Осы кезеңде табанды оқытудың, жүйелі тәрбиенің, қарқынды ғылыми ізденістердің нәтижесінде университеттен 130 мыңнан астам инженер маман білім алып шыққанын, олар еліміздің өнеркәсібінің өркендеуіне, экономикасының ілгері басуына, ал тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстанның тұғырының нығаюы, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің легіне ұмтылған қадамымыздың қарышты болуы жолында күш-жігерлерін жұмсап, жемісті еңбек етіп жүргенін, ҚазҰТЗУ елімізде ұлттық инженерлік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуының, өсіп-өркендеуінің көш басында тұрғанын ерекше мақтанышпен атап өткіміз келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақ Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойына арналған сессиясында: «Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті – Қазақстандағы техникалық жоғары білімнің флагманы, жалғыз ұлттық ғылыми-техникалық университет. Сондықтан ол жаңа техникалық университеттер үшін ғылыми-өндірістік базаға айналуға тиіс. Еліміздің бас техникалық университетінің даму бағдарламасын бекітіп, оның негізінде инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми зерттеу хабын құру қажет», – деп атап айтты.
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті бүгінде бай тарихы, даңқты дәстүрі, тұлғалы түлектері, тағылымы мол білікті ұстаздары, жоғары кәсіптік-ғылыми дәрежесі, ұлттық мәртебесі, дамыған әлеуметтік және оқу-материалдық базасы бар. Ол әлемдік деңгейдегі инженерлік білім беру, заманауи техника мен технология салаларына қажетті мамандар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны есебінде халықаралық университеттер қауымдастығынан ойып алар орны бар, еліміздің ірі де іргелі ғылыми және білім беру орталығына айналып отыр. Сондай-ақ бұл киелі шаңырақ ғылымдағы, әдебиеттегі, өнердегі айтулы тұлғаларымен, елдің рухани өміріне сүбелі үлес қосқан жан-жақтылығымен де белгілі. Қастерлі білім ордасының ғылым – білім – өндіріс салаларының тұтастығын қамтамасыз ете отырып, елімізде алғашқы болып «Зерттеу университеті» мәртебесіне ие болғанын мақтанышпен айтамыз.
Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, біздің университет осы тұжырымдамада айрықша орын алды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің үстіміздегі жылғы 26 мамырдағы №401 қаулысымен «Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің» 2023–2027 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді.
Аталған даму бағдарламасын іске асыру мақсаты – инженерлік білім мен ғылымның ұлттық жүйесін жаңғырту тетіктерінің бірі болып саналатын және Қазақстанның инновациялық дамуы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне елеулі үлес қосатын университет ретінде ҚазҰТЗУ әлемнің жетекші зерттеу университеттерінің қатарына кіруі үшін жаһандық ауқымда танылатын ғылыми зерттеулердің, білімнің, жобалау жұмысының жоғары деңгейіне қол жеткізу.
Бұл бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы қадамы – цифрлық университет тұжырымдамасын жүзеге асыру, яғни цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпілісті қамтамасыз етуге арналған білім беруді цифрландыру аясындағы қанатқақты жоба. ҚазҰТЗУ базасында еліміздің зияткерлік және материалдық ресурстарын біріктіретін, өзара нығайтатын барлық қазақстандық жоғары оқу орындарының оған қолжетімділігін қамтамасыз ететін ұқсас цифрлық инфрақұрылым қалыптасады. ҚазҰТЗУ тиісті қаржылық тәуелсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізу үшін Гарвард, Стэнфорд, MIT сияқты университеттердің ұйымдық дизайны мен басқару құрылымдарын зерттеп, оларды өз тәжірибесінде қолдануды мақсат етеді. Бұл, әсіресе инженерлік білім, іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы ғылыми қауымдастықты, бизнесті және мемлекетті бірлестіру үшін өте маңызды болмақ.
Қазіргі уақытта университеттің әлемдік деңгейдегі даму үрдісі үшінші миссияны – қоғаммен өзара іс-қимылды, байланысты дамытуды талап етеді. Бұл миссия бойынша ҚазҰТЗУ қызметінің үш негізгі аспектісі: технологиялар мен инновациялар трансферті, үздіксіз оқыту және әлеуметтік қатысу – қоғам мен сыртқы ортаның дамуына ықпал ету саясаты.
ҚазҰТЗУ-да бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау үшін өндіріс + білім – дуальды білім беруді біріктіру әдістемесі қолданылады.
Университет онлайн-білім беруді және пандемия кезінде тиімділігін дәлелдеген жеке Polytech-online платформасын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Бұл білім сапасын арттырып, еңбек нарығындағы өзгерістерге жедел дем беріп қана қоймай, өмір бойы оқу – өмір бойы білім алу (Life-long learning) қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін университеттің 2023–2027 жылдарға арналған даму бағдарламасында Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған ғылымның дамуы мен жоғары білім сапасын арттыру жөніндегі уақыттың сын-қатерлеріне, нормативтік құжаттар мен міндеттерге жауап беретін инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми зерттеу хабын (бұдан әрі – хаб) құру ұсынылды.
Басқаша айтқанда, адамзат қоғамында бүгінгі таңда орын алып отырған қайшылыққа толы, күрделі әрі сан алуан құбылыстар дәуірінде мемлекетіміздің өз орнын, өз жолын анықтап, ілгері басуында Сәтбаев университетіне үлкен жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз. Сонымен бірге, бұл бағдарлама білім беру сапасын, ғылыми зерттеулердің бағыт-бағдарын, өндіріспен байланысты нығайтуды жаңа деңгейге көтеруге қуатты серпін беретініне сенімдіміз. Бүгінгі таңда университет ұжымы осы бағдарламаны жүзеге асыруға белсене кірісіп кетті.
Әр кезеңде Қазақ политехникалық институты, ал 1994 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен (1994 жыл, 7 қаңтар, №43) Қазақ ұлттық техникалық университеті болып қайта құрылып, 1999 жылдан Қ.И.Сәтбаев есіміне ие болып, 2015 жылдан Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мәртебесі берілді. Білім ордасында ректорлық қызметті абыроймен атқарған үлкен ғалымдар, талантты ұйымдастырушылар – әйгілі Политехтың түлектері Ғ.М.Есіркегенов, Ә.Ә.Әшімов, Б.Р.Рақышев, Е.Н.Нүсіпов, Д.Қ.Сүлеев, Ж.М.Әділов, Мәскеу оқу орындарының үздік түлектері Ә.Қ.Омаров және Е.М.Шайхутдинов, ұзақ жылдар бойы проректорлық қызмет атқарған М.Батырбеков, Ғ.Нысанбай, Ш.Байысбеков, Ұ.Сыдықов, В.Луганов пен Г.Жолтаевтың қажырлы әрі мақсаткерлік еңбектерін ерекше атап өткен орынды.
Қазақ политехникалық институты өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғында Кеңес одағындағы 378 техникалық жоғары оқу орнының арасында алғашқы сегіздіктің қатарынан көрінді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1984 жылғы 26 маусымдағы Жарлығымен білікті мамандар даярлаудағы және ғылыми зерттеу жұмыстарын дамытудағы жетістіктері үшін институт Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Политех (ҚазҰТУ), әсіресе еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта құлашын кең жайып, өсіп-өркендеп келеді. Университеттің ірі өндіріс орындары шоғырланған өңірлерде бұрын ашылған жалпы техникалық факультеттері мен филиалдары негізінде Қазақстанның жаңа техникалық жоғары оқу орындары: Алматы энергетика институты (1975 жылы ашылған, қазіргі Алматы энергетика және байланыс университеті), Рудный индустриялық институты (1978 ), Алматы сәулет-құрылыс институты (1979), қазіргі Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы, Ақтау политехникалық институты (1993 жылы ашылған, қазіргі Ш.Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг мемлекеттік университеті) және Атырау мұнай-газ институты (1995) құрылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 5 шілдедегі Жарлығымен университет ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыру, дамыту және кәсіптік өсіп-өркендеуіне қосқан зор үлесі, ғылым мен техникадағы жетістіктері үшін ерекше Ұлттық мәртебеге ие болды.
Алғашқы ректорымыз Әшірәлі Бүркітбаевтың алғашқы шәкірттерінің бірі, Қазақ тау-кен-металлургия институтының бірінші түлегі Ақжан Жақсыбекұлы Машаниды көзі қарақты қауым бүгінде жақсы білетініне сенімдіміз. Ақжан аға да ұстаз аманатына адал болды, ұзақ жасаған саналы өмірін ғылымға, мамандар тәрбиесіне, ұлт мәдениетінің өркендеуіне арнады. Ол Қ.И.Сәтбаевпен бірге еліміздің Ұлттық ғылым академиясының іргесін қаласты. Геомеханика атты ғылым саласының негізін салды. Ақбастау–Құсмұрын алтын кенішін ашты.
«Шаш ал десе, бас алатын» кеңестік қатал саясаттың тұсында «әлемнің екінші ұстазы» аталған Әл-Фараби бабамыздың ардақты есімі мен асқақ рухын өз Отанына қайтарып, рухани мұралары қазақ жұртының қолына тиюіне тікелей атсалысқан қажымас қайраткер, ұлы ұстазымыз, бүгінде фарабитанудың абызы атанған Ақжан Машанидың ерлікпен пара-пар ғажайып еңбегін әділ бағалауға тиіспіз.
ҚазҰТЗУ-дың түлектері еліміздің жерасты, жерүсті байлықтарын игеруге бағытталған өнеркәсіп орындарының барлығында – мұнай мен газ, алтын-күміс, қорғасын-мырыш, көмір-болат, алюминий-хром, т.б. толып жатқан қазба байлықтар өндірісінің сапаларынан бастап, осы заманғы әлемнің ең озық техника мен технологияларды игеру әрі дамыту бағытындағы автоматты-электронды басқару, биотехнология, нанотехнология, ғарыштық техника мен технология, жаңа энергия көздерін игеру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты ұлттың болашағы үшін маңызды стратегиялық өндіріс салаларында абыроймен еңбек етіп келеді.
Университеттің 100 түлегі Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары атанды, 80 түлегі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері және корреспондент-мүшелері, 50-ден астам түлек – салалық Ұлттық академиялардың академиктері. Бір сөзбен айтқанда, ҚазҰТЗУ түлектерінің іргелі және техникалық ғылымдардың дамуына қосқан үлестері аса қомақты.
ҚазҰТЗУ еліміздегі жоғары техникалық білім мен ғылымның қастерлі қара шаңырағы ретінде геология, гидрогеология, мұнай-газ өнеркәсібі, металлургия, тау-кен өндірісі, машина жасау, энергетика, IT және сәулет-құрылыс, дизайн сияқты Қазақстан экономикасының негізгі салаларында білікті инженер мамандар даярлайды, осы салалардың өндірістік талап-сұранымдарына сәйкес ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Бүгінгі таңда университет құрылымында әлемдік техника мен технологияларды игеруді және жер қойнауындағы байлығымызды ел игілігіне жаратуды мақсат тұтқан 6 академиялық институт, 6 ғылыми-зерттеу институты, «Технопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 3 аккредиттелген зертхана, 2 полигон, 32 кафедра, 46 ғылыми зертхана, 260-тан астам оқыту зертханасы, 15 ғылыми және 11 шетелдік әріптестермен бірге құрылған әлемдік деңгейдегі ғылыми-оқыту орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ ақпараттық және ғарыштық технологияларды ұжымдық пайдалануға арналған Ұлттық ғылыми зертхана, технопарк, бизнес-инкубатордың қызметін де атап өткен жөн.
Техникалық салада мамандар даярлау 41 бағыт бойынша (бакалавриат – 15, магистратура – 15, докторантура – 11) іске асырылуда. Жоғары білім беруді басқарудың ортақ жүйесінде 196 жаңа білім беру бағдарламасы тіркелген. Олардың әрқайсысы мазмұны жағынан «Жаңа кәсіптер атласына», жұмыс берушілердің талаптарына және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіби стандарттарына сәйкес келеді. Білім беру бағдарламаларының барлық деңгейіндегі оқу үдерісі кредиттік технология бойынша мемлекеттік (72 %), орыс (25 %) және ағылшын (3 %) тілдерінде жүргізіледі.
Студенттердің өндірістік практикасын ұйымдастыру үшін 2022 жылы кәсіпорындармен 819 келісімшарт жасалды. Сондай-ақ университет инженер мамандарды өнеркәсіп орындарының нақты талап-сұранымдарына сәйкес даярлау мақсатында еліміздегі 370-тен астам компаниямен келісімшарт жасаған, оның ішінде «Қазмырыш», «ҚазМұнайГаз» «Қазатомөнеркәсіп», т.б. әлемдік деңгейдегі ірі кәсіпорындар бар. Сонымен қатар дүние жүзінің 32 елінің Халықаралық ұйымдарымен ынтымақтастық қарым-қатынас жайлы 160-тан астам келісімге, меморандумға қол қойылды. Университет – әлемнің 5 қауымдастығы мен 3 концорциумының мүшесі.
Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті 2019 жылы Жамбыл облысында литий кенін барлауға лицензия алды. Барлау жұмыстарын жүргізу үшін энергетика мен жер қойнауын пайдалану саласында халықаралық жобаларды әзірлеумен айналысатын «Condor Energies» (Канада) компаниясы инвестор ретінде тартылды, ол халықаралық ірі қоғамдық компания болып саналады.
Осы жобаны жүзеге асыру мақсатында «Condor Energies» компаниясы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетімен бірлесіп, «Qazaq Green Energies» ЖШС заңды кәсіпорнын жаңадан құрды. Бұл жоба бойынша геологиялық барлау жұмыстарының барлық шығынын инвестор өз мойнына алады, ал университет ғылыми қолдау көрсетеді, сондай-ақ гидроминералды тұзды ерітінділерден литий алудың озық технологияларын трансферттеу мен бейімдеуді қамтамасыз етеді.
«Condor Energies» Қазақстанда 20 жылдан астам жұмыс істейді, ал оның ел экономикасына салған инвестициясы 250 миллион АҚШ долларынан асатынын айта кеткен жөн.
ҚазҰТЗУ алдыңғы қатарлы шет мемлекеттердің: АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Израиль, Ресей, Канада, Германия, Корея, Франция, Малайзия, тағы басқа 120-дан астам ірі ғылыми-техникалық орталықтармен және әлемдік атақты университеттермен (Стэнфорд университеті, Массачусетс технологиялық институты, Колорадо тау-кен мектебі, Остин қаласының Техас университеті, т.б.) ынтымақтастықты дамытып, одан әрі нығайтуда.
Жоғарыда аталған әлемдік деңгейдегі университеттердің ұйымдастырушылық дизайны мен басқару құрылымдарын зерделеп, ҚазҰТЗУ өз тәжірибесіне қолдануды мақсат етіп отырғанын атап өткен орынды. Әсіресе инженерлік білім беру, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуде ғылыми қоғамдастық, бизнес және мемлекетті бірлестіру ісінде бұл өте маңызды болмақ.
ҚазҰТЗУ-дың ғылыми зерттеу және инновациялық қызметі республика бойынша басымдыққа ие 5 бағытқа сәйкес іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған: «Геология, минералды және көмірсутек шикізатын өндіру және қайта өңдеу, өндіріс қалдықтарынан жаңа материалдар, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар шығару», «Энергетика және машина жасау», «Ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар», «Су ресурстарын ұтымды пайдалану және экология», «Жаратылыстану ғылымдары бойынша зерттеулер». 2022 жылы осы бағыттар бойынша жалпы гранттық қаржыландыру тұрғысынан 1,5 млрд теңгенің көлемінде 88 жоба орындалды.
Сонымен бірге университет ғалымдары мен ғылыми қызметкерлер, докторанттар, магистранттар мен студенттер ел экономикасының, өндірісінің, әлеуметтік рухани өмірдің қадау-қадау салалары бойынша ғылыми ізденістермен шұғылдану үстінде.
Кезінде Қ.И.Сәтбаевтың өзі іргесін қалап, қаз тұрғызып, өсіріп-өркендеткен Ұлттық ғылым академиясының ғылыми зерттеу құрылымдары ретінде көп жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институты, Металлургия және кен байыту институты, У.А.Ахметсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Физика-техникалық институт, Цифрлық және нанотехнологиялық институт – барлығы «Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ» коммерциялық емес акционерлік қоғам есебінде 2015 жылдың аяғында қайта құрылуына байланысты осы АҚ құрамына біріктірілген болатын. Аталған институттар, бір жағынан, өз дербестіктерін сақтай отырып, екінші жағынан, Политехтың ғылыми әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосып келеді.
Қазақстанда жоғары сапалы бокситтің қоры азайып барады, сондықтан сапасы төмен бокситтерді өңдеуге жарамды ету және оларды өңдеудің жоғары рентабельді технологиясын жасау арқылы глинозем өндірісінің шикізат базасын кеңейту жолдары қарастырылуда. Осы орайда Металлургия және байыту институтында Көктал кен орындары тобындағы темірлі бокситтерді өңдеуге арналған инновациялық байер-гидрогранат технологиясы әзірленді. Бұл жоғары технологиялық және экономикалық көрсеткіштерді қамтамасыз етеді. Институт ғалымдары жаңа технологияны тәжірибелік-эксперименттік металлургиялық өндірісте сынап көрді, қуаттылығы жылына 1 млн тонна алюминий тотығын өңдеу зауытын салудың техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды. 2022 жылдың 16 қараша күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға ресми сапармен келгенде бұл технология Мемлекет басшысының назарына ұсынылды.
Соңғы бір-екі жылдың аумағында қастерлі қара шаңырақтың, аты аңызға айналған Политехтың тарихын, қадір-қасиетін, бай дәстүрлерін, басты құндылықтарын қалпына келтіріп, қайта жандандырып, сол арқылы университетте оқып жүрген жастардың саналарына сәуле, жүректеріне нұр құйылуына, болашақта Әділетті Қазақстанның қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне айтарлықтай белсенді үлес қосуына үлкен көңіл бөлінуде.
Білім алушылардың саны қазір шамамен 15,7 мың адам (мемлекеттік тапсырыс бойынша – 13,2 мың білім алушы, ақылы оқыту бойынша – 2,5 мың білім алушы). Бүгінгі таңда ҚазҰТЗУ білім алушыларды тек 2300 төсектік орынмен қамтамасыз етіп отыр.
Жаңа заманауи жатақхана ғимараттарын салу, студенттердің кем дегенде 70%-ын және баспанаға мұқтаж оқытушыларды жатақханалармен қамтамасыз ету алдағы жоспарда қамтылған. Білім алушылар контингенті жыл сайын өсетінін ескерсек, жатақханалардың жаңа ғимараттарын салу білім алушылар ғана емес, университет оқытушылары мен қызметкерлерінің де тұрғынжайға деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Ал әлеуметтік пакет – университеттің даму бағдарламасының маңызды бөлігі, оны табысты түрде іске асыру және қаржыландыру кезінде 10 500 орындық жаңа жатақханалар салынады, осылайша төсектік орын тапшылығы жойылады, нарықта жалға берілетін тұрғынжайдың құны төмендейді.
Ең бастысы – осы заманғы үздік техника мен технология жетістіктерін еркін меңгерген, әлемнің озық елдерінің бесаспап мамандарымен үзеңгі қағыстыратын, терезесі тең, ізденімпаз, білімпаз, оның үстіне өз ұлтына, туған топырағына жан-тәнімен еңбегін арнайтын, жұртының тарихын, әдебиетін, өнерін терең түсініп, ерекше бағалайтын, ұлттың рухының асқақтауына бар күш-жігерін жұмсайтын қазақтың инженер-техникалық зиялы қауымының өкілдерін тәрбиелеу бағытында жүйелі істер атқарылуда.
Мемлекет басшысы 2022 жылдың күзінде Алматыда студент жастармен және жас ғалымдармен кездесу барысында: «Еліміз талай жыл бойы, негізінен, мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адами капиталдың маңызы артқан дәуірге қадам бастық. Бүгінде көп нәрсе өзгерді. Үздік техникалық сала мамандарына сұраныс жоғары. Инженер болу мәртебесі әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мамандыққа айналды», – деді. Осы ойын тереңдете келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің жанынан жаңа технологиялардың ғылыми зерттеу хабын құру туралы тапсырма бердім. Оның инфрақұрылымын техникалық оқу орындарының бәрі пайдалануына болады. Үкімет ғылыми зерттеу хабтарын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы қажет», – деп мәлімдеді.
Өзінің 2040 жылға дейінгі даму жолындағы нақты қадамдарды анықтау үшін ҚазҰТЗУ ғалымдар мен университет басшыларының қатысуымен ғылым мен білім саласындағы шешімдерді әзірлеуге және университеттің жақын болашақтағы миссиясына көзқарасын дамытуға бағытталған Форсайт сессияларын өткізеді. Мұндай сессиялар шешім қабылдаудың белсенді тәсілі болғандықтан, олар ҚазҰТЗУ-да өте танымал және басқарушылықтың барлық деңгейінде қолданылады. Сессиялар барысында қатысушылар тың идеяларды әзірлеу, олардың ең жақсысын таңдау және нақты жүзеге асыру жолдарын пысықтау үшін миға шабуыл (брейншторминг) механизмдерін, сараптау панельдерін, SWOT-талдауларды, жол карталарын және уақыт карталарын пайдаланады.
Бұл әдісті қолдану, еңбек нарығының нақты ойыншыларын тарту, тәжірибелі модераторлардың, сарапшылар мен менеджерлердің қатысуымен өткен пікірталастар біздің нақты мақсаттарымызды айқындауға көмектесті, болашақ өзгерістерді тек көрсетіп қана қоймай, оларға белгілі бір дәрежеде әсер етті. Өңірлерде «Форсайт» материалдары негізінде «Жаңа мамандықтар атласы» жасалуда. Оның көмегімен жоғары оқу орындары болашақтағы озық білім беру бағдарламаларын жасап, алдағы 10-15 жылда экономикаға қажетті мамандарды даярлайды. Нәтижесінде, бұл әдіс университеттің тиімділігін арттырып, оның түлектерінің табысын жоғарылатып, қазақстандықтардың әл-ауқаты деңгейін көтеруге тиіс.
Осы жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасы бойынша университеттің профессор-оқытушылар құрамы кәсіби біліктіліктерін арттырды. Мамыр айында ҚазҰТЗУ командасы Форсайт әдістемесіне тереңірек үңіліп, модераторлар мен аналитиктердің тректері бойынша білімдерін жетілдірді. Нәтижесінде, ҚазҰТЗУ-дың мамандары өзіміз үшін де, басқа тапсырыс берушілер үшін де қажетті форсайт-сессияларды өткізе алатын дәрежеге жеткенін атап өту керек.
ҚазҰТЗУ стратегиялық перспективада өзін Қазақстан, ТМД және Орталық Азияның инженерлік білім беру орталығы ретінде көрсететін болады. ҚазҰТЗУ өз жұмысында ғылыми зерттеулер оқу үдерісінің құрамдас бөлігі болуын қамтамасыз етуге, яғни «ғылыми зерттеу арқылы білім алу» қағидасын іс жүзінде жүзеге асыруға ұмтылады. «Үштік спираль» моделіне сәйкес университет бизнес пен үкімет үшін проблемаларды анықтау және шешу жөнінде өзінің ғылыми тәжірибесін ұсынады, сондай-ақ кәсіпкерлік үшін жағдай жасап, стартаптар құруға да ынталандырады. Осының барлығы бірігіп, «Университет 4.0» моделінің қалыптасуына негіз жасайды және қазақстандық қоғамның үміттерін ақтауға, ғылыми белсенділіктің өсуіне және университеттер мен экономиканың тұтас секторларының экономикалық дамуына арналған «маховикті» іске қосуға мүмкіндік береді.
Университеттің алдында тұрған басты мақсат – білім беруді жаңа сапамен және мазмұнмен толықтыру. Ол үшін ғылыми зерттеулер – білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі болады. Басқаша айтқанда, «Зерттеулер арқылы білім беру» моделін іске асыру көзделіп отыр. Ең әуелі студенттер өндірістік практика кезінде дуальды оқыту арқылы, яғни практикаға жетекші ұстаздардың және өндірістегі практик мамандардың нақты көмегімен анықталған ғылыми міндеттерді шешуге тікелей қатысады. Келесі кезеңде зерттеу дағдыларын игеру, дамыту арқылы өндірістің ағымдағы проблемаларын анықтап, зерттеп, шешім қабылдау үдерісіне қатысады. Сөйтіп, студенттерді даярлау олардың зерттеу дағдыларын және кәсіптік мәдениетін дамытуға бағдарланады.
Кадрларды жаңа форматта даярлау білім алушыларға кім болу керектігін таңдауға мүмкіндік береді. Яғни: 1. Өндіруші, жоғары деңгейдегі кәсіпқой; 2. Ғылыми қызметке дайын зерттеуші; 3. ҚазҰТЗУ-да өзінің стартапын құрған кәсіпкер; 4. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда, «Сапалы білім алу – адамды қоғамдық ортаға бейімдейтін, оның бойына ізгі құндылықтар мен мінез-құлық нормаларын сіңіретін маңызды институт».
ҚазҰТЗУ-дың Үкімет қабылдаған Даму бағдарламасын іске асыруға байланысты қаражатпен қамтамасыз ету 3 бағыт бойынша айқындалған: Бірінші бағыт – білім беру, ғылыми, әдістемелік және корпоративтік мәселелерді қозғайды, оларды іске асыру үшін ұсынылған индикатор. Екінші бағыт – жаңа инфрақұрылымды дамыту және құру. Үшінші бағыт – білім беруді зерттеулер арқылы іске асыруды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету.
Алдағы уақытта ҚазҰТЗУ инфрақұрылымы жаңартылады, адами ресурстарды басқарудың заманауи жүйесі іске асырылады, профессор-оқытушылар мен әкімшілік басқару кадрларының, сондай-ақ студенттердің, магистранттар мен докторанттардың өзін-өзі шығармашылық тұрғыдан көрсетуі үшін жағдайлар жасалады. Шетелдік профессорлар мен консультанттарды оқыту – ғылыми істерге тартудың тиімді жүйесі іске асырылатын болады.
Түйіндей айтқанда, Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің – аты аңызға айналған Политехтың болашағы жарқын, шығар биіктері алда. Еліміздің жоғары техникалық білімі мен ғылымының қастерлі шаңырағына сенім білдіріп, жол ашып, жауапкершілік жүктеп отырған халқымызға, Мемлекет басшысына, Үкіметімізге университет ұжымының алғысы шексіз.
Ұлықпан СЫДЫҚОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, Қ.Сәтбаев университетінің түлегі әрі профессоры, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылым академиясының академигі