Жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын демалыс орталығы 1,9 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда бір мезетте 2000 адам демалатын мүмкіндік бар. Демалыс аймағындағы толқынды бассейндер мен түрлі әткеншек бұрынғы «Зербұлақтың» ажарын аша түскен.
«South Holiday» ЖШС-ның бас директоры әрі кешен басшысы Айбек Оршыбековтің айтуынша, демалыс аймағына күніне 4 000 адам келеді деп жоспарланған. Ал Таразға табан тіреген меймандар билетті «ZER» мобильді қосымшасы арқылы да ала алады. Билеттер үлкендерге бес мың теңгеден саудаланса, 2-13 жас аралығындағы балаларға төрт мың теңге.
«Туған жерді түлету – әрбіріміздің парызымыз. Сондықтан да инвестиция құйып, «Зербұлақ» аквапаркін аштық. Бұл – үш инвестордың туған жерге деген сыйы. Толқын тербелісі бар, сырғанауға арналған және дренажды бассейндер қойдық. Жиырма шақты адам жұмыспен қамтылып отыр. Ара-тұра жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы отбасыларға жеңілдік қарастырып тұрамыз», дейді А.Оршыбеков.
Тараз