Бокс • 04 Шілде, 2023

Үздіктер іріктелген турнир

195 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астананың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған бокстан ерлер және қыздар арасындағы «Елорда кубогі» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Биыл екінші рет жалауы желбіреген байрақты бәсекеде еліміздің ерлер құрамасы 8 алтын, 9 күміс, 15 қола медаль, бұрымды боксшылар 8 алтын, 9 күміс, 13 қола жүлде олжалап, «Beeline Arena» спорт кешеніне жиналған барша бокс жанкүйерін қуанышқа бөледі.

Үздіктер іріктелген турнир

Бір аптаға жалғасқан жа­­рыста ерлер құрамасы – 13, əйел­дер – 12 салмақ дә­ре­же­сінде кім мықтыны анық­та­ды. Алыс-жақын шетелден келген құрамалардың бап­кер­лері бұл турнирге өз елде­рі­нің екінші және үшінші нө­мірлі бокс­шыларын әкеліп, шә­кірт­терінің шетелдегі турнирде қалай өнер көрсететінін байқаса, Мыр­зағали Айтжа­нов жас бокс­­шылармен қа­тар, Олим­пиа­да, əлем жəне Азия чем­пио­натының жеңімпазы мен жүл­дегерлерін қатыстырды. Со­нымен қатар ұлттық құрама­ның бапкерлер қосыны турнир барысында алдағы Азия ойын­дары­на баратын бірнеше сал­мақта­ғы негізгі боксшыларды анық­­тап алғанын да айта кеткен жөн. Мәселен, 57, 63,5 жəне 92 ки­ло салмақтарда үздік шыққан спорт­шылар қыркүйек пен қазан айы аралығында Қытайдың Ханьч­жоу қаласында Азия ойын­да­рына қатысып, Париж Олим­пиа­дасының жолдамасын иеленуге талпынып көреді.

Енді осы негізгі үш салмақ­тың нәтижелеріне аз-кем тоқта­лып өт­сек. Биылғы додада нағыз тартысты жекпе-жек­тер 57 кило сал­мақ дәре­жесінде өрбігені белгі­лі. Өйт­­кені Олимпия ойындарының бағдарламасына енген салмақта еліміздің кіл мықты боксшылары жұдырықтасты. Атап айтқан­да, осы салмақтың үздігі, 2021 жылғы әлем чемпионатының және 2022 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Серік Теміржанов­тан бөлек, жуырда ғана Ташкент­те өткен әлем чемпионатында, оның алдындағы 22 жасқа де­йінгі жастар арасындағы Азия бірін­шілігінде чемпион атанған 54 кило салмақтағы талантты боксшы Махмұд Сабырхан, ел чем­пионатының жүлдегерлері Оразбек Асылқұлов, жастар ара­сындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерболат Сабыр, тағы басқа боксшылар да өнер көрсетті.

22 жастағы Махмұд Сабыр­хан жарыс барысында жаңа сал­мақ дәрежесінде жұдырықтасса да, 57 килоны жатсынбай, өзін ер­кін сезініп, финалға дейін алқын­­бай жетті. Тұсаукесер кездесуінде ­ол ел чемпионатының және ха­лық­аралық жарыстардың жүлде­гері Оразбек Асылқұловтан 4:1 ­есе­бімен басым түссе, одан ке­йінгі жекпе-жегінде моңғо­лия­лық Кхарку Бильгунсайхан­ды 5:0 есе­бімен тізе бүктір­ді. Ал жартылай финалда Серік Теміржановпен шеберлік байқасты. Қос мық­тының кез­десуін тамашалауға «Beeline Arena» спорт ке­шені­не өте көп жанкүйер жиналды. Ма­ман­дар мен бокс ­жан­күйерле­рі­нің қызығу­шы­лығын тудырған айқас­та Махмұд өз мықтылығын дә­­лелдеп, жарыс жеңімпазы атанды. Теміржанов бұл кездесуде Махмұдқа қарсы ешқандай айла-тәсіл қолдана алмады. Үш раунд бойы соққы жасауға мұршасы келмей, тек қорғанумен болды. Қорытынды есеп – 4:1.

Сондай-ақ Азия ойындары­на іріктеу салмағы болған 63,5 ки­лода да жекпе-жектер өте шие­леністі өтті. 60 пен 63,5 кило­ның ең мықтылары жиналған бәсе­кеде 2021 жылы 63 килода ел чемпионы атанған Ертуған Зейнуллиновтің бағы жанды. Финалда ол Таиланд боксшысы Хунатип Пиднухтен басым түсті. Бұл салмақта үшінші орынды Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Сұлтан Мусинов иеленді. Жарыс соңында бас бапкер бұл салмақта әлі де іріктеу жүретінін, Азия ойындарына нақты кім баратыны тамыз айында белгілі болатынын айтты.

Ал 92 кило салмақта жас­тар арасындағы Олимпия ойын­да­ры­ның жеңімпазы, жастар ара­сын­дағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ересектер ара­сын­дағы Азия және ел чемпионы Айбек Оралбай көпшілік күт­кендей жұдырықтаса алмай, жарысты қола жүлдемен түйіндеді. Ал «Елорда кубогінде» бұған де­йін 86 килода бақ сынаған Са­ғын­дық Тоғамбай топ жарды. «Бұл салмақтың үздігі саналған Ай­бек алғашқы жекпе-жегін Тәжік­стан боксшысымен өткізіп, өз дең­гейінде өнер көрсете алмады. Жар­тылай финалда салмағы асып ке­тіп, жарыс жолынан шығып қал­­ды. Бұл – ережені бұзу, тәртіп сақ­тамағандықты білдіреді. Бокс­шыларымыз еліміздегі жарыс­тарда ұқыптылық танытпаса, үлкен жарыстарда жағдайдың қалай боларын бағамдай бері­ңіз. Сондық­тан алдағы уақытта бұл мәселені кеңінен талқылап, боксшыға шара қолданамыз», дейді М.Айтжанов.

Өзге салмақтағы нәтиже­лер­ге тоқталар болсақ, 48 килода ел чемпионатының алты дүркін же­ңімпазы Теміртас Жүсіпов бағы жанса, 51 килода Сəкен Бибосыновқа тең келер ешкім табылмады. Сонымен қатар «Елор­да кубогінде» Тимур Қабдешев (54 кг), Дильшод Абдумуродов (Өзбекстан, 60 кг), Шамшер Саидов (Тәжікстан, 67 кг), Хавасбек Асадуллаев (Өзбекстан, 71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Тоқтарбек Таңатхан (Қытай, 80 кг), Абзал Құттыбеков (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг) және Джахонгир Зокиров (+92 кг) үздік шықты.

Жарыс қорытындысы бойын­ша, ерлер арасында турнирде Махмұд Сабырхан (57 кг) үздік боксшысы атанса, қыздар арасында бұл атақ қытайлық Янг Ченгуге (63 кг) бұйырды.