Ұлттық құрылтайда Президенттің: «Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз», деп қадап айтқаны сенім ұялатты.
«Бос жатқан жер жау шақырады» деп қазақ баяғыда айтып кеткен. Бұл – өмірлік тәжірибеден туындаған ой қорытпасы. Жеріміз кең, көңіл-пейіліміз де кең деп арқаны кеңге салып, бейқам қарауға, беймарал жүруге болмайды. Шекарамызды шегендеп алғанымыз үлкен шаруа болғаны рас, ал сол шекарамен іргелес аудандарымыздың хал-ахуалына салғырт қарауымыз қатты алаңдататын. Облыстарды таратып, бірін екіншісіне қосып жібердік, кезінде ең қатты зардап шеккен де осы шекаралас аудандар. Ат тұяғы жетпейтін, қиян шеттегі ауылдарға көңіл бөлінбеді. Жұрт жұмыс іздеп, қалаға қарай үдере көшіп жатқанда шекарадағы аудандарымыз қаңырап қалғанын көріп жан ауыратын. Осының алдында Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының қайта ашылуын қуана құптаған жұртшылық оң өзгеріс болатынына сенім артты. Ал биылғы Ұлттық құрылтайда шекарадағы үш ауданды – Үлкен Нарын ауданына қосылып кеткен Қатонқарағайды, Күршімге қосылған Марқакөлді, Үржарға қараған Мақаншыны қайта құру туралы Президенттің қабылдаған шешімін тек сол жергілікті жердің тұрғындары емес, бүкіл қазақ қауымы үлкен бетбұрыс деп қабылдағаны анық.
Жақында ғана Самар, Күршім, Зайсан, Марқакөлдің жерін көлікпен жүріп өттім. Шынымды айтайын, Өскеменнен Зайсанға тура тартудан тартындық. Ертістен паром арқылы өтіп баратын айналма жолды жөн көрдік. Табиғаты тамылжыған өңірлер ғой. Ал «Қалбатау – Көкпекті – Зайсан» арқылы Марқакөлге немесе «Үшарал – Аягөз – Ақсуат – Ақжар» арқылы Зайсанға шығатын жолмен жүрудің машақаты туралы айтудың өзі бір азап. Жыры бітпейтін жол, болжамы таусылмайтын әңгіме... Бұл жолы Күршім мен Марқакөлдің арасында қайшыласып жататын көліктер де көзге шалынбады. Жол да тозған. Барыс-келіс азайған. Себебі Марқакөлде қайнап жатқан жұмыс жоқ. Кәсіп іздегендер кетпегенде қайтеді? Осының бәрі көңілге қаяу түсіріп қана қоймай, елдің ертеңі қалай болар екен деген мазасыз ойға әкеліп тіреген. Сол сапардан қатты жабырқап қайтқанымда, көп ұзамай Ұлттық құрылтайдан жылы леп есті, жақсы жаңалық қазақ елін түгел шарлап кетті.
1963 жылы халық жазушысы Ғабит Мүсірепов Семейдің Мақаншы өңірінен Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланды. Сол заманда да депутаттар халықтың аманатын арқалаған. Сайлаушылары Ғ.Мүсіреповке «бұрынғы аудан орталығы Мақаншыдағы сегізжылдық мектеп-интернатқа оқушылар сыймайды, ғимараты тар, тозыңқы, Шыңжаңнан келген қандастар балаларын көрші аудандарға апарып оқытуға мәжбүр, сондықтан мектеп-интернатты 11 жылдыққа көшіруге жәрдем жасасаңыз» деп көмек сұрайды. Ғабең Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары Ілияс Омаровқа мән-жайды түсіндіріп хат жазып, нәтижесінде, Мақаншыда 11 жылдық мектеп-интернат ашылған екен. Мұны біреу білсе, біреу білмес. Мақаншының қайта аудан орталығы болатынын естігенде осы бір жайт еріксіз еске түсті. Мақаншылық бауырлардың көздерінде үміт шырағы қайта жанғанын тағы да сезіндік.
2015 жылы Қатонқарағайда (ол кезде де аудан орталығы емес) Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында Қаратай батыр мен көрнекті жазушы-драматург Қалихан Ысқақтың 80 жылдық мерейтойлары аталып өтті. Іс-шараға Алматыдан Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбаев, Қуанышбай Құрманғалиев, Әлібек Асқаров бастаған бір топ қаламгер қатысқан еді. Қатонқарағайда Қаратай батырдың ескерткіші мен Қалихан жазушының бюсті ашылды. Жұртшылық болып ардақты жазушылар Оралхан Бөкей мен Дидахмет Әшімханды да еске алдық. Төр Алтайдағы торқалы тойға Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан, Ресейдің Алтай Республикасы мен Қосағаш ауданынан, Қытайдың Алтай қаласынан, Астана мен Алматыдан келген меймандар болды. Бір әттеген-айы Қатонқарағай аудан орталығы болмай қалғалы жүдеу тарта бастапты. Халық саны да азайған. Қаратайлық азаматтардың көңілінде «Қатонқарағай аудан орталығы болып қайта құрылатын күнге жетсек» деген бір-ақ тілек болған еді. Сол ақжарылқап күнге де жеттік. Ұлттық құрылтайдың төрінде қабылданған шешім Қатонқарағайдың қайта өрлеуінің, қайта өркендеуінің басы болары анық.
Ел мен жердің тағдырына қатысты шаруаның ұсақ-түйегі жоқ. Бәрі де елеулі, бәрі де маңызды. Көз алдымызда қайта түлей бастаған Нарынқол, Ақсуат, Тарбағатай сияқты аудандардың қатарына жаңа үш аудан қосылғаны да дәтке қуат. Шекаралық аудандарымыздың шебі мықты, мәртебесі биік болса екен деп тілейміз.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты