Қоғам • 08 Шілде, 2023

Алматыда 9 елдің Шекара басшылары бас қосты

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің оңтүстік астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Шекара қызметі мен құзыретті органдары басшыларының 9-шы отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда 9 елдің Шекара басшылары бас қосты

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі ұйымдастырған маңызды кездесуге Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан шекаралық қызметтерінің өкілдері, Беларусь және Моңғолия елдерінен бақылаушылар, сонымен қатар ШЫҰ аймақтық терроризмге қарсы құрылымы мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі қатысты.

ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-майор Е.Алдажұманов ШЫҰ-на мүше елдердің Шекара қызметі мен құзіретті органдары басшыларының 9-шы отырысына қатысушыларының алдында ҚР ҰҚК Төрағасының құттықтауын оқыды.

ҰҚК Төрағасы өзінің құттықтауында, күні кеше ғана Нью-Дели қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында маңызды шешімдер қабылданғанын айта келіп, төрағалық Үндістаннан Қазақстанға берілгенін, сонымен қатар, Иран ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленгенін жеткізді. «Бүгінгі форум Еуразияның географиялық қиылысында ғана емес ШЫҰ кеңістігі болып табылатын Қазақстан аумағында өткізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың қыркүйегінде өткен Самарқанд саммитінде ШЫҰ-ның халықаралық беделі жоғары екенін, бүгінде табысты әрі көпжақты ұйымға айналғанын баса айтқан болатын. Жер шары халқының шамамен жартысын қамтитын ШЫҰ – күн тәртібінде ауқымды мәселелерді қарастырады. Ендеше, 9-шы отырыстың дәстүрлі достық пен сенім атмосферасында өтетініне сенімдімін, ал шекаралар біздің елдеріміз бен халықтарды ажыратпайды, біріктіреді!» делінген.

а

 

ШЫҰ-ның Шекара қызметі мен құзыретті органдары басшыларының 9-шы отырысында қатысушы-елдердің мемлекеттік шекараларындағы жағдайлар бойынша мәселелер көтерілді. Шекара қызметінің басшылары өз елдерінде болып жатқан жағдайларға тоқталып, Терроризм және экстремизм, есірткі тасымалдары, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылдар туралы шаралар туралы баяндама жасады. Бұл өз кезегінде қатысушылардың ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекараларындағы жағдайды және оның даму болжамдарын бағалауға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының бастамасы бойынша жүргізілген «Достық шекарасы – 2022» бірлескен шекаралық операциясының қорытындысы шығарылды. Осы мерзімде 226 шекара бұзушы құрықталып, шекара режимі мен көші-қон заңнамасын бұзған 2 мыңнан астам адам ұсталды. Заңсыз айналымнан 68 дана қару, 52 мың оқ-дәрі, 590 келі түрлі есірткі және құрамында есірткі бар заттар тәркіленді. Түрлі заттар мен тауарларды, оның ішінде 456 келі бағалы бұйым, жарияланбаған 1 миллионнан астам АҚШ доллары, шекарадан өткізуге қатаң тыйым салынған әдебиеттерді және діни тауарлардың баспа өнімдерін контрабандалық жолмен тасымалдаудың 113 дерегінің алдын алды.

Отырыс соңында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары және шекара қызметтері сарапшыларының 2024 жылға арналған жұмыс жоспары қаралып, қазіргі таңдағы терроризммен, қару және есірткі контрабандасымен, заңсыз көші-қонға байланысты және өзге де қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бойынша шараларды қамтитын бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.