Сессия аясында Қазақстандағы медициналық туризмнің қазіргі ахуалы, оның даму перспективасы мен проблемалары және аталған бағыттағы көшбасшы елдердің тәжірибесі талқыланды. Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривецтің айтуынша, «University Medical Center» (UMC) Корпоративті қоры аясында Астанада медициналық туризм кластері құрылды.
«Оған JCI аккредитациясынан өткен клиникалар енді. Айта кетейін, JCI – АҚШ-та әзірленген, денсаулық сақтау сапасының жоғарғы деңгейін растайтын стандарт. Қазір Астанадағы медициналық туризм картинасы айтарлықтай өзгерді. Бұрын бізге негізінен Қырғызстан, Өзбекстаннан адамдар ем алуға келсе, қазір емделушілер Ресейден де келе бастады. Алыс шетелдерден стоматология және репродуктивті медицина қызметтерін пайдаланғысы келген азаматтар ат басын бұрады. Бізге келіп ем қабылдап жатқан елдер қатарында Швейцария, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Аустралия және Африка елдері бар», дейді К.Кривец.
Оның мәлімдеуінше, JCI бойынша аккредитация – айтарлықтай қымбат процедура. Медициналық мекемеде барлық халықаралық талапқа сай келетін қызметті көрсете алатындай бюджет болуға тиіс.
«Шетелдік емделушілер тек ем үшін ғана емес, сонымен бірге жайлы жағдай, күшті сервис үшін де келеді. Олар қауіпсіздік пен сапа стандарттарына сай келетін, сонымен қатар ағылшын тілінде қызмет көрсетілетін мемлекеттік және жеке клиникаларды таңдайды. Астананың медициналық кластерінде кардиохирургия, нейрохирургия, репродуктивті медицина, балаларды сауықтыру сияқты бағыттар жақсы дамыған. Сондай-ақ мемлекеттік секторға қатыссыз стоматология және пластикалық хирургия бағытын да атап өткен жөн», деді ол.
Жалпы, 2022 жылы елімізге 5 мың адам ем алу үшін және диагностикадан өту үшін келген. Биыл шамамен 8 мың адам келеді деп күтіліп отыр.
«Егер біз нейрохирургия туралы айтар болсақ, бірінші болып «Vanadis» технологиясы – Орталық Азиядағы жалғыз гамма-пышақ ауызға ілігеді. Бұл дегеніміз – инвазивті емес пренаталды скрининг, ол жерде аналар плацентаны теспей-ақ генетикалық ауытқулардың бар-жоғын анықтай алады. Ал диагностика, қызмет құны туралы айтар болсақ, онда Ресейге қарағанда 1,5 есе төмен бағада қызмет көрсете аламыз. Германия, Израильмен салыстырғанда бізде диагностикадан өту, емделу 3 есе арзанға шығады», деді К.Кривец.
Жалпы алғанда, мамандар Астананың медициналық туризм орталығына айналып келе жатқанын және оған толыққанды мүмкіндігі бар екенін де айтады. Қазір бас шаһарда жеткілікті әлеует бар – жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған, халықаралық стандарттарға сай, бағасы қолжетімді, қызмет спектрі ауқымды және қызмет көрсету деңгейі жоғары клиникалар саны көбейіп келеді.
«Қазақстан әрқашан біздің маңызды серіктесіміз болды. Меніңше, мұның бір себебі халықтың осында сапалы медициналық көмек алуы және соның нәтижесінде медициналық туристерді тарту үшін мемлекет тарапынан кадрларға инвестиция құюы деп ойлаймын. Мұнда мамандар Еуропадан, тіпті Америкадан келіп жатыр. Неге, себебі – мұнда айтарлықтай арзан, оның үстіне медицина түсінікті, белгілі, JCI аккредитациясы бар, бұл – ең маңызды әлемдік аккредитация. Сондықтан Қазақстанның медициналық туризм орталығы атанбауына ешқандай кедергі келтірерлік себеп жоқ», деп пікірін білдірді Израильдегі медициналық орталықтың бас директоры Наталья Мелех.
Қазір елімізде JCI стандартымен жұмыс істейтін 9 клиника бар. Тек соның біреуі ғана – жекеменшік. К.Кривецтің айтуынша, қазір отандық медицинаға жақсы промоушен жетіспей тұр. Алдағы уақытта қауымдастық медициналық ұйымдармен тізе қосып жұмыс істеп, елдегі медициналық қызмет сапасын одан әрі арттыруға, ақпаратты мейлінше кеңінен таратып, шетелдіктердің де сенімін оятуға күш салмақ.