Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда бейнебақылау камераларының көмегі өте зор. Бұл құрылғылар – жол инфрақұрылымының бақылауда тұрғанын ескертетін бірден-бір құрал. «Адамдар өз іс-әрекеттерінің камераға жазылатынын білген жағдайда заңға еріксіз бағынады. Бұл қылмыстың алдын алып, қала қауіпсіздігінің жақсаруына мұрындық болады», дейді мамандар.
Бейнебақылау камералары жылдамдықты арттыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту секілді бірқатар ереже бұзушылықты дер кезінде анықтай алады. Қаланың бақылау аумағында автокөлік трафигін тіркеуге және жылдамдық режімінің бұзылу белгілері мен оқиғаларды анықтауға арналған 70 аппараттық-бағдарламалық кешен бар. Сондай-ақ жол қиылысындағы бағдаршамның тыйым салу сигналына өту мен тоқтау сызығына шығу ережелерін бұзу оқиғаларын анықтауға арналған 16 кешен жұмыс істейді.
Бақылау камералары көлік қозғалысы, қозғалыс тәртібі және жаяу жүргіншілердің жүріс-тұрысы туралы деректерді үлкен көлемде жинауға мүмкіндік береді. Бұл деректерді қалалық инфрақұрылымды талдау және жоспарлау үшін пайдалануға болады. Осы орайда жақында Абай, Шахтинск қалалары мен Шахан, Долинка және Северо-Западный кенттеріндегі бейнебақылау камералары бірыңғай қалалық бейнебақылау жүйесіне біріктірілді. Деректерге сүйенсек, облысқа қарасты қалаларда биылғы 5 айда жол-көлік оқиғалары саны 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,2 пайызға төмендеген.
«Жол бойындағы бейнебақылау камералары қалаларды қауіпсіз ортаға айналдыру үшін маңызды рөл атқарады. Бұл құрылғылардың саны мейлінше артқан сайын құқық бұзушылықтар қатары да азая бермек. Бұл ел тұрғындарының өмірі мен дүние-мүлкінің амандығы үшін қажет дүние», дейді жол сақшылары.