Шаруашылық • 03 Шілде, 2023

Шабындыққа шалғы кеш салынды

347 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Маусым айында жауын-шашын жиілеп кетті де, күн райының қолайсыздығы шабындыққа шалғы салдырмады. Тіпті түн кәдімгідей салқын болып, кейбір аудандарда шөп көтерілмей қалды. Оның үстіне шаруаның көбі құрбан айттың өтуін күтіп, жаз науқанына енді ғана білек сыбанып кірісе бастады.

Шабындыққа шалғы кеш салынды

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының мәліме­тінше, биылғы жаз өңірде 1 млн 97 мың тоннадан астам шөп да­йындалуы керек. Ал бүгінгі күнге дейін шабылған шөптің шамасы 50 мың тоннаға жетпейді. «Облыс шаруашылықтары шабындық жұмыстарын маусымның он бесінде бастаған. Бірақ жаңбыр жауып кетті ғой. Қазір қайтадан кірісіп жатыр. Биыл шөп жеткі­лікті, жоспар орындалады. Ша­руа­шылықтардың бәрі қысқы мал азығын артығымен дайындап алатын жағдайда отыр. Бірқатар ірі шаруашылық біржылдық, екі, үшжылдық шөп егеді. Олардың біразы шабындығын жылына екі мәрте шауып алады. Биыл шөптің бағасы да арзандау болуы мүмкін», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Кенжеқозы Жұман­дықов.

Бірсыпыра шаруалар түрлі себептермен шөпке әлі шыға қоймаған. Мысалы, облыс орта­лы­ғынан шалғай жатқан Аман­гелді ауданындағы фермер Боранбай Қойшыманов нау­қан­ды сынған техникасын сай­лап алған соң бастағалы отыр.

– Биыл шөптің шығымы жақ­сы. Маңайымдағылар шауып жатыр, қалың сияқты болып көрінді. Екі-үш күнде кірісе­міз. Жаздың басы ыстық болып, қырлау жерлерді күйдіріп жібер­ген. Өткенде үш-төрт күн үзік-үзік жаңбыр болып, содан кейін көгін сақтап тұр енді. Амангелдінің табанында шөп бар, биыл су жақсы жайылды, – дейді шаруа.

Науырзым ауданына да шөп жақсы шыққан. Бұл өңірдің шаруалары мұндай берекелі ша­бындықты көптен көрген жоқпыз деп отыр. Алғашқы тіркемесін кеше ғана жеткізіп алған шаруа қожалығының басшысы Дмитрий Исаев: «Былтыр шөптің бір түгін жергілікті халыққа 6 мың­нан, сырттан келгендерге 8 мың­нан сатқанбыз. Биыл 2 мың теңгеге қымбаттайтын шығар. Өйт­кені жанармай қымбат, жұ­мыс­шылардың жалақысын да көбейттік, шөп мол, бірақ шығын көп. Осының бәрін ескеру керек болады. Қалай болғанда да, биыл жергілікті халық қыстан қысылмай шығады», деді.

Меңдіқара ауданына қарас­ты Теңіз ауылында 15 шақты шағын шаруа қожалығы бар. Бұл өңірде шөп әлі көтеріліп үлгермегендіктен, шаруалар тек ойпаң жерлерге ғана шалғы салып жатыр. Осы ауылда 50 бас қара мал ұстап отырған Ербол Қарымсақовтың айтуына қарағанда, былтыр қыста бұл өңірге түскен қар жұқалау болып, көктемде еріген қар жерге тез сіңіп кеткен. «Жылдағыдай жылға болып ақпады. Одан кейін жаздың басындағы екі апта өте ыстық болды. Сондықтан биыл шөп аздау. Бірақ шілдеде жақсылап тұрып бір рет жаңбыр жауса, қау етіп көтеріліп кететін шығар деген үмітіміз бар. Бірақ ауа ра­йына үміттеніп, көкке қол жайып отыра беруге болмайды. Әр ауыл­да ірі-ірі шаруашылықтар бар. Олардың мойнындағы әлеуметтік жауап­кер­шілік те салмақты. Сон­дықтан осындай қуатты ша­руа­­шылықтардың басшылары қазірден бастап халықтың қамын ойлап, біржылдық, көпжылдық шөптерді егіп тастағаны абзал. Мысалы, облыста судан шөбін егіп жатқандар бар. Оны жылына екі рет шауып алуға болады. Осындай жолмен әр ауданда қысқы мал азығының қорын жасап қою қажет. Біз жақтың малы жылына, кем дегенде, бес айдай қорада тұрады. Қыс аяғы ұзарып кетсе, қолында техникасы жоқ кейбір қарапайым тұрғындар шөбін жеткізе алмай тарылып қалатын жағдайлар болып тұрады. Ал әрбір аудан жал­пыға ортақ қысқы мал азы­ғының қорын жасап алса, халыққа үлкен қолдау болар еді. Көктемге қарай біреуге бір тонна, біреуге жарты тонна шөп жетпей қалып жатады. Әлгі қор осындайда қысылған ағайынға кәдімгідей дем берер еді. Оны ешкім тегін алмайды, әркім өз қаражатына сатып алады. Бұл сол қорды жасақтап отырған шаруашылыққа да пайдалы болар еді», дейді шаруа.

Жалпы, өңірде шөп шабу науқаны шілденің онына қарай қыза түсетін сыңайлы. Бүгінге дейін шамамен 100 гектардай шабындық шалғыға ілінді. Қазір 138 мың тонна шөп дайындап алуды жоспарлап қойған Амангелді ауданы алда келеді. Бұл өңірдің шаруалары 20 мың тоннадай шөп шауып алды.

 

Қостанай облысы