар мен химиялық заттар да жеткілікті көрінеді. Үйірлі шегірткенің шектен тыс таралып кету қаупін жоюдың нақты шаралары қабылданған.
Алайда «Алмас» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Райысов: «Осы шегірткеге қарсы у шашатын мекеме қызметкерлерінің уы жоқ, уы болса, агрегаты жоқ, агрегаты болса, жанармайы жоқ. Біз қайда барып шағым айтып, кімнен қолдау сұрайтынымызды білмей отырмыз. Осы Жангелдин ауданындағы алқаптарды екі жылдан бері улап жатыр. Содан бері бүкіл ауданға қарасты алқапты улап бітетін уақыт болды. Білмеймін, бізде бір жайбасарлық бар. Еріксіз аумақтық инспекция мамандары өздеріне сеніп тапсырылған міндетті дұрыс атқарып жатқан жоқ деген күмән туады. Оларға мемлекет тарапынан шегірткеге қарсы дәрі, жанармай бөлінеді. Сол жанармай мен дәрі тиісті мақсатқа жұмсалмай, орта жолда сатылып кетті ме деген күмәніміз бар. Менің өзіме де бір-екі рет келіп, арзан у бар, аласыңдар ма деп ұсыныс жасаған адамдар да болған. Оны сатып алуға менің арым жібермеді», дейді.
Қостанай облысы