Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жастарға жасалған мол мүмкіндік
Осы ойды кеше ғана Астананың бауырлас қалалары форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алға тартты.
«Қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, барлық реформамыздың мәні болмайды. Қазақстанның орнықты дамуы үшін дүниетаным парадигмалары түбегейлі өзгеріп, адамдардың мінез-құлық моделі жаңаруы қажет. Сондықтан мен жастарға, қалалар мен елорданың жас тұрғындарына үлкен үміт артамын. Астана – жас әрі мақсаты асқақ қала. Ұлан-байтақ еліміздің әр аймағынан келген азаматтарымыз қалада тұрақтап қалуға тырысады. Талай жастың елордада бағы ашылды, олар өмірден өз орнын тапты. Бүгінде Астана – мол мүмкіндіктер қаласы. Мұнда әрбір азамат өз әлеуетін пайдаланып, мансап жолында жетістікке жетіп, өзінің арман-мақсатын жүзеге асыра алады. Астана – өзгерістердің қайнаған ортасы, түбегейлі жаңғырулардың асыл діңгегі. Бұл жерде жалпыұлттық бірегейлігіміздің жаңа қырлары мен ұлттың жаңа сапасы қалыптасады», деді Мемлекет басшысы.
Расында, Астанада жастардың дамуы үшін жан-жақты жағдай жасалған. Ең алдымен еңбекпен қамтуға баса мән беріледі. Бұл бағытта қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы белсенді жұмыс істеп отыр. Айталық, бүгінгі таңда жұмыспен қамту іс-шараларының нәтижесінде 2 787 жас жұмысқа орналасты. Оның ішінде 1 492 жас тұрақты жұмыспен қамтылса, 275-і – «Жастар тәжірибесі», 752-сі – «Қоғамдық жұмыстар», 134-і – «Әлеуметтік жұмыс орындары», 132-сі – «Бірінші жұмыс орны», екеуі «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша жұмысқа тартылды.
Бұған қоса қазіргі уақытта елордада жасөспірімдер мен жастарды уақытша жұмысқа орналастыру бойынша «Жасыл ел» бағдарламасының 19-маусымы өтіп жатыр. Жалпы, «Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаға 14-тен 35 жасқа дейінгі оқушылар мен студенттерден бастап жұмыссыз жастарға дейін қатыса алады.
– Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артып келеді. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің көмекшісі ретінде және қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмыстары арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына үлес қосып жатыр. Жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден аса білім беру мекемесі, 20-ға жуық колледж және 10-нан аса жоғару оқу орындары серіктес болуға келісім беріп отыр. Былтыр, нақты айтқанда, 4 208 жас жұмыспен қамтылса, биыл да 4 200 жасөспірім мен жасты қамту көзделген және ол көрсеткішке басқарма жетіп отыр. Олардың қатарында көп балалы отбасылардың, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар», деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.
Оның айтуынша, жұмыссыз жастар құрылыс компанияларына орналасса, жұмыс орнынан жалақы алады, сондай-ақ «Жасыл ел» жобасы аясында қосымша 65 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Жұмыс уақыты – 8 сағат. Ал 14-17 жас аралығындағы жастар кәмелеттік жасқа толмағандықтан, Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулықтарына зиян тигізбейтін, ауыр емес, күніне 4 сағаттан артық емес жұмысқа жұмылдырылады.
Сонымен қатар Астанада 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған шағын несие беру басталды. Мұндағы басты шарт – өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауға тиіс. Жас кәсіпкерлер 5 млн теңгеге дейін жылдық 2,5% номиналды сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейін несие ала алады. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезеңі қарастырылған.
Бұл бағдарламаның тағы да айта кететін тұсы – шағын несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-анасын, туыстарын және т.б.) тартуға құқығы бар. Жастарға микрокредит беру туралы шешімді конкурстық комиссия қабылдайды.
Шаңырақ көтерген жастардың қатары көп
Арман қала Астанада жастар іздеген жұмысын тауып, маман атанып қана қоймай, өмірлік жұбын кездестіріп, отбасын құрып жатыр. Астана елорда болғалы, яғни 25 жылдың ішінде қалада 200 мыңнан аса жастар некесін қиып, шаңырақ көтеріпті. Осындай берік некенің нәтижесінде жас астаналықтардың саны көбейіп, 420 мың сәби дүниеге келді.
Жас отбасылардың қатары Астана күні қарсаңында да толығып жатыр. Жақында мұндай жас жұбайлардың бірі некеге тұру салтанатты рәсімін теплоходта ұйымдастырды. Осынау қуанышпен Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтай келді.
«Елорданың 25 жылдығына орай 10 маусымнан бастап әлеуметтік, мәдени ойын-сауық, спорттық және іскерлік сипаттағы 100-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған. Сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 200 орындық мектеп, кондитерлік фабрика сияқты әлеуметтік нысандардың ашылуы да бар. Бүгін біз Байқоңыр ауданында тұратын жас жұбайларға неке қию куәлігін салтанатты түрде тапсырдық. Бұл іс-шара жыл сайын қала күні қарсаңында өтіп, дәстүрге айналды. Елордада бас құраған жас отбасылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Осыған қарап-ақ елорданы жас қала, армандар орындалатын мекен деп атауға болады», деді әкімнің орынбасары.
Ал салтанатты жағдайда некесі қиылған жас жұбайлар Үсен мен Гүлнәр Мұсайбектер әсерлерімен бөлісіп: «Бізге ХҚО-да бүгінгідей салтанатты тіркеу ұсынылғанда қуана келістік. Некеміз су үстінде осындай сән-салтанатпен қиылғанына және әкім орынбасарының қолынан куәлік алғанымызға қуаныштымыз» деді.
Астанада осындай жас отбасылардың баспаналы болуына да жол ашатын тиімді бағдарламалар баршылық. Мысалы, кейінгі жылдары жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз 5 жылға дейін жалға беріліп жатқан пәтерлер қаншама отбасының болашақ үйіне қаржы жинауына көп көмегін тигізіп жатыр.
Бұл бағдарлама іске қосылған 2019 жылы жұмысшы жастарға Ш. Уәлиханов көшесінің бойынан жаңадан тұрғызылған 5 тұрғын үйден 1 050 пәтердің кілті табысталды. Бұдан кейін 2020 жылы пандемияға байланысты жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 350 пәтер берілді. Бұл үйлер Абылай хан, Б.Момышұлы және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан. Ал 2021 жылы жұмыс істейтін жастарға 1 050 баспана сатып алу құқығынсыз берілді.
«Бұл жобаның негізгі мақсаты – алдағы 5 жыл ішінде жастар өз қаражатын жинақтап, жеке үйлерін сатып алуға бағытталған мемлекеттік жоба. Негізгі міндет – жұмысшы жастарды қолдау. Мұнда бес негізгі қағидат негізге алына отырып таңдалады: жасы 29-дан аспаған, жұмыс істейтін, меншігінде тұрғын үйі жоқ, жинақ жасау үшін депозиттік шоты бар, сондай-ақ кейінгі 6 айда кемінде 111 120 теңге, яғни 40 АЕК табысы бар», деді Қ.Қамбаров.