Спорт • 09 Шілде, 2023

Отандық спорттың орталығы

385 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ел жүрегіне айналған еңселі елордамыздың ел спортында да алар орны ерекше. Кейінгі 25 жылдың ішінде еліміздің бас шаһарында жанкүйерлердің делебесін қоздырған талай дүбірлі додалар ұйымдастырылып, сәні мен сәулеті жарасқан, бірінен бірі өтетін ерекше дизайндағы спорт кешендері бой көтеріп, сол ғимараттарда атағы жер жарған әлемнің дүлдүл спортшылары жаһандық жарыстарда жеңімпаз болды. Яғни осы уақыт аралығында Астана отандық және әлемдік спорттың орталығына айналып үлгерді деп айтуға болатын сияқты.

Отандық спорттың орталығы

Еңселі спорт кешендері

Ресми статистикаға сүйенетін болсақ, бүгінде бас қалада ірілі-ұсақты 600-ден астам спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Соның ішінде жиырмаға жуық спорт ғимараты халықаралық додаларды қабылдауға қауқары жетеді. Сонымен қатар бұл спорт кешендерінде тек әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізіп қана қоймай, қала тұрғындарының да саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Яғни жаз мезгілінде Астана жұрты футбол, суға жүзу, жүгіру сынды спорт түрлерімен айналысса, қыста коньки теуіп, шат-шадыман болады. Мәселен, «Астана» спорт кешені қала тұрғындарына бассейн мен жаттығу залын ұсынады. Сонымен қатар балалар скалодром, футбол және баскетбол мен волейбол үйірмелеріне жазылып, үлкендер жағы ойын алаңдарын жалға алып, жаттығуларына болады. Спорттық секциялардан кикбоксинг, каратэ, бокс және тағы басқа үйірмелер жұмыс істейді.

Велошабандоз шлемі түрінде жасалған «Сарыарқа» велотрегі – әлемдегі ең үздік спорт кешендерінің бірі ретінде танылған. 2011 жылы пайдалануға берілген ғимаратта жаттығу залы, трек, мұз сырғанағы, таэквондо, гимнастика, ойын залы және шағын футбол алаңдары бар. «Сарыарқа» велотрегі сыртқы көрінісі айтып тұрғандай, негізінен, велоспортқа арнап салынған. Десе де, бұл жер бокстан, баскетболдан, көркем гимнастикадан және дзюдодан жарыстар өткізуге ыңғайлы кешен. Мұнда волейбол, футбол алаңдары мен бассейн және фитнес-орталық бар. Бұл кешендегі спорт жарыстарын 9 мыңнан аса жанкүйер тамашалай алады.

«Алау» мұзайдынына елорда тұрғын­­дары коньки теуіп, сергу үшін барады.  Қыс мезгілінде күніне 2500-дей халық жиналады екен. Ал соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде елордамыздың әрбір төртінші тұрғыны саламатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде спорт түрлерімен айналысады. Сонымен қатар «Алауда» жаз мезгілінде батут, үстел теннисі, бадминтон, бильярд және шағын гольф секілді спорт түрлерімен шұғылдана алады.

«Дәулет» спорт кешенінде үлкен теннистен дәрістер жүргізіледі. Бүгінде еліміздегі ең үлкен теннис орталығында балалар жекелей және топ болып жат­тығады. Бұл жерде теннистің әліппесін үйретуден бастап, түрлі жарыстарға дайындап шығарады. Сондай-ақ қала тұрғындары қалаған уақытында кортты­ жалға ала алады. Бүгінде осы теннис кортында шыңдалып шыққан астаналық жас спортшылар халықаралық жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүргені баршаға белгілі.

Астанадағы айшықты ғимараттардың қатарын «Барыс Арена» мұз сарайы да толықтырып тұр. 2015 жылы пайдалануға берілген бұл кешенде елорданың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасында матчтарын өткізеді. Арена бір сәтте 12000-ға дейін көрермен сыйдыра алады. Жалпы аумағы 86 мың шаршы метрді алып жатыр. Көп функциялы кешенде 2 мұз айдынына қоса, 50 метрлік олимпиадалық бассейн мен көркем жүзуге арналған бассейні бар. Сонымен қатар спорт сарайында басқа да мерекелік мәдени іс-шараларды өткізуге болады.

Бұдан бөлек, 30 мың жанкүйерге арнап салынған «Астана Арена» спорт кешенін, сонымен қатар үш жыл бұрын ел игілігіне берілген QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешенін де атап өтуге болады. Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы (IAAF) тарапынан сертификатқа ие болған бұл спорт нысаны ең жоғары деңгейдегі жарыстарды (әлем, Азия чемпионаты және т.б.) өткізуге, сапалы жаттықтырушылар құрамы мен спортшыларды дайындауға мүмкіндік береді. Үш қабатты ғимаратта сопақ жүгіру жолағы, бассейн, спортшыларға арналған 36 орындық жатақхана және жеңіл атлетиканың барлық түрі қамтамасыз ететін ядро лақтыруға, биіктікке секіруге, ұзындыққа секіруге арналған секторлары бар.

 

Бас шаһардағы додалар

Жоғарыда біз атап өткен спорт ғимаратының бірқатарында кейінгі 10 жылдың ішінде әлемдік деңгейдегі жарыстар, әртүрлі спорт түрлерінен әлем және Азия чемпионаттары бір емес, бірнеше рет ұйымдастырылды. Сонымен қатар футболдан Еуропа және әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңдері, Еурокубок додаларының ең маңызды ойындары, еліміздің даңқты кәсіпқой боксшыларының қатысумен кәсіпқой бокс кештері де ұйымдастырылғаны күні бүгінгідей жадымызда.

мс

Тарқатып айтар болсақ, 2009 жылы пайдалануға берілген «Астана Арена» стадионында әр жылдары Еуропаның ең таңдаулы құрамалары доп тепті. Солардың қатарында 2014 жылғы әлем чемпионы Германия, 1992 жылғы Еуропа чемпионы Дания, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Польша, әлем және Еуропа чемпионатының жүлдегері Ни­дерланд, Чехия, Бельгия және тағы басқа кәрі құрлықтың азулы ұжымдары бар.

Сонымен қатар 2011 жылы қысқы Азия ойындары қарсаңында ашылған «Сарыарқа» спорт кешенінде ең алғаш шорт-трек жарыстары өтсе, кейіннен велоспорттан Әлем кубогі, 2013 жылы елімізде алғаш рет өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионатының жарыс­тары ұйымдастырылды. Сол жолы жерлестеріміз 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль олжалап, жарысты жалпыко­ман­далық есепте үшінші орынмен түйін­дегенін айта кеткен жөн.

2015 жылы Астана тұрғындары «Алау» мұзайдынындағы дзюдодан әлем чемпионатын тамашалауға мүмкіндік алды. Жер-жаһанның 123 елінен келген ең таңдаулы балуандар бір апта бойы Астана аспанын дүбірге бөледі. Сол жылы ел тарихында алғаш рет екі қазақ баласы финалда белдесіп, ел мерейін асырды. 60 кило салмақтағы еліміздің қос мықтысы – Елдос Сметов пен Рустам Ибраев жарыс бойы барлық қарсыластарынан басым түсіп, финалда жанкүйерлерге тартысты белдесу ұсынды.

Араға бір жыл салып елорда төрт бірдей отандасымыз дара шыққан бокс­тан әйелдер арасындағы әлем чемпионатын қабылдады. Сол жылғы бұрымдылар бәсекесінде Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Валентина Хальзова және Ләззат Күнгейбаева Әнұранымызды шырқатып, спорт кешеніне жиналған бокс жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөлеген еді.

2019 жылы Астана тұрғындары тағы бір әлемдік деңгейдегі маңызды жарыстың куәгері атанды. Елордадағы «Барыс Арена» кешенінде дүниежүзінің ең таңдаулы апайтөс балуандары еліміздің бас қаласында бас қосып, әлем чемпионы атағын сарапқа салды. Олардың қатарында Олимпия ойындарының екі дүркін, әлем чемпионатының бес дүркін жеңімпазы ресейлік Абдулрашид Садулаев, Олимпия ойындарының жүл­дегері, үш мәрте әлем чемпионатын­да дара шыққан грузиялық Гено Петриаш­вили, жаһандық доданың төрт дүркін чем­пионы америкалық Кайл Дэйк, Рио Олим­пиадасының жеңімпазы кубалық Исмаэль Борреро Молина және тағы басқа мықты спортшылар болғанын жанкүйерлер әлі де ұмыта қоймаған болар.

Сонымен қатар елордада шайбалы хоккейден бірінші дивизионның әлем чемпионаты, классикалық шахматтан әлем чемпионатының алтын тәжі, теннистен АТР 500 санатындағы турнир және одан бөлек ірі жарыстар өткізілсе, жекелеген спорт түрлерінен даңқты бокс­шымыз Геннадий Головкин бастаған отандық кәсіпқой бокс жұлдыздары Қанат Ислам мен Бейбіт Шүменов елордада алтын белбеуін қорғады. Әлемдік теннис жұлдыздары саналған испаниялық Рафаэль Надаль, франциялық Жо-Виль­фрид Тсонга, сербиялық саңлақ Новак Джокович Астанаға арнайы келіп, қала тұрғындарына керемет көрмелік матч ұсынған болатын.

 

Елорданы әйгілеген «Астана» бренді

Елорданың атауы бүгінде халық­аралық қоғамдастық тарапынан мойындалып қана қоймай, спорт әлемінде де даңқы жер жарып тұр. Бұған «Астана» атауын иемденген спорттық командалар көп еңбек сіңіргені жасырын емес. Мәселен, велоспорттағы «Астанамыз» осы уақытқа дейін «Тур де Франс», «Джиро д’Италия», «Испания Вуэльтасы» секілді жаһандық ірі додаларда алдыңғы шепті бермей жүр. Сондай-ақ осы мәр-тебелі көпкүндіктердің барлығында «Астананың» велошабандоздары жеңіс тұғырынан көрінді. Олардың арасында Александр Винокуровтың ізін жалғаған жерлесіміз Алексей Луценконың да бар екені қуантады. 2017 жылы «Испания Вуэльтасында», 2020 жылы «Тур де Франста» бір мәрте кезең жеңімпазы атанған болатын.

см

Велоклубтан бөлек, «Астана» футбол командасы да Еуропаны бағындыра бас­тады. 2009 жылы құрылған елорда­лық ұжым осы уақыт аралығында Чем­пион­дар лигасының топтық кезеңінде бір рет, Еуропа лигасының топтық бәсекесінде екі рет ойнады. Сонымен қатар Қазақстанның жеті дүркін чемпионы 2018 жылы Еуропа лигасында тұңғыш рет плей-офф кезеңіне шықты. Осы бір айтулы табысынан кейін кәрі құрлықтың командалары елорда ұжымымен санаса бастады. «Астана» Еурокубок жарыстарына қатыса бастаған жылдары клубтық рейтингте үздік 400 команданың ішінде болса, айналдырған үш-төрт жылдың ішінде ТОП-100 клубтың қатарына қосылды. Тіпті бір кездері ағылшынның «Эвертон», Италияның «Интер» және Мәскеудің «Локомотив» командаларын және басқа да ірі командаларды басып озған-ды.

Астана брендімен әлемге танылған тағы бір команданың бірі – «Астана арландары» жартылай кәсіпқой бокс клубы­ еді. Бүкіләлемдік бокс сериясында ел намысын қорғаған елорда командасы 2010-2018 жылдар аралығында аталған турнирде үш мәрте чемпион атанып, төрт мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді. Арландардың ауыз толтырып айтатын жетістігі 2015 және 2017 жылдарға тура келді. Өйткені әлемдік бокс державасы саналатын кубалық командамен екі рет финалда жолығып, Бостандық аралының боксшыларына Қазақ елінің оғландары да осал еместігін дәлелдеді.

WSB жобасындағы «Астана арландары» сапында әр жылдары есімі жа­һанға мәлім боксшылар қорғады. Олар­дың қатарында Бейжің Олимпиада­сының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев пен қола жүлдегері Қанат Ислам, Рио Олим­пиадасының чемпионы Данияр Елеусінов пен күміс жүлдегер Василий Левит, сондай-ақ әлем чемпиондары­ Мерей Ақшалов, Қайрат Ерәлиев, Жәнібек Әлімханұлы, Теміртас Жүсіпов, Олимпия ойындарының қатысушысы Қанат Әбуталипов, Руслан Мырсатаев, Олжас Сәттібаев секілді боксшылар жұдырықтасты.

Бұдан бөлек «Астана» атты баскетбол клубы да бар. Команданың құрылғанына көп бола қоймаса да, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы атанып, ел кубогін тоғыз рет иеленді. 2017 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2011 жылдан бері ВТБ Бірыңғай лигасында сынға түсіп келе жатқан «Астана» баскетбол командасы үш рет ширек финалға дейін жетті.

 

Үмітпен пен меже

Командалық сайыстардан бөлек, жекелей спорт түрлерінде де атой салып жүрген астаналық спортшылар аз емес. Олар спорттың қай түрінде болмасын, халықаралық аренада ел туын биікке көтеріп жүр. Алайда, олардың бірқатары өзге аймақта туып-өскен өрендер екені белгілі. Мәселен, жуырда ғана Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында топ жарған Санжар Тәшкенбай оңтүстіктің тумасы болса, Нұрбек Оралбай Жамбыл облысында туған. Сонымен қатар бокс­тан Рио Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Оралдың өрені, велоспорттан Лондон Олимпиадасының жеңімпазы Александр Винокуров негізі Солтүстік Қазақстанның, мерген Ольга Довгун оңтүстіктің түлегі екені жасырын емес.

ми

Астаналық спортшылардың тізімі осы­­лай жалғаса береді. Ең өкініштісі, 25 жылдың ішінде Астана қаласының бірде-бір төл тұрғыны арасынан чемпион спортшы шыққан жоқ. Сондықтан бүгінде елорданың да төл спортшыларын көтеретін кез жетті. Оған елордада барлық жағдай жасалғанын жоғарыда атап өттік. Спорттық клубтар ашылып,­ бапкерлер де, шетелден мамандар да тартылып жатыр. Бәлкім, алдағы Олимпия ойындарында, әлем және Азия чемпио­наттарында оза шапқан астаналық спортшылардың жеңісінен сүйінші сұрап, сол саңлақтардың жетістігіне қол соғып қалармыз.