Теннис • 09 Шілде, 2023

Төртінші айналымға шықты

141 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен еліміздің ерлер және әйел­дер арасындағы бірінші ракеткалары Александр Бублик пен Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төр­тінші айналымына шықты.

Төртінші айналымға шықты

Александр Бублик «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстың үшінші айналымында дүниежүзілік рейтингте 170-орында тұрған германиялық Максимилиан Мартерермен шеберлік байқасты. Үш сет­ке жалғасқан бәсекеде жерлесіміз қарсыласынан 6:4, 6:1, 7:6 (7:4) есебімен басым түсіп, өз карьерасында алғаш рет Уимблдон жарысының төртінші айналымына жолдама алды. Кеше кешкісін Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 7-ракеткасы ресейлік Андрей Рублевпен бақ сынасты.

Ал әйелдер арасындағы әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина бұл кезеңде Ұлыбританияның бірінші, әлемнің 89-ракеткасы Кэти Бултермен кездесіп, қарсыласын небәрі 58 минутқа жалғасқан ойында 6:1, 6:1 есебімен қапы қалдырды. Елена Рыбакина бүгін ширек финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен ойнайды.