Аймақтар • 03 Шілде, 2023

Шығыста шөп селдір

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңбырдың аз түсуінен болса керек, соңғы жылдары Шығыс Қазақстанның бірқатар өңірінде шөп селдір. Малмен жан баққан ауыл тұрғындары алты ай қыстан төрт түлігін қалай алып шығарамыз деп алаңдайды. Әсіресе мамырға дейін қар жамылып жататын Марқакөл, Катонқарағай өңірлері үшін қиын. Ауыл шаруашылығы мамандары да жоспардағы жемшөпті жинай алу-алмауын дөп басып айтпады.

Шығыста шөп селдір

Суретті түсірген автор

Былтыр қарапайым тұр­ғындар мал азығын бұта-қарағанның арасын қуалай шауып, тышқаншылап жинаған. Биыл да сол, суармалы немесе өзен-көлдің маңындағы шабындықтар болмаса, теп­сеңдер мен алаңқайлардың шөбі тым сұйық. Әдетте шөп шықпаған өңірлерде малдың құны арзандап, шөп бағасы қымбаттайды.

– «Балапанды күзде санайды» демекші, шөпке әлі шыға қоймадық. Техникаларымызды әзірлеп, асай-мүсейімізді түгендеп жатырмыз. Оның үстіне, көктем кеш шықты, жаз жауын-шашынсыз. Шөп жетіліп үлгере қойған жоқ. Жетілген күннің өзінде түсім мол бола қоймайтын секілді. Шөп шықпаса, көпшілік ел мал басын азайтуға тырысады. Сөйтіп, қысылған ел әуре-сарсаңға түсіп баққан малын арзанға сатуға мәжбүр болады, дейді Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылының тұрғыны Ринат Болатұлы.

Айтқандай, екпе шөптердің өзі пісіп үлгерген жоқ. Жылда маусым ортасында көпжылдық жоңышқаны шауып алар еді. Биыл әлі шалғы түсе қоймады. Өсімдіктің ботаникалық құ­рамы, құнарлығы бабына келгенде бір-ақ шабады. Құнарлы шөпте тұрған мал да күйін бермейді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, былтыр малды қыстан қысылмай шығару үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары 2 590 мың тонна шөп, 122 мың тонна пішендеме, 250 мың тонна сүрлем, 161 мың тонна сабан, 245 мың тонна жем дайындалған. Биылғы меже де осы жоспардың маңайында. Алайда орындала ма?

– Биыл да қол тартпамен шабуға тура келетін секілді. Себебі алаңқайлардағы шөп күйіп кетті. Қоршалған жеріміз болса, өзіміз-ақ суарып алар едік, дейді ауыл тұрғыны Айдын Нұрғабден.

Өзіміз-ақ суарамыз дегеннен шығады, кейбір аудандарда арнайы жерге жаңбыр мен қар суын жинап, тың тәсілмен шабындықтарды суаруды қолға алмақ. Егер жүзеге асса, құрғақшылық жылдары шаруалар алаңсыз жерін суарып, мол өнім алуға мүмкіндік мол болар еді.

Дейтұрғанмен, дәл қазір шөптің түсіміне байланысты кесіп, пікір айтуға болмайды. Бір анығы, статистикалық деректерде жемшөп түсімі жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Себебі шабындық көлемін кеңейту бойынша облыста жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Мәселен, былтыр шабындық жерлер көлемі 14,6 гектарға артқан. «Amanat» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының мұрындық болуымен пайдаланылмай, игерілмей жатқан жерлер де мемлекетке қайтарылып, комиссия арқылы жерді шынымен қажет ететін азаматтарға үлестіріп жатыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы