Елорданың бүгінгі әсем келбетіне, тынымсыз тыныс-тіршілігіне қол жеткізуге аз уақыт жұмсалғанмен, қаншама адамның күш-қуаты, ерен еңбегі сіңгені өз-өзінен түсінікті болса керек. Астана қаласына осынау ширек ғасыр уақыт иінінде қоғам өмірінің барлық саласы бойынша білікті мамандар, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, т.б. көптеп қоныс тепті. Аса жоғары қарқынмен дамып кеткен әлеуметтік-экономикалық салада, қаланың кең ауқымды инфрақұрылымында, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарында еңбек етуге талап қылған адамдар еліміздің түкпір-түкпірінен астанаға бет түзеді, көш болып құйылды. Соның нәтижесінде, қала тұрғындарының саны жыл санап артып, өсім динамикасының аса жоғары дәрежесін көрсетті. Осылайша, 1999 жылы халық саны 318,2 мың адамды құраса, 2000 жылы – 381 мың адамға, 2001 жылы – 440,2 мың адамға, 2002 жылы 493,1 мың адамға жетті. Ал 2003 жылы Астана жарты миллиондық қалаға айналып, тұрғындар саны 502 мың адамды құрады. 2004 жылы елорда тұрғындары 510,5 мың адам, 2005 жылы – 529,3 мың адам, 2006 жылы – 550,4 мың адам, 2007 жылы – 574,4 мың адам және 2008 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша 602,480 адам болды. 2010 жылы 1 қазандағы статистикалық мәлімет бойынша 719 мың адамға көбейді. Қала халқының өсуі табиғи өсім және көші-қон есебінен қатар жүріп отырды.
Соңғы халық санағы бойынша Астана қаласындағы қазақтар саны едәуір артып, қала халқы жалпы санындағы қазақтардың үлесі 69,4 пайызды құрады. Осы санақ дерегі бойынша, орыстар – 5,6 пайызға, украиндар – 29,3 пайызға, беларустар 34,9 пайызға кеміген. Есесіне өзбектер – 16,8 пайызға, корейлер 105,7 пайызға көбейген.
Өткен жылдар ішінде елорда халқының құрылымында жынысы мен жасы бойынша да елеулі өзгерістер болды. Ерлердің үлесі 1,9 пайызға өсті. Жас мөлшерінің құрылымы жөнінде айтар болсақ, еңбекке қабілетті жастағы (15-59 жас) халықтың өсуі жұмысқа орналасу және білім алу мақсатында кейінгі жылдары елордаға көптеп келген ішкі миграция есебінен толықты.
Елорданың демографиялық дәйектемесінде оң өзгерістер ерекше байқалады. Қала халқының табиғи өсімі де көңіл орнықтырады. Соңғы бірнеше жылда бала туу деңгейі өсіп, өлім азайды. 2020 жылы Астана қаласы халқының орташа күтілетін өмір ұзақтығы 73,2 жасқа тең болды. Тұрғындарының орташа жасы 1,2 жасқа – 31,2-ден 30 жасқа дейін төмендеді.
Көші-қонның оң айырмасы негізінен ішкі көші-қон есебінен болды. Сонымен бірге сыртқы көші-қон бойынша теріс айырым бар. Көші-қон есебінен қала халқы санының көбеюінде қазақтың үлесі – 87,7 пайыз, орыс – 5,8 пайыз, украин – 0,8 пайыз, өзбек – 0,8 пайыз және басқа ұлт өкілдері 3,4 пайызды құрады. Жоғарыда айтылғандардан Астана халқының табиғи өсімін одан әрі арттыруға қажетті мүмкіндіктердің барынша мол екендігін байқауға болады. Елордада еңбек нарығы, кәсіби өсу мүмкіндіктері, жоғары жалақы, тұрғын үй құрылысының қауырт дамуы сияқты, адамдардың өмір сүруі үшін бірінші кезекте керек оң мән-жайлар жетерлік.
Халық санының қарқынды өсуі тұрғын үй, көлік, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарының ашылуы сияқты қала инфрақұрылымының қалыпты түрде дамуын талап етеді. Сондай-ақ жарық, жылу және су ресурстарына, көліктік тасымал мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтеріне деген сұраныс та анағұрлым артты. Сол тұрғыда қаланың бет-бейнесі, кескін-келбеті көбіне оның құрылысы, сәнді сәулеті, әлеуметтік-экономикалық дамуы, саяси беделі, адами әлеует және жер ресурстарына иелік етуімен ғана емес, тұрғын үй-коммуналдық саласының, экожүйесінің қолайлы жағдайымен де анықталады.
Алдын-ала болжамдар бойынша, 2030 жылы елорда халқы 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Астана халқының өсуіне байланысты шешілуі кезек күттірмейтін мәселелер де баршылық. Бұл туралы жыл басында өткен, қаланы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы атап өткен болатын.
«Бүгінде қала қарқынды дамып келеді. Астананың инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту қажет. Қазіргі урбанизация қарқыны сақтала берсе, қала халқының саны 2030 жылы 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Соның салдарынан Бас жоспардың көптеген талабы жүйелі түрде бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамыту мәселесі басты міндет болуы керек», деді Қ.Тоқаев.
Астана халқының өсу деңгейі қалалық аудандар санының көбеюінен де байқалады. Айталық, Астана әуеліде қалалық екі ауданға (Алматы, Сарыарқа) ғана бөлінген болса, бүгінде бес аудан (Алматы, Сарыарқа, Есіл, Нұра, Байқоңыр) бар. Әуелде Есіл өзенінің оң жағасындағы жазық жерде орналасқан болса, бүгінде сол жағалаудағы жаңа қала жыл санап қанатын кеңге жайып барады.