МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыру қажет
Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде дәрігерлермен кездесіп, алдымен МӘМС жүйесінің тиімділігі мен медициналық көмектің сапасын көтеру қажеттігін, оның ішінде МӘМС пен ТМККК саралаудың маңыздылығын тілге тиек етті.
«Медициналық қызметтердің қолжетімділігін «қазір және осында» қағидаты бойынша қамтамасыз ету қажет. Сондықтан бұрын жоспарланған ай сайынғы қаржыландырудан бас тартып, нақты көрсетілген қызметтің ақысын төлеуге көшуді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ дәрігерлер арасында түсінбеушілік пен қаржы ресурстары шығынына жол бермеу үшін МӘМС пен ТМККК пакеттері есебінен көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін нақтылау қажет», дейді депутат.
Депутат сараптамалар мен талдаулар қаржыландыруды жоспарлауға байланысты мәселелердің бар екенін айғақтайтынын айтып отыр. Мәселен, көкейкесті сипатқа ие бағыттар бойынша (консультациялық-диагностикалық қызметтер) қаржыландырудың жетіспеушілігі байқалса, керісінше кәсіби тексерулер, скринингтер жүргізуде қаражаттың игерілмеуі қатар жүреді, сондықтан қаржыландырумен байланысты мәселелердің бір бөлігін ішкі ресурстар есебінен, атап айтқанда, ұтымды және негізді жоспарлау арқылы шешуге болады.
А.Аймағамбетов биыл күзде Мәжілісте міндетті медициналық сақтандыру жүйесі мәселелері бойынша парламенттік тыңдау өтетінін еске сала отырып: «Бүгінде денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыруымыз қажет. Азаматтар медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі артқанын сезінуі, түсінуі қажет, өйткені олар ақы төлеп отыр. Демек жүйеге қосымша реформа қажет», деді.
Цифрландыру көп жұмысты жеңілдетеді
Мегаполис дәрігерлері үшін маңызды басқосуда медицина қызметкерлерінің жүктемесін азайту мақсатында медициналық ақпараттық жүйелердің бөлшектенуін жою сөз болды. Бұл ретте А.Аймағамбетов денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін іске қосу жұмыстарын аяқтау да аса маңызды екенін айтты.
Бұл мәселені шешу үшін бүгінде Е-Денсаулық бірыңғай ақпараттық-технологиялық платформасы шеңберінде денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру, оның ішінде медициналық көмекті жоспарлау, сатып алу, мониторингілеу және төлем үдерістерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіліп отыр, нәтижесінде, МӘМС қаржыландыру жүйесі жетілдірілуге тиіс. Бірыңғай деректер қоймасын іске қосу және медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен толық шоғырлана отырып, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланып жатқан жайы бар. Осыған орай цифрландыру дербестендірілген қаржылық есеп пен медициналық қызметтерді тұтынушылардың виртуалды шоттарындағы қаражат қозғалысын қадағалау қағидаты негізінде жүзеге асырылмақ. Бұл цифрлық (мобильді) құралдарды (SMS, QR растаулары) пайдалана отырып, дәрігердің қабылдауын растау үшін жеке тексеру механизмін енгізуге мүмкіндік береді.
Осы жиында тарифтерді белгілеу әдіснамасын және сақтандырылушының мәртебесін қайта қарау мәселелері де қозғалды. Сонымен МӘМС басталған күннен бастап 12 ай ішінде жарна болған жағдайда сақтанушының мәртебесін анықтау ұсынылады.
Кезегімен сөз алған Алматыдағы №16 қалалық емхананың бас дәрігері Ұлықбек Медеубеков МӘМС ережелері мен заңнамасындағы қайшылықтарды, атап айтқанда, кейбір скрининг бойынша медициналық қызметтердің әртүрлі медициналық көмек тобына жататынын алға тартты.
«Бірқатар медициналық тексеру қызметі ТМККК-ға енгізілгенімен, кейбір талдаулар мен зерттеулер бұл тізімге кірмей қалған. Демек бұл скринингтен біреу өте алады, енді біреуі МӘМС сақтандыру болмаса өте алмайды. Сондай-ақ заңнамада шетелдіктердің Қазақстан азаматтарымен құқығы бірдей және медициналық қызметтің бірдей көлемі қарастырылған, бірақ олар МӘМС-те сақтандырылуы қажет делінген. Дегенмен нормаларда шетелдік азаматтарды сақтандыру алгоритмі әлі әзірленбеген», деді Ұ.Медеубеков.
Кадр тапшылығы қалай шешіледі?
Оңтүстік өңірдің бетке ұстар мамандары жиналған кездесуде А.Аймағамбетов ауылдағы медицина кадрларының тапшылығын азайту мәселесін айналып өткен жоқ. «Қазір ауылға жұмыс істеуге келетін дәрігерлердің көтерме ақысын 10 млн теңгеге дейін көтеру мәселесін шешу қарастырылып жатыр», деді депутат.
Сол сияқты медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру мәселелері де ұмыт қалған жоқ. Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап сақтандыру жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал 2025 жылдан бастап сақтандыру сыйақы сомасы медициналық ұйым мен медицина қызметкері арасында ортақ жауапкершілікті жасау үшін бөлінеді. Депутат А.Аймағамбетов дәрігерлерді осынау ауыртпалықтан босату үшін сақтандыру жарнасын тек медициналық ұйымдарға салуды ұсынды.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі тұжырымдамасын әзірлеу МӘМС енгізілгенге дейін басталғанын, сонымен бірге халықаралық тәжірибелер сарапталып, толық кінәлілік презумпциясы бар америкалық жүйе мен скандинавиялық медиация жүйесінің арасында таңдау жасалғанына ерекше тоқтала кетті. «Нәтижесінде, бізде трансплантациядағы сияқты (мәйіт донорлығы) аралас жүйе пайда болды. Енді бізде келісім презумпциясы да, келіспеушілік презумпциясы да бар. Әлемнің ешбір елінде мұндай екіұшты болжам жоқ. Айналып келгенде, елімізде мәйітті трансплантациялауда мәселелер туындады. Трансплантациядағыдай болмау үшін кез келген аралас жүйеден аулақ болу қажет», деді М.Шоранов.
Сонымен қатар М.Шоранов гранттарды бөлу жүйесін қайта қарау қажеттігін баса айтты. Ректордың айтуынша, бүгінгі таңда ҚазҰМУ-да жалпы медицина саласына 200-ге жуық грант және фармацевтикалық өндіріс технологиясы мамандығына 600-ден аса грант бөлінген, яғни артық өндіріс дағдарысы байқалады. Елімізде бар болғаны 96 фармацевтикалық өндіруші бар, талдау нәтижесіне сүйенсек, фармация өндіріс технологиясы бойынша диплом алған өткен жылғы түлектердің тек 4%-ы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді, ал жалпы медицина студенттерінің 75%-ы ақылы негізде білім алатындықтан, оларға жолдама берілмейді.
ҚазҰМУ ректорының пікіріне сүйенсек, медицина мамандарының кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың жаңа тұжырымдамасын іске қосудың бірінші кезеңінде қаржылық шығындарды медициналық ұйымға жүктеген жөн. Бірақ кейін дәрігерлердің өздері қаржылық жауапкершілікті біртіндеп көтеруі қажет. Ректор бұл жұмысқа бейіндік қауымдастықтар да тартылуға тиіс деген көзқарасын білдірді.
Тағы бір көкейкестілігін жоймай келе жатқан мәселеге орай, ҚазҰМУ ректоры: «Жалпы, медицина бойынша студенттердің көбі ақылы бөлімдерде оқиды. Бұлар – біз ауылға жібере алмайтын мамандар. Оларға 10 млн-дап ақша беріп қалай құлшындырсақ та, ауылдық жерлерге бармайды, шалғай өңірлерге жолдама бере алмаймыз. Меніңше, мамандарды бөлу тактикасын өзгерту қажет», дейді.
АЛМАТЫ