Еңбек • 04 Шілде, 2023

Еңбек адамына – ерекше жағдай

187 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркістандағы ІІ Құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Біз ел болып еңбек адамын қадірлей білуіміз керек. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбек еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз», деп атап өтті.
Қазірде еліміз көлемінде қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қажетті тауар түрлерін шығаруды дұрыс жолға қойып, жаңа тетіктерді, нәтижелі механизмдерді өндіріске батыл енгізудің арқасында сала жұмысын қарыштап алға бастырып отырған кәсіпорындар баршылық. Құрамында мыңға тарта жұмысшы еңбек ететін, өңірдегі өнеркәсіптің көшбасшысы саналатын Алматы көпір құрылымдары зауыты – солардың бірегейі.

Еңбек адамына –  ерекше жағдай

Тек салық түрінде мемле­кеттік бюджетке­ жыл сайын 1,5 миллиардан астам теңге құ­йып­ отырған Алматы көпір құрылымдары зауы­­ты – шын­дығында жұмысы қыз-қыз қай­наған, алпыс жылдық тарихы бар алып кәсіпорын. Байырғы зауыттардың ішін­де заманға жылдам бейімделіп, озық техно­ло­гия­ларға қол жеткізіп, тауарын да экспорттап тұрғаны осы. Ең қызығы, 100 пайыз отан­дық шикізатты кәдеге асыратын зауыт­ өзі шығарған бұйымдарын ғана емес, жұмыс­­шыларын да шетелдерге шығарып отыр.

Зауытта 42 метрлік көпір арқалықтары шығарыла бас­та­ғаннан бері елімізде көпір салу құны 15%-ға арзандаған. Қазірге осындай отандық көпір арқалықтары баламасы ТМД-да жоқ болғандықтан, көрші елдер тапсырысты дәл осы зауытқа береді. Цехта бетонның беріктігі плюс және минус 50 градуста 64 сағат бойы сынақтан өтеді. Осыдан кейін ғана зауыт жол, көпір, туннельдермен ұшу-қону жолақтарына қажетті темірбетон конструкцияларының 360-тан астам түрін шығарады. Күн са­йын зауыттан дайын өнімдер тиел­ген 10 шақты вагон өзін күткен бағыттарға аттанады.

– Біз кейінгі бес жыл көлемінде негізгі өндіріске 4,3 млрд теңге салдық. Бірнеше инновациялық желі іске қосылды. Соның бірі  – ұзындығы 42 метрлік ТБН типті көпір арқалықтары. 2018 жылы өндіріске енген ТБН типті арқалықтар көпір салу құнын айтарлықтай арзандатады. Біздің арқалықтарымыз еліміздегі 72 көпірге салынды. Қазір зауытта 42 метрлік арқалықтың үш түрі шығарылады, олардың екеуінің ТМД-да баламасы жоқ, – деп бастады сөзін «АЗМК GROUP» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Шухрад Шардинов.

– Біз тез құбылатын климатта өмір сүретінімізді білесіздер, мәселен, күндіз ауа райы +10 градус болса, түнде –15 градус­қа төмендейтіндіктен, бетонда жарықтар пайда болады. Сондықтан өзіміз шығаратын бетон бұйымдардың аязға төзім­ділігін арнайы камераларда тексереміз, – дейді сынақ лабораториясының жетекшісі Данияр Ибрайымов.

Зауыттағы өндірістік үде­рістің басым бөлігі автомат­тандырылған, робот­тан­ды­рыл­ғандықтан, бұл уақыт, еңбек шығындарын да азайтады.

– Құм, қиыршық тас, цемент бәрін өзіміздің Қазақстан зауыттарынан аламыз. Өнім­дердің сапасы жоғары болған­дықтан сұраныс та жақсы. Қырғыз­стан, Өзбекстан, Ресей сынды көршілерімізге бетон бұйым­дарын экспорттаймыз, – дейді қалыптау цехының басшысы Мадияр Жарылқапов.

АКҚЗ директоры Александр Терещенко: «Егер қазіргі өндірістік үдерісті кеңес өкіметі кезіндегі ескі технологиялармен салыстыратын болсақ, бұрын цехтағы 100 шақты адам әрі кетсе күніне 500-дей шпал шығаратын, ал қазір цехтағы 30 шақты жұмысшы күніне 1 800 шпал шығара алады. Өйткені жұмыстың көбі роботтандырылған. Дәл осы сәтте шығып жатқан шпалдар «Достық – Мойынты» темір жолын төсеуге жөнелтіледі. Зауыт шпалдарына деген сұраныс – 300 мыңдай болса, цех осы тапсырысқа сәйкес сағат сияқты сартылдап жұмыс істеп жатыр. Инновациялық шпалдар көрші елдерде де сұранысқа ие. Мысалы, Өзбекстан бізден алады», дейді.

Бұл шпалдар 30 тоннаға дейін жүк көтере алады, яғни сағатына 300 шақырымдық жылдамдықпен жүре алатын жүрдек пойыздарға шыдас береді.

– Біз Мәскеу көпірлерінің құрылысына да арқалықтар жібергенбіз. Бүгінгі таңда баға жағынан да, сапа жағынан да ресейлік зауыттарға есе жібермей, Амурдағы Ком­со­мольск қаласына арқалықтар жіберіп жатырмыз. Біз жіберген жүк сонау Қиыр Шығысқа бір ай дегенде жетеді. Бірақ осыған қарамастан ол жақтағы көпір салатын компаниялар біздің өнімдерімізді таңдады, – дейді зауыт басшысы.

Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 170 мың текше метрден асады. Тауар сапалы­ болған соң сұраныс та жоғары. Үлкен Алматы айналма жолын түркия­лық және корея­лық компания­лар мәреге жақындатса, олар да АКҚЗ-дан жол құрылысына қажетті 2 мың­нан астам арқалық сатып алған. Сон­дай-ақ Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Қытай компанияларынан да сұраныс бар.

Зауыт аумағында жолыққан қытайлық Шаньдун Лучао компаниясының бас инженері Сунтао Сюэ: «Біздің компания АКҚЗ-мен бес жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді. Осы зауыттан өндірілетін өнімдерге дән ризамыз. Әрі қарай да темірбетон өнімдерін АКҚЗ-дан алуды жос­парлап отырмыз. «Талдықорған – Өскемен» жолын салу үшін біз осы зауыттың темірбетонын алдық. 3 көпірге 42 және 24 метрлік көпір арқалық орнатып, жұмысымызды тапсырыс беруші мекемеге тапсырдық, ешқандай шағым түскен жоқ», дейді.

– «Батыс-Қытай – Батыс-Еуропа» жолындағы көпірлердің 80%-ы біздің конструкциялардың көмегімен салынды. «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс және Батыс» жолдарына да біздің көпірлер орнатылған. Қазір «Достық – Мойынты» темір жолына темірбетон шпалдарын, ал «Қарағанды – Астана» жолына тауар жөнелтіп жатырмыз, – дейді Ш.Шардинов.

Сондай-ақ зауыттан шыққан темірбетон тақтайшалары Шым­кент, Ақтөбе, Астана және Талды­­­­қорғандағы әуежайдың ұшып-қону жолақтарына да төселген.

– Көпірлер мен жол өткелдері – стратегиялық маңызға ие нысандар. Олар тек сапалы материалдардан жасалынуға тиіс. Біз өз өнімдеріміздің сапасына 50 жылдық кепілдік береміз, – дейді зауыт басшысы.

Зауытта мыңға тарта адам еңбек етеді. Мұнда қабылданған адам осы жұмысынан айрылмауға тырысады. Сондықтан да зауытқа бірі кіріп, бірі шығып қалып жатқан қызметкер де, жұмысшы да жоқтың қасы.

– Біз әрбір қызметкерімізге жағдай жасауға ұмтыламыз. Жұмысшыларымызды да өзіміз дайындаймыз. Келешегінен үміт күттіретін, практикадан өтуге келген қабілетті жастарды алып қалуға тырысамыз. Жыл сайын үлкен ұжымның әлеуметтік қажеттіліктеріне, шетелдерде демалуы, балалардың жаздық лагерьлеріне 60-70 миллион теңге аралағында қаражат бөлеміз, – дейді Ш.Шардинов.

Шухрат Ахметжанұлының айтуынша, зауыт қызметкерлерінің жартысына жуығы Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмір­лік­те­рі сияқты елдерде зауыт есе­бінен демалып қайтқан.

Зауыттың байырғы арда­гер­лері де құр­метсіз емес, олар да керек кезінде оқу комбинатына келіп, тәжірибелерімен бөлісіп жүреді екен. 135 еңбек ардагері мерекелерде ұмыт қалмайды, қаржылай сыйлық, азық-түлік себетін алады.

Ал зауыт аумағы шын мә­нінде – гүл­ден­ген бақ десе де бол­ғандай, 10 мыңдай ағаш, өрік бақтары, гүлдің алуан түрі өсіп тұр.­ Жыл сайын көктемде жаңа көшеттер отыр­ғы­зылып жатады. Әрбір цех өзіне тиесілі ау­мақ­ты күтіп, баптайды, абаттандырады. Ең әдемі аумақты ұйымдастыра білген цехтарға қаржылай сый­лық тағайындалған. Тіпті әрбір цехтың субұрқағы бар десек те болады.

Сапарымыздың соңында зауыттың беделін де берекесін де көтеріп тұр­ған 42 метрлік бетон арқалыққа өз басылым­да­рымыздың, сайттарымыздың логотипін жапсырдық. Оны алып кран арнаулы көлікке тиеп, кезекті нысанға жөнелтіп жіберді. Басылымдардың атауы көпке дейін өткен-кеткен жолаушының көзіне түсіп, менмұндалап тұратын болады.

 

АЛМАТЫ