«Алжирдегі италиялық қыз» – комедия жанрындағы классикалық операның озық үлгісі. Шытырман оқиғаларға толы опера-буффа өзінің барлық қатысушыларынан шебер әрі нақышына келтіре орындауды талап етеді. Сол себепті де айтулы туынды «Астана Опера» солистері үшін тамаша тәжірибе болғаны анық. Әлем бойынша сирек қойылатын классика жауһары театр вокалистері мен оркестр музыканттарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңаша белеске көтерілуіне мол мүмкіндік сыйлады.
«Алжирдегі италиялық қыз» әкелген басты жаңалық – опера Астана ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша алғаш рет сахналанады. 200 жылдан астам уақыт бұрын жазылған туынды режиссер, халықаралық байқаулардың лауреаты әрі дипломанты Еренбақ Тойкеновтің суреткерлік сараптауының нәтижесінде жаңаша мәнерге ие болды.
– «Алжирдегі италиялық қыз» қойылымымда мен шығыс ерлері мен әйелдеріне деген көзқарасты өзгерткім келеді. Менің нұсқамда бас кейіпкер Мұстафа бей ақымақ емес, ал Эльвираның сұлулығы түр-әлпетінде ғана емес, оның сұлулығы өзінің ер-азаматын жақсы көре алуында жатыр. Қандай жағдай болса да, ол өз сезіміне берік болып, ғашығын күтеді. Бұл қойылым – қазіргі заманның әдет-ғұрыптарына деген сатиралық көзқарас және ер мен әйел арасындағы қарым-қатынасты айшықтайтын үлкейткіш шыны. Сансыз көңілдес әйелдер мен жарының махаббатынан әбден жалыққан Мұстафа бей италиялық қызбен іңкәр сезім тұңғиығына түсуге құштар болады. Алғашқыда бойын құштарлық билеп, асып-тасқан бас кейіпкер соңында өмірдегі басты құндылықтар – отбасын, достарды, ізгілікті, махаббат пен өзара сыйласымды бағалау керек екенін түсінеді, – деп атап өтті режиссер.
Спектакльдегі басты рөл – Изабелла партиясын орындау үшін италиялық солист Лаура Верреккья арнайы шақырылды. Әншінің репертуарында бароккодан бастап, заманауи музыка мен белькантоға дейін бар. Соның ішінде әсіресе Джоаккино Россинидің шығармалары айрықша мәнге ие.
– Изабелла партиясындағы дебютім Францияда Тулон опера театрында 2018 жылы өтті. Бұл бейнені бірден жақсы көріп кеттім. «Алжирдегі италиялық қыз» спектаклінің кейіпкері – мықты әрі тапқыр әйел. Ол әйелдер үстемдік еткен қала Ливорнодан кетеді. Ливорнода туып-өскен, сахналық өнерден сабақ беретін ұстазым, маэстро Франческо Торриджани екеуміз Изабелланың мінез-құлқын жіті зерттедік. Ол ақылды. Сүйіктісі Линдороны Италияға қайтаруға шешім қабылдаған және өз мақсатына жету үшін бәріне де дайын. Менің кейіпкерім көңілді әрі сезімтал. Бұл қасиеттер оның вокалдық партиясында толық көрсетілген, – деп Лаура Верреккья кейіпкері мен оған дайындығы туралы көсіле әңгімеледі. Әншінің айтуынша, ол Джоаккино Россинидің туындыларын айрықша жақсы көреді.
– Композитордың меццо-сопраноға арнап жазылған тамаша музыкасы маған зор әсер сыйлады. Оның туындыларының арқасында әлем бойынша өнер көрсетіп, таңғажайып тәжірибе жинақтадым, сол үшін де ұлы композиторға алғысым шексіз. Россинидің шығармалары маған операның тылсым табиғатын ашты, – деді әнші.
Еске салсақ, Флоренция консерваториясын үздік тамамдаған Лаура Верреккья 2015 жылы «Севильдік шаштараз» қойылымында Розинаның рөлінде дебют жасаған. Сонымен қатар Дж.Россинидің «Италиядағы түрік» спектаклінде – Зайданы, «Күлбикеде» – Анджелинаны, Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» спектаклінде – Судзукиді, Ж.Бизенің аттас операсында Карменді және басқа да партияларды орындаған.
Италия опера өнерінің шебері Лаура әңгіме барысында Қазақстанға жасаған алғашқы сапары һәм ел ордасы Астананы көргендегі әсерін де жасырмады: – Қазақ достарымның арқасында сіздердің елдеріңізді сырттай танып-білдім. Олар әрдайым Қазақстанды мақтан етіп, Астана туралы, ондағы теңдессіз театр туралы да көп айтатын. Жиі қонаққа шақыратын. Алайда түрлі себептерге байланысты жол түспеді. Көптен күткен сапардың сәті енді түскен екен. Өте қуаныштымын. Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – деді италиялық құрметті мейман.
Операның тағы бір жаңалығы – Лаура Верреккьямен бірге «Астана Опера» Үлкен залының сахнасына опера академиясының түлектері шықты. Екі жыл бойы әлемнің үздік ұстаздарынан вокалдық шеберліктің қыр-сырын үйренген опера академиясының тыңдаушылары үшін бұл қойылым өзіндік емтихан болды десек, артық айтқандығымыз емес.
Академияның барлық түлегі емтихан спектакліне зор жауапкершілікпен келді. Дайындық барысында оларға Италиядан келген вокал бойынша ұстаз Алла Симонишвили дәріс берді. Ол былтыр жастармен В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсын қойған болатын. Ал костюмдер бойынша суретші Манана Гуниа әртістерді бейнелеріне сәйкес жасандырды. Ал спектакль режиссері Еренбақ Тойкенов сюжетті қазіргі заманға лайықтап, танымал классиканың өз пайымдауын ұсынды. Қойылымда өзгермеген бір нәрсе бар, ол – кемеңгер композитордың ұлы музыкасы.
– Россинидің құнды операсы – әрбір кәсіби вокалист үшін емтихан. Біздің академистер үшін де бұл опера сынақ тәрізді. Россинидің стилистикасы өте болмашы жылжымалы техниканы, италиялық мәтінді мінсіз дыбыстауды және түсінуді, сондай-ақ жоғары актерлік шеберлікті талап етеді. Біздің дарынды жас вокалистеріміздің бойында осынау партитураны жүзеге асыруға қажетті барлық қасиеттер бар, – деді спектакльдің қоюшы дирижері Руслан Баймурзин.
Орындаушылардың вокалдық әрі музыкалық дайындығы жөніндегі маман Алла Симонишвили де маэстро пікіріне қосылып, туындының күрделі екенін атап өтті:
– Россини операсы айрықша бірегей мәнерге ие, ол классикалық-барокколық мәнер негізінде пайда болған. Россиниді жақсы орындау үшін барокколық, классикалық және романтикалық музыканы да білу керек. Вокалдық мүмкіндіктердің айтарлықтай кең спектрінің болуы шарт және әлбетте, әнді шебер айтуы қажет. Музыканы орындау өте күрделі, десе де әншінің партияны дайындау кезінде қандай қиындықтарды бастан кешіргенін тыңдарман сезбейді де. Оның барлық кереметі осында жатыр. Қиындықтар естілмесе, нағыз өнер – осы, деді музыка маманы.
Алла Симонишвилидің айтуынша, Джоаккино Россинидің өлімінен кейін оның музыкалық мұрасы жылдар бойы лайықты құрметке ие бола алмаған: – Оны ұзақ жыл бойы ортанқол композитор деп санап келді. Тек 40 жылдан астам уақыт бұрын Италияның Пезаро қаласында Россини фестивалі ашылғанда оны лайықты бағалады. Мен академия солистері үшін өте қуаныштымын. Академистер бір уақытта күрделі әрі қызықты операны сәтті орындап шықты. Былтыр мен академиядағы жастармен В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсының қойылымында қуана жұмыс істедім. Олар – тамаша әншілер, келешекте бұдан да керемет әншілерге айналады. Білім алған жылдары шәкірттерім көп жұмыс тындырды. Олар үшін соның барлығының пайдасы тиді, себебі әнші сыныпта білім алғанымен, сахнада өседі. Сыныпта жарты жыл алған білімді сахнаға бір рет шыққанда алады. Жастардың өскенін және мәтінге, сабақтарға неғұрлым жауаптырақ бола түскенін байқаймын. Келешекте олардың вокалдық мансабы табысты болады деп ойлаймын, деді шетелдік ұстаз.
Басты әйел партиясы Изабелланы екі құрамда италиялық әнші Лаура Верреккья мен Эльмира Шпекпаева сәтті сомдап шықты. Сырттай қарағанда мүлде әртүрлі көрінетін үздік дауыс иелері өздеріне ғашық ететін және соңдарынан ерте алатын өте жарқын кейіпкерлерді нақышына келтіре орындады. Естіген жанды баурап алатын керемет дауыс иелері – Жандарбек Еркінбаев пен Шыңғыс Расылхан басты ер партиясы Мұстафа бейнесін үздік ізденіс биігінде ұсынды. Лирикалық тенорлар Әлихан Зейнолла мен Нарұл Тойкенов Линдороның рөлін сомдады. Жауапсыз махаббаттан азап шеккен бейдің жұбайы Эльвираның партиясын Гүлдана Алдадосова мен «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова тамаша жүзеге асыра білді. Зульманың рөлінде сахнаға ғажайып сопрано иегері Әйгерім Аманжолова шықса, Таддео партиясын жарқын баритондар Ержан Саипов пен Азат Мәлік орындады. Сырбаз Дінмұхамед Көшкінбаев пен әртістігімен көзге түскен Алтынбек Әбілдә Әлидің партиясында дебют жасады.
Екі күн бойы елордалық театр сахнасында әуелеген әлемдік опера жауһары театр мерейтойы ғана емес, бас қаламыздың 25 жылдық атаулы мерекесіне да тамаша тарту болғаны анық. «Алжирдегі италиялық қыздың» шытырман оқиғасына тәнті болған астаналық көрермен де тамаша туындыны сахна төріне шығарған шығармашылық құрам еңбегіне толассыз қошеметін арнады. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстанда алғаш рет сахналанған спектакль алдағы уақытта елордалық театр репертуарынан өзінің лайықты орнын алары сөзсіз.