Аймақтар • 11 Шілде, 2023

Құрылысы қарқынды қала

294 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы республиканың үшінші мегаполисі атанғалы құрылысы қарқынды дамыды. Оған мемлекет қазынасынан бөлінген қомақты қаражат үлкен септігін тигізді. Соның нәтижесінде құрылыс саласы кәдімгідей жандана түсті. Қала маңындағы аумақтар игеріліп, зәулім тұрғын үйлер салына ­бастады. Бұған дейін жеке сектордағы жер үйлер көбірек салынып келсе, осы күнде көпқабатты үйлердің үлесі басымдыққа ие болды. Шаһар тарихында тұңғыш рет миллион шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді.

Құрылысы қарқынды қала

Шымкентте тұрғын үй құры­лысының қарқын алуы – заңды құбылыс. Өйткені жыл сайын мегаполисте халық саны өсіп ке­леді. Сондықтан бірінші кезек­те адамдарды баспанамен қам­тамасыз ету – басты міндет. Екін­­шіден, жаңадан бой көтерген тұр­ғын үй кешендерінде зама­науи әлеуметтік нысандар да салынып жатыр. Жаңа емхана, мектеп, балабақшалар халыққа қызмет көрсетуде. Медициналық, білім беру нысандарының ашылуымен халықтың әлеуметтік сұранысы қамтамасыз етіліп отыр.

Шымкент – жастары көп қала. Сонымен бірге мектепте білім ала­тын балалар саны да көп. Бұл көрсеткіш бойынша рес­пуб­­ликадағы өңірлер арасында ал­дыңғы орында екені сөзсіз. Осы орай­да жастардың, әсіресе мектеп жа­сындағы балалардың сабақтан тыс кездегі уақытын тиімді пайдалану маңызды рөл ойнайды. Себебі жастайынан бір іске ден қойып, соған машықтанып өскен баладан келешекте мықты маман шығады. Нағыз ұлтын сүйер азамат, еңбекқор жандар солар болады. Кішкентай кезінен білімге құштар, еңбекті жанындай жақсы көретін баладан ешқашан жалқау, мінезі нашар азамат шықпай­ды. Сондықтан да мектептен тыс тәр­биеге Президент те айрықша көңіл бөліп отыр. Мемлекет бас­шысы «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» ат­ты Жолдауында: «Қуатты ұлт­тың діңгегі – халық. Ең бастысы, аза­маттарымыздың денсаулығы мық­ты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орын­да тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам бо­луға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», деп атап өткен еді.

сми

Ал еңбекқор, өз ісіне адал ма­ман бірден пайда бола салмай­ды. Ол үшін адамды сол қасиетке жастайынан тәрбиелеу керек. Оқушылар сарайы – осынау мақ­сатты жүзеге асыратын бір­ден-бір маңызды тәлім-тәрбие беретін асыл мекен. Сондықтан жергілікті әкімдік балалардың тәлім-тәрбиесіне көбірек ден қо­йып, шаһардың әкімшілік-іс­кер­лік орталығы маңынан зәу­лім Оқушылар сарайын салып берді. Жуырда осы аталған ны­сан­ның ресми ашылуы болды. За­манауи Оқушылар сарайының құры­лысын жүргізген – «ВІ Group» ком­паниясы.

Қалалық №2 Оқушылар са­ра­йы­ның директоры Данияр Егіз­­баевтың айтуынша, маусым айында салтанатты түрде ашыл­­ған мекемеге қазіргі таңда ми­нистрліктің бұйрығына сәйкес педагогтерді қажетті мамандық бойынша қызметке конкурс ар­қылы қабылдау жүріп жатыр. Конкурс аяқталған соң әңгімелесу болады. Содан кейін көп ұзатпай балаларды қабылдау басталады. Өйткені қазірдің өзінде үйірмеге баласын тапсырсам деп келіп жатқан ата-ана көп. Олардың көпшілігі бассейнді таңдағысы келеді. Алдағы уақытта 25 баладан 4 топ таңертең, түстен кейін тағы осынша топ, сонда бар­лығын қосқанда 200 бала күн сайын бассейнде жүзу жат­тығуларын жасамақ. Ертесіне бас­қа топтың балалары келеді. Осы­лайша, аптасына 400 бала күнара бассейнге келіп тұрады. Оқушылар сарайының басты ерекшелігі де сол, оның жартылай олимпиадалық стандартқа сай 25 метрлік бассейні бар. Со­ны­мен бірге шағын қауыздар қа­растырылған. Ол екінші қабат­та орналасқан. Оған негізінен аутизмі бар және мүмкіндігі шек­теулі балалар барады. Тіпті көзі нашар көретіндерге тактильді тақталарға дейін орнатылып, жағдай жасалған. Осы күнде қа­лада паралимпиадаға ойыншылар дайындайтын бір маманды жұмысқа қабылдап үлгеріпті. Одан бөлек ғимараттың бірінші қабатында вокалдық және ұлт-аспаптар студиясы орналасқан. Келген оқушыларға скрипка, фор­тепьяно мен гитарада ойнауды үйретеді. Дыбыс жазу студия­сы қызмет көрсетеді. Онда жас өнерпаздар әндерін жаздыра алады. Қыздарға арналған дизайн­дық бөлмелері болады. Тіпті онда құмыра да жасайды. Ұлдарды еңбекке баулу кабинеттері ашылады. Ер балалар ағаштан ою ойып, темір ұсталығын меңгере­ді. Хореография кабинеті болады. Оның бір ерекшелігі онда балет үйірмесі жұмыс істейді. Балет өнерінің майталмандары оқушыларды балет биін үйретуге қазірден дайын. Бұдан бөлек балалар қалауына қарай заманауи және ұлттық би түрлеріне қатыса алады.

Оқушылар сарайының екін­ші қабатында медиа кабинеті бар. Балалар журналистиканың қыр-сырын меңгеріп, диктор болып арнайы студияда жаттыға­ды. Кі­тапханасы бар. Бірақ кітап­­тың бәрі – электрондық нұсқада. 30 мың кітап қоры жинақталған. Кел­ген оқушы өзіне керекті кітап­ты электронды нұсқада жүктеп оқи береді. Сондай-ақ тағы экология, фото-бейне монтаждауға арналған кабинеттері бар. Балалар драма үйірмесіне қатысса болады. Бұл соңғы үлгідегі техника­мен жабдықталған, яғни Led эк­ран, үлкен сахна мен киімдер бөлмесі қарастырылған. Үстел тен­нисі, бокс, кикбокс, каратэ мен таэквондоға арналған залдары бар. Сондай-ақ үшінші қа­батта оқушылар дебат үйірмесі­не қатысса болады. Бұл жасыл экранмен жабдықталған және әлеу­меттік желіге қосылған. Бүгінде жастардың көпшілігі өз ойын ашық жеткізе алмайды. Өйткені тіл байлықтары жетпейді немесе қа­зақшаға шорқақ. Сондықтан тіл күрмеуін шешу үшін шешендік өнер үйірмесі қызмет көрсетеді. Жалпы, үшінші қабат ғылыми-технологияға арналған. Соның ішінде ІТ технология, роботтех­ника, 3D модельдеу, химия, биология, биотехнология сияқты ка­бинеттер болады. ІТ бөлмеде ком­пьютерлік модельдеу үйре­ті­леді. Шымкентте бүгінгі таң­да киберспортқа дайындайтын үйірме жоқ. Оқушылар сара­йы осы ІТ кабинеті арқылы бала­лар­дың киберспортқа деген талантын ашпақ. Тіпті осы киберспорттан бүгінде халықаралық дәрежеде жарыстар өтіп жа­тыр. Ал оған тігілетін жүлде қо­ры өте қомақты. Сондықтан Оқу­шы­лар сарайы директорының пі­кірінше, қазақтың балалары бұл спорт түрінен де алда жүру керек. Өйткені ІТ бөлмесі кибер­спортты дамытуға қажетті соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Спорт залында балалар еркін күрес, грек-рим, қазақша күрес, дзюдомен айналысады. ММА жекпе-жегі бойынша оқушылар ережесіз күрес тәсілдерін муляждарда жаттығып үйренеді. Фитнес залында аэробикамен де­несін шынықтырады. Бұған қоса волейбол алаңы мен воркаут алаңшасында доп ойнап, бел­темірде жаттығуға мүмкіндік алады.

«Оқушылар сарайының ту сыр­тында бос жатқан жер бар. Оны балаларға әскери-патриоттық тәрбие беру мақ­са­тында пайдаланғымыз келіп отыр. Оның үстіне бүгінгі жағ­дайда жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мәселесі өзекті болып тұр. Сондықтан осы алаң­ды сол мақсатта қолдансақ дей­міз. Ол үшін арнайы мамандар­ды шақыртып қойдық. Келешек­те республика көлемінде жас­тар арасында өтіп жүрген «Айбын» әскери-патриоттық жарысына оқушыларды осы жерден да­йындасақ деген ойымыз бар. Оқу­шылар сарайының әр үйір­меге бөлгенде бір уақытта 500 баланы қамтуға мүмкіншілігі жетеді. Үйірмелер орталығы ме­га­полистің кез келген аймағын­да тұратын балаларға арналған. Яғни Жаңаталап секілді шаһар іргесіндегі елді мекеннің мектеп оқушысы осы жерге келіп үйірмеге қатыса алады. Бұған ешқандай шектеу жоқ. Соны­мен бірге үйірмеге қатысу үшін ата-ана осында келіп әуре болып керек емес. Арнайы Mindal платформасы арқылы өтініш қал­дырып, сонда үйірме түрі мен мұғалімін таңдай алады. Плат­формаға ата-ана өзінің жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігінің мәліметтерін енгізеді. Соңында өтініш мақұлданар кезде екеуінің мағлұматтары салыс­тырылып, тексеріледі. Кейін біз өзіміздің тарапымыздан уақытын белгілеп, секцияларға бөлеміз. Барлық мәлімет жеке кабинетке келіп түседі. Онда мәселен, баланың қай секцияға сағат нешеге жазылғаны хабарланады», деді Оқушылар сарайының директоры Данияр Егізбаев.

Мекеме басшысының айтуынша, Оқушылар сарайы қызметі­нің басты мақсаты – балаларды сабақтан тыс уақытта үйірмелік жұмыстармен қамтамасыз етумен бірге оқушылар арасында жоғары интеллектуал мен тәрбие қалыптастыру.

Бүгінде ата-аналардың көп­ші­лігі жұмысбас­ты болып кеткен. Кейде балалар­ға қарауға қолы тимей жатады. Соның салдарынан үйде тәр­бие ақсап, ол қоғамға теріс әсе­рін туғызады. Әсіресе балалар арасында әлімжеттік, жаман әдет­терге үйір болу сынды бұ­зық­шылық әрекеттерге әкеп соқ­ты­рады. Ал оқушы сабақтан тыс уақытта бір нәрсемен айналысса, басқа жаман қылықтарға уақыты қалмас еді. Осылайша, ол Оқу­шылар сарайында әрі еңбекке баулынады әрі жақсы ортада дұ­рыс тәлім-тәрбие алып шығады. Сосын соны басқа достарына, араласатын ортасына таратады. Сөйтіп жалпы өскелең ұрпақ тәрбиеленеді. Ал қоғамда жас буын тәрбиелі болса, келешекте ондай қоғам нағыз ізгіліктің ордасына айналады. Сол себепті алдағы уақытта Оқушылар сарайында балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы тек сыйластық пен бауырмалдықтан құралады. Тіпті ұстаздар мен шәкірттер бір-бірімен үлкен, кіші тәртіпте емес, теңдей әріптес, сыр ұғысар жақын серіктей әңгімелеседі. Осылайша, Оқушылар сарайы еңбекке баулитын орта ғана емес, мәдениет қалыптастыратын орда болады. Мекеме басшысы сұхбат барысында осындай ой айтты.

Бұл – Шымқалада бой көтер­ген осымен екінші Оқушылар сарайы. Алдыңғысы осыдан 40 жыл бұрын салыныпты. Осы ретте жа­ңа ұжым басшысы балалардың бос кезде уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік туғызғаны үшін мемлекетке және Президент тапсырмасын тиянақты орындап отыр­ған жергілікті әкімдікке алғысын білдірді.

«Бүгінгі заманның оқушы­ла­рында арман жоқ. Мұндай озық технологиямен жабдықталған Оқу­шылар сарайында қосымша білім алу, кәсіби бір шеберлікке үйрену біздің кезіміздегі нағыз аңсаған арманымыз болатын. Әлемнің дамыған елдерінде балалар немен білімін кеңейтіп жатыр, соның барлығы осында бар десем, қателеспеймін. Өйт­кені әрбір ғылыми бағыттағы бөл­мелер нанотехнологиялар­мен жарақтандырылған. Мә­се­лен, химия кабинетінде оқу­шы­лар арнайы көзілдірік киіп жұ­мыс істейді. Сенсорлық экран­да қандай зертханалық жұмыс­тармен айналысып жатқаны кө­рі­ніп тұрады. Егер оқушы абайсыз­да қате жіберсе, ол оның өмі­ріне ешқандай қауіп тудырмайды. Өйткені ол виртуалды режімде зерттеулер жүргізіп жатыр. Тіпті егер бала сынама жұ­мыстарын дұрыс атқармаса, виб­рация арқылы оған арнайы белгі беріледі. Өз кезегінде Оқу­шылар сарайына жұмысқа ең таңдаулы, нағыз өз ісінің ше­берлерін қабылдап жатыр­мыз. Мәселен, спорт секцияларына қызметке алынғандардың көп­шілігі – спорт шебері деген атағы бар мамандар. Қала әкі­мінің тапсырмасына сәйкес оқушылар мұнда барлық үйірмеге тегін қатысады, ешқандай да ақы төлемейді. Бір айта кетерлігі бұл Оқушылар сарайы болғандықтан, ондағы барлық игілікті тек солар ғана пайдаланады. Сондықтан мектепте оқымайтын адамдар­ға бұл жердің есігі жабық», деді Д.Егізбаев.

Жалпы, қала әкімдігінің жос­­пары бойынша келешекте ша­һарда алты осындай зама­науи үлгідегі Оқушылар сарайы бой көтермек. Сонда әр аудан әкім­шілігінен салынар болса, бос уақытында үйірмеге баратын, әр сағатын тиімді пайдаланатын оқушылар көбейіп, тіпті қала­дағы мектепте оқитын балалар үйірмелермен толық қамтылар еді. Қала әкімдігінің көздеген негізгі мақсаты да – осы.

Сөзіміздің дәлелі ретінде айт­сақ, осы күнде Тұран шағын ауданында үшінші Оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс басында бо­лып, атқарылып жатқан жұмыстар­дың сапасын тексеріп қайтты. Қала әкімдігінің баспасөз қыз­меті таратқан мәліметке сәйкес, заманауи талапқа сай бой көтере­тін ғимаратта оқушылардың сабақ­тан тыс уақытта әртүрлі үйір­ме­лер­де шығармашылық, спорт­тық, ғылыми, мәдени бағытта дамуы­на барлық жағдай жасалады. 3 блоктан тұратын 3 қабатты ғи­ма­раттың жалпы сыйымдылығы 500 орынға шақталған. Жобада 35 орынға арналған асхана, 80 көлік сиятын автотұрақ қарас­тырылған. Құрылысы мамыр айында басталған ғимарат жос­парға сай келесі жылы қолда­ныс­­қа беріледі. Құрылыс жұмыс­тарына әзірге 50 адам 4 техника жұмылдырылып отыр. Осыған дейін мұнда жер қазылып, ірге­тасының жартысынан астамы құйылған. Қазір қабырғалар тұр­ғызылып, бағаналар орнатыла бастады. Шаһар басшысы жауаптыларға құрылыстың өн­дірістік кестеге сай жүргізілуін бақылауға алып, сапасыздыққа жол бермес үшін жұмыс барысында тиісті талаптарды назарға алу қажеттігін ескертті. Айта ке­тейік, қалада 2025 жылға дейін тағы 3 Оқушылар сарайы мен 8 өнер мектебі салынады. Бұл ор­та­­лықтардың оқушылар мен жас­тардың бос уақытын тиімді ұйым­дастыруына қабілетін ашып, жан-жақты дамуына ықпалы зор болары сөзсіз.

Қалалық құрылыс басқар­ма­сының мәліметінше, 2023 жылы­ бюджет есебінен жал­пы 160 нысанның құрылы­сы жоспарланса, биыл соның 95-і пай­далануға берілуге тиіс. Оның ішін­де жоғарыда аталған Оқу­шы­лар сарайынан бөлек №45, 8, 65 мектептер мен №10 колледж және Өнер мектебі бар. Ал Тұран шағын ауданындағы үшінші Оқушылар сарайының құрылысы – келесі жылға өтпе­лі нысан санатында. Сондай-ақ биыл мегаполистің Шымкент­Сити аумағында Конгресс Холл, Түркістан көшесіндегі, Әкім­ші­лік іскерлік орталығындағы автокөлікке арналған деполар, Металлург стадионы, Бозарық ша­ғын ауданындағы ауыр атлетика спорт мектебі, №12 спорт мектебіне қосымша ғимарат және №22 колледж спорт мектебі тапсырылады. Сонымен бірге жұмысшы жастарға 900 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтарына 505 пәтер беріледі. Шым­кентсити аумағынан келесі 3 сая­бақ ашылмақ. Және де 150 орын­дық мүгедектерді оңалту ор­та­лығы салынып жатыр. Келесі жылы Ақтас шағын ауданында қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстауға арналған бас­пана мен бір қарулы күштер ғи­мараты, 3 мемлекеттік орган меке­месі, сондай-ақ «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 18 орта білім беру ошағы ел игілігіне пайдалануға беріледі.

Биыл құрылыс басқармасы тарапынан тұжырымдама аясын­­да мемлекеттік бюджет есе­бі­нен 312,4 мың шаршы метр­ді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құ­рылысы жүргізіледі. Оның ішінде 6 үй – арендалық, 92 үй – несиелік. Жыл соңына дейін 3 040 пәтерлі 67 тұрғын үйді (несиелік – 61, арендалық – 6) пайдалануға беру көзделіп отыр.

Құрылыс жұмыстарының кө­ле­міне келсек, жылдық жоспар­ға сай 231,9 млрд теңгенің құрылы­сы атқарылуға тиіс. Нақты кө­лем индексі 106 пайызға тең. Қаң­тар-мамыр айында 37,1 млрд теңге­ге құрылыс нысандары са­лы­ныпты, былтырдың тиісті ке­зе­ңімен салыстырғанда нақты кө­лем индексі 119,5 пайызға жеткен.

Кейінгі жылдар ішінде Шым­кентте кәдімгідей құрылыс жұ­мыс­тары қарқын алды. Тіпті рес­публиканың үшінші қаласын үл­кен құрылыс аумағына айналған шаһар дерсің. Жалпы, құрылыс саласы – экономикалық өсімнің бір көрсеткіші. Қай елде құрылыс қыз-қыз қайнап жатса, демек сол елде экономикалық өсім бар деген сөз. Еске түсірейікші, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елде, оның ішінде Шымкентте мардымды құрылыс жүргізілмеді. Өйткені оны экономикамыз көтермеді. Тек мемлекет қазынасының бү­йірі қампайған кезеңнен бастап құрылысқа, әсіресе тұрғын үй құрылысына көңіл бөліне бас­тады. Шымкентте де дәл сол уа­қыт­тан бастап көпқабатты жаңа шағын аудандар бой көтерді. Осылайша, экономикалық өсім­нің нәтижесінде құрылыс саласына жан бітіп, ол кезегінде басқа салалардың өркен жаюына жол ашты. Соның бірі – құ­рылыс индустриясы. Оған елі­мізде салынып жатқан тұр­ғын үй құрылысына жұмсалатын ма­­те­риалдардың негізгі денін отан­дық өнім құрауға тиіс деген бағдарлама да үлкен септігін ти­гізді. Сол арқылы құрылыс ны­сан­­дарының салынуымен бірге қа­жетті материалдарды өндіретін зауыттардың қатары артты. Ондай кәсіпорындар республиканың үшінші мегаполисінде көп-ақ. Олар қалада шағын және ор­та бизнестің дамуына жол аш­са, екіншіден, қаншама адам бү­гінде құрылыс алаңдарында немесе құрылыс материалдарын өн­діретін кәсіпорында еңбек етіп жүр. Сондықтан жалпы бұл сала­ның дамуының әлеуметтік маңызы ел үшін өте зор. Тіпті осыдан он шақты жыл бұрын бүкіл дүние жүзін жайлаған қаржылық-экономикалық дағдарыстың ке­зінде еліміз әлеуметтік нысан­дарды жөндеу арқылы халық­ты жұмыспен қамтып, бұл дағ­дарыстан аман-есен өткен жоқ па еді?! Ендеше, құрылыс саласы – ел экономикасының нағыз барометрі екені сөзсіз.