Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Тәуелсіздік алғалы бері дипломаттарымыз жер-жаһанның түкпір-түкпірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, халықаралық аренада қауіпсіздік пен тұрақтылықтың бетке ұстарына айналды десек артық айтқандық емес.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін цифрларды сөйлетейік. Бүгінге дейін тоғызыншы территория әлемнің 186 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Төрткүл дүниеде Ұлы даланың 67 елшілігі, 18 бас консулдығы, 3 дипломатиялық миссиясы, 9 консулдығы және халықаралық ұйымдардағы 4 тұрақты өкілдігі бар. Бұдан бөлек, алыс-жақын шетелдерден 70 елшілік «тоғызыншы территорияда» дипломатиялық қызмет етеді. Сондай-ақ 38 халықаралық ұйымның елімізде өкілдігі жұмыс істейді.
Қазақстан сыртқы саясат пен дипломатияда толағай табыстарға қол жеткізді. Мәселен, еліміздің жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша көтерген және іске асырған бастамалары аз емес. Соның ішіндегі бірегейі, яғни еліміздің жаһандық беделіне тікелей әсер еткен теңдессіз оқиға – Қазақстанның Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуы. Бұл бастама жер-жаһанда ядролық қарусыздануға қатысты маңызды шешім қабылдауға ықпал етті.
Тоғызыншы территория халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Мәселен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру және Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) құруға Қазақстанның белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Татулық пен өзара келісім орнату жолында Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудің маңызды алаңына айналдыра білді. Өз жерінде түрлі этнос пен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан Астанада бір үстелдің басында мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің көшбасшыларын жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның жаһандық ұйымдарға төрелік етуі де дипломатиялық қызметтің табысты жұмыс істеуімен тығыз байланысты. Мысалы, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де кәрі құрлықтағы бірқатар мәселенің шешімін тауып берді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі еліміздің жер-жаһанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ерекше көңіл бөлетінін айғақтайды.
Сириядағы азаматтық соғыс жүз мыңдаған адамның өмірін жалмап, миллиондаған тұрғынды босқынға айналдырғаны туралы талай мәрте жазылып, биік мінберлерден айтылды. Қазақстан Таяу Шығыстағы мемлекеттің тыныштығын сақтау мақсатында келіссөз алаңын ұсынғаны белгілі. Таяуда Астана үдерісі ретінде танылған келіссөздер алаңы өз мәресіне жетті. Осыдан алты жыл бұрын басталған бейбітшілік жөніндегі келіссөздер барысында көптеген маңызды шешім қабылданып, тұрақтылық пен қауіпсіздік орнату жолында үлкен шаруа атқарылды.
Астана үдерісінің 20-раундында Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұмыш Астана үдерісі өз міндетін аса абыроймен атқарғанына тоқталды. Осы келіссөздер нәтижесінде Сирия аймақтағы оқшауланудан біртіндеп құтылып келе жатқанына назар аударды.
«Осы ретте аталған қол жеткізген жетістіктерді, оның ішінде Сирияның Араб лигасына қайта оралуын назарға ала отырып, Сирия бойынша бүгінгі кезекті 20-отырысты Астана үдерісі шеңберіндегі соңғы іс-шара деп ресми жариялаймыз», деді Қ.Тұмыш.
Естеріңізде болса, Астана үдерісінің алғашқы раунды 2017 жылдың 23-24 қаңтарында өткен болатын. Іс-шара 2016 жылғы 30 желтоқсанда Женевада қол қойылған атысты тоқтату туралы келісімді нығайту үшін ұйымдастырылды. Ресей, Иран, Түркияның қолдауымен Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері арасында жүргізілген бұл жанама келіссөзге БҰҰ делегациясы дәнекер ретінде, АҚШ делегациясы байқаушы ретінде қатысты. Осы орайда бұған дейін дөңгелек үстелге бірге отырмаған Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері тұңғыш рет Қазақ елінің бас қаласына жиналды.
Кездесудің нәтижесінде кепілгер мемлекеттер Сириядағы атысты тоқтатуды бақылаудың үшжақты тетігін құруға келісті. Сонымен қатар Астана алаңында өзекті мәселелер жөнінде келіссөз өткізуге уағдаласты. Сонымен қатар кепілгер мемлекеттер бірлескен мәлімдеме жасап, онда Сирияның аумақтық тұтастығы мен егемендік принциптерінің сақталатынына мүдделілік танытты.
Келіссөздердің келесі раунды 2017 жылғы 15-16 ақпанда ұйымдастырылды. Бұл жиынның нәтижесінде кепілгер мемлекеттер БҰҰ-ға есеп беретін Бірлескен жұмыс тобын құруға келісті. Бітімге қосылған аумақтар туралы ереженің жобасын жасасып, тұтқын алмасу туралы ереженің жобасын талқылады. Іс-шара мұнымен тоқтап қалған жоқ. Сол 2017 жылғы 14-15 наурыз күндері тараптар елордаға тағы жиналды. Бұл жолы кепілгер мемлекеттер Сириядағы атысты тоқтатудың жай-күйін және бітімге қосылған аумақтардағы жағдайды талқылады. Тұтқын алмасу жөніндегі жұмыс тобы туралы ережені, Сирия конституциясы бойынша жұмыс тобын құрудың шарттарын пысықтады. ИЛИМ/ДАИШ және «Әл-Нусра майданы» тәрізді террорлық топтардың және қарулы оппозициялық ұйымдардың орналасқан жерлерін көрсететін бірыңғай карта құруға келісті.
Ал 4-5 мамырда өткен төртінші раундта кепілгер мемлекеттер Сирияда қауіпсіздік аймақтарын құру туралы меморандум жасасты. Зорлық-зомбылықты тез арада тоқтату, гуманитарлық жағдайды жақсарту және қақтығыстарды саяси реттеуге қолайлы жағдайлар жасау үшін Идлиб, Хомс, шығыс Гута, Дераа және Кунейтра провинцияларында қауіпсіздік аймақтарын құруға келісті. Астана үдерісінің 5-ші раунды 2017 жылғы 4-5 шілдеде болып, нәтижесінде, ұрыс қимылдарын тоқтату режімін күшейту бағытында нақты оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Дүрдараз тараптардың басын қосқан Астана үдерісінің бір жылда бірнеше рет келіссөз өткізуі өз жемісін бергенін айта кеткен жөн. Жарты жылдың ішінде Сириядағы жанжалдың ауқымы бәсеңдеп, гуманитарлық көмек жеткізуге қолайлы жағдай жасалды. Аталған елде құрылған деэскалация аймақтары зорлық-зомбылық деңгейін айтарлықтай төмендетті. Бұдан бөлек, деэскалация аймақтары бойынша Бірлескен жұмыс тобы құрылып, оның ережесі бекітілді.
Сондай-ақ Астана келіссөздерінің 6-7 раундтарында да маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Соған сәйкес кепілгер мемлекеттер деэскалация аймақтарын құру жөніндегі меморандум ережелерін іске асыруға мүдделі екенін тағы растады. Тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2017 жылдың аяғында мүдделі тараптар елордаға сегізінші мәрте жиналды. Онда лаңкестік ұйымдармен күрес тоқтамайтынына кепілгер мемлекеттер екпін берді.
2018 жылы Астана үдерісінің үш раунды өтті. Бұл жолғы жиындар кезінде де ауқымды келісімдер жасалды. Келер жылы кепілгер мемлекеттер мен Сириядағы тараптар бас қаламызға тағы да үш рет жиналды. Онда аталған елдегі басты террористік ұйымдар атап көрсетіліп, қарулы топтарға олардан аулақ болуға кеңес берілді. Гуманитарлық көмекті арттыруға уағдаласты.
Өкінішке қарай, 2020 жылы шартарапты жалмаған коронавирус пандемиясына байланысты Астана келіссөздері өткізілген жоқ. Алайда 2021 жылы тараптар бейбітшілік орнату жолындағы жұмысын қайта жалғастырды. Сол жылы елордада үш рет Астана үдерісі өтіп, Сириядағы гуманитарлық ахуалды жақсартуға ерекше екпін берілді. Халықаралық қоғамдастықты, БҰҰ мен оның гуманитарлық агенттіктерін Сирияға көмекті арттыруға шақырды. Былтыр Астана үдерісінің 18-19 раундтары өткені белгілі.
Осы орайда біртіндеп Сириядағы ахуал реттеле бастағандықтан, елорданы келіссөздер алаңы ретінде ұсынуға қажеттілік азайғанын айта кеткен жөн. Өйткені ондаған жылға созылған қантөгіс толықтай аяқталмаса да, аталған елдегі ахуал біршама жақсарды. Құрылған деэскалация аймақтары зорлық-зомбылық пен қантөгісті барынша азайтуға мол үлес қосты.
Қысқасы, Астана үдерісі бүкіл мүмкіндікті абыройлы атқара білді. Мұның соңғы нүктесі Сирияның Араб лигасына оралуы болғанын атап өткен артық емес. Осылайша, 2023 жылғы мамырда Сирия үкіметі 11 жылғы үзілістен кейін Араб лигасының саммитіне қатысты. Әлбетте, бұл ұйымға оралу елдегі ахуалды бірден жақсартпайтыны түсінікті. Сарапшылардың пайымдауынша, араб елдерінің ресми Дамаскты қатарына қосуы символдық тұрғыда маңызды. Оның үстіне, қазба-байлығы мол Парсы шығанағындағы мемлекеттер қираған инфрақұрылым мен үйіндіге айналған қалаларды қалпына келтіруге үлес қоса алады деп есептейді.
Астана үдерісінің аяқталуына байланысты Сыртқы істер министрлігі мұндай шешімнің себебін түсіндірді. Бұл формат Женева үдерісіне қосымша келіссөздер алаңы ретінде құрылып, қақтығысты тоқтату үшін нақты практикалық міндеттерді шешуге арналғаны мәлім.
«Осы тұрғыда қазіргі уақытта оның деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы қантөгісті тоқтату және ауқымды гуманитарлық дағдарыстың алдын алуы тәрізді бастапқы мақсаттары орындалды. Бүгінгі таңда Таяу Шығыс аймағындағы саяси ахуал түбегейлі өзгерді. Араб мемлекеттерінің Дамаскімен қарым-қатынастарды қалпына келтіруге ұмтылысы байқалады. Сирияның Араб мемлекеттерінің лигасындағы мүшелігі қайтарылды. Бауырлас Түркия Республикасы достас Сириямен өз қарым-қатынастарын оңалтуға ниетті», делінген Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.
Дипломатиялық ведомство Сирияның аймақтағы оқшаулаудан біртіндеп шығуын Сирия бойынша Астана үдерісі аясында жұмсалған күш-жігердің зор нәтижесіне балап отыр. Дегенмен Сыртқы істер министрлігі Астана үдерісіне қатысушылар келіссөздерді жалғастыруға өтініш берсе, Қазақстан оны қайта бастау мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін хабарлады.