Дәстүр • 11 Шілде, 2023

Дәстүрді дәріптейтін орталық

379 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орта­лығы 2014 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкім­­дігінің қолдауымен, зиялы қауым өкілдерінің демеуімен ашыл­ған. Яғни мұндай мекеме еліміз бойынша тек Шымкентте ғана бар.

Дәстүрді дәріптейтін орталық

Негізгі атқаратын қызметі – қа­зақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұр­пын, жөн-жоралғысын насихаттау, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, халықтың бойында ұлттық кодты қайта жаңғырту. Өйтке­ні салт-дәстүр болмаса, ол елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт. Тілді қалай қорғаштасақ, әдет-ғұрып, салт-сананы да дәл солай қызғыштай қоруымыз керек. Аталған орталықтың дирек­торы Бахтияр Спановтың пі­кі­рі осындай. Оның айтуынша, жер бетінде қаншама ұлт болған, бі­рақ өкінішке қарай, тағдырдың түрлі тауқыметімен көбісі тілін жоғалтып, салт-дәстүрінен айрылып, ұлттық бірегейлігін сақтай алмай басқа ұлттарға сіңіп кетті немесе саны азайып, біржолата жоғалды. Бұл ретте салт-дәстүр ор­талығының қазақи болмысымызды сақтап қалудағы пайдасы көл-көсір. Әсіресе жаһанда­ну дәуірінде өмір сүріп, түрлі идео­логиялық қақтығыстар ортасында өсіп келе жатқан жастар үшін орталықтың берер пайдасы мол. Мекеме республикада жалғыз осындай ұйым болғандықтан, оған еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, көріп таңға­лып жатады. Әсіресе еліміздің бас қаласынан, ару Алматыдан және басқа да өңірлерден зиялы қауым өкілдері көп зиярат жасайды. Осындағы жұмыстармен танысып, ішін аралап көріп, «шіркін-ай!» десіп қайтады. Былайша айт­қанда, Оңтүстікке табан тіреген кісілердің көпшілігінің ат басын бұрып тұратын жері.

Қазақтың салт-дәстүрін дәріп­теумен бірге ұлттық ойындарды насихаттау ісінде де орталық алдына жан салмай келеді. Мәсе­лен, асық ату, ақсүйек, алтыбақан, ләң­гі, тағы басқаларды айтуға бо­лады. Орталық мамандары осын­дай ұлттық дәстүр мен ойын­дарымыздың бар екенін халық­тың есіне салып қана қоймай, со­нымен бірге, тарихшы, өлке­тану­шылармен бірлесіп зерттеу, зерделеу жұмыстарымен де айналысады.

«Дін мен дәстүр – егіз ұғым. Дәс­­түрді туғаннан бастап біле­міз. Кішкетайымыздан ата-анамыз олай істеме жаман болады, бұлай істеме обал болады деп отыра­ды. Міне, сол ырым-тиымдар біз­дің дәстүріміз. Ата-бабамыз осы үш-ақ нәрсемен: обал болады, жаман болады, ұят боладымен бүкіл ұрпағын тәрбиелеген. Сол тәрбиенің шекпенінен президент те, академик те, қысқасы ұлты­мыздың бүкіл қаймағы шық­ты. Ал шариғатты, яғни дінді кә­мелет жасқа толғаннан кейін не­месе өзімізді-өзіміз тани бас­та­ған соң біліп, амалға асыра бас­таймыз. Соған қарағанда салт-дәстүрдің тамыры тереңде жа­­тыр. Біз мешіт имамдарымен, дін қызметкерлерімен бірге көп іс-шара ұйымдастырамыз. Сон­да молдалар айтады: сіздер салт-дәстүр орталығында отырып ша­риғат туралы біраз нәрсе баян­­дай­сыздар. Біз шари­ғат маманы бола тұра, салт-дәс­түрден көп хабар береміз дейді. Сондықтан дін мен дәстүр адамның тәні мен жаны сияқты бір-бірінен ажырамайтын түсініктер. Әдет-ғұрып – қазақпен бірге ықылым заманнан біте қайнасып келе жатқан ұстанымдар. Сол себепті мұның халыққа берер пайдасы өте көп. Осындай асыл дәстүрлерімізге жас­­тардың мойнын бұра біл­сек нұр үстіне нұр болар еді. Со­сын келешекте олар өз балала­рына ­аманаттап, насихаттап кетсек, ұрпақ сабақтастығы ешқа­шан жо­ғал­май, ұлтымыз мәңгі жасай бер­мек», деді орталық дирек­то­ры Бахтияр Спанов.

Маманның пікірінше, қазақ­тың ең абзал дәстүрінің бірі – жеті ата­ға дейін қыз алыспау. Осылайша, бабаларымыз қан тазалығына ерек­ше көңіл бөлген. Сондықтан бо­лар, бұрынғы ұрпақтың ес­те сақтау қабілеті ерекше бол­ған. Мәселен, бұрынғылар ақындардың өлеңдерін бір есті­геннен ұмытпайтын. Тарихты қа­расақ нота білмейтін Дина апамыз Құрманғазы бабамыздың күйлерін бір-екі ойнағаннан жаттап алған. Қазақтың алғырлығы, сезімталдығы сол қан тазалығымен берілген қасиет дерсіз. Маманның пайымынша қазақтың бойында­ғы тағы бір ерекше мінезі – не нәр­се­ні де тез қабылдағыштығы мен еліктеуге бейімдігі. Басқа ұлттарға қарағанда қазақ өзге тілді тез мең­гереді екен.

сми

Орталықта бүгінгі таңда елуден астам адам жұмыс істейді. Не­гізінен мекеме қалалық мәде­ниет басқармасына қарайды. Осы күнде ұйым қыз ұзату, қыз керуен, қыз көші, түйенің қомына қыздарды салып ұзату деген се­кілді дәстүрлерді Түркістан облы­сының аудандарында фестиваль аясында ұйымдастырып келген. Сонымен бірге қыстың күндері аңға шығып, саятшылық өнерін көпшілікке таныстырады. Ол үшін баяғы ата-балаларымыз сияқты кәдімгі үш ағаштан шошала жасап, ішіне бөстектер төсеп, от жағып, ауланған қояндардан сорпа істеп, көнекөз қариялардың аңшы­лық туралы сұхбатын тележоба аясында ұйымдастырады. Бұған дейін мұндай іс-шаралардың талайын өткізген. Бұдан бөлек өткен жылы орталық ұйытқысымен ауқы­мы үлкен үш этнофестивальдің тұ­сауы кесілді. Соның бірі – «Төрге жайдым текемет» деп аталатын текемет фестивалі. Оған Өз­бек­стан, Қырғызстаннан апалар ке­ліп қатысты. Этноауылда ұйым­дастырылған іс-шара барысында текеметті қалай басудың жолдары көрсетілді. Қой қырқудан бас­тап, жүнді түту, сабау, шиге орап тебу, ыстық су құюға дейінгі кезең­дері рет-ретімен таныстырыл­ды. Осылайша, екі күнге созылған фес­­тиваль аясында қатысушылар дүйім жұртқа текеметті қалай басу керектігін үйретті. Фестиваль ұмытылып бара жатқан дәстүр­ді қайта жаңғыртқан мағыналы іс-шара болды. Текемет басудың тәсілін үйреткен шеберлік сыныбы деуге келеді. Ал көрші ағайындар сол фестивальде бас­қан текеметтерді сыйға тартып, бүгінде олар орталықтың екін­ші қабатында жәдігер ретінде сақ­талып тұр. Текеметтің жақсы бір қасиеті бар. Оның қылының үстінде ешқандай жәндік жүр­мейді. Мұны ата-бабаларымыз ертеден білген. Сол үшін текемет басып, оны күнделікті тұрмыста қолданған. Жаздың күндері далада күн жанып тұрғанда үйге түрлі улы жәндіктер кіріп кететі­ні белгілі. Бір кереметі текемет төсеулі тұрған жерге шағатын құрт-құмырсқа, жәндіктер жоламайды екен. Сонымен бірге үкі тұрған жерге де бақа-шаян, жыландар жолаудан қорқады. Бұ­рын қазақтардың көпшілігі үйінде үкі асыраған. Оны кейбіреулер сән үшін деуі мүмкін, ал бірақ шын мәнінде ата-бабаларымыз текті құстың осындай қасиетте­рі бар екенін бұрыннан білген. Міне, орталық мамандары салт-дәстүріміздің осындай түпкі мәні мен қыр-сырларын ашу бағытын­да көбірек зерттеу жүргізеді. Бұ­дан бөлек мекеме ұйымдастыр­ған «Алаша фест» іс-шарасына еліміздің түкпір-түкпірінен қа­тысушылар жиналды. Қазақта «Ал­тынға бергісіз алаша бар, Хан­ға бергісіз қараша бар» деген сөз бар. Сонда бұл алаша құнының жоғары екенін байқатып тұр. Ала­ша дегеніміз кәдімгі кілемнің бір түрі. Кейбір елдерде қолөнер бұ­йымы қатты бағаланатындық­тан, мұндай тоқыма дүниелер­дің тіпті бағасы болмайды. Мәселен, Түрікменстанда өздерінің асыл тұ­қымды ақалтеке аттарымен бірге ұлттық кілемдерін де өте жоғары дәріптейді.

вап

«Осынау фестивальдер ара­сында «Киелі кимешек» деген фес­тиваль өткіздік. Негізінде респуб­лика деңгейінде ұйымдастыра­мыз деген жоспарымыз бар еді. Бірақ оған түрлі жағдаяттарға бай­ланысты сәтін салмады. Дей тұрғанмен, қала көлеміндегі үлкен іс-шара болды. Оған көрермен ретінде сонау Моңғолиядан кимешек киген апаларымыз келіп қатысты. Сонда әйел адамға ар­налған бұл бас киімге қатысты біраз жайттан хабардар болдық. Негізінде қазіргі біздің апаларымыз киіп жүрген кимешектері қырғыздың үлгісіндегісі екен. Ал ескі фотолардан қарасақ, бұрынғы апаларымыздың кимешектері үлкен болған. Жас келіншектер одан сәл кішілеуін киген. Мұ­ның сыры неде десек, ол уақытта аурухана, емхана деген болған жоқ. Сондықтан апалар мен ке­ліншектер кимешекте оралған ақ матаны әрі дәке ретінде де қол­данған. Мәселен, ер азамат жа­ра­дар болып қалса, сол ақ матамен жараны таңған немесе жас әйел босанса, жөргек ретінде пайдалан­ған. Апалардың кимешегінің ені 40-45 сантиметр болса, ұзындығы 20 метрге дейін барған. Егер жазатайым қайтыс болса, сол ақ мата­ға орайтын кебін қылған. Міне, осындай қажеттіліктің бәрін бір кимешек атқарған. Біздің ендігі мақсатымыз – осылардың бар­лы­ғын жастардың құлағына құю, олар­ды дәстүрді жетік білетін, ата салт­ты құрметтейтін ұрпақ ретін­де өсі­ріп шығару. Сондай-ақ әнше­йін төр­де ілулі тұрған қамшы­ның өзінде үлкен символикалық мән жатыр. Егер ол салбырап тұрса, ол үйдің отағасы жоқ деген белгіні білдіреді екен. Шаңырақ иесінің бар екенін білдіру үшін атам қазақ ондай кезде қамшыны басқаша ілген. Сол ерте кезде шаңырақ­қа кіріп келген қонақ қамшыға қарап, жағдайды біле берген. Міне, осылайша бабаларымыз ишарамен, ыммен бәрін білдіріп отырған. Дәстүріміздің осындай құпия сырлары бар екенін үлкен де, жас та біліп жүрсе екен деп ойлаймыз. Және жұмысымызды, қажыр-қайратымызды сол бағытқа қарай бұрып жатырмыз», деді Бахтияр Спанов.

Орталық мамандары қолға ал­ған айтулы іс-шараның бірі – Береке фестивалі. Ол күздің күні, егіс даласындағы жиын-те­рім науқаны аяқталған тұста ұйым­дастырылды. Баяғы Ақмола же­рін­дегі Қоянды жәрмеңкесіне ұқ­сайды. Береке фестивалі – ди­қан­дардың шат қуанышын, Құ­дай­дың берген несібесіне риза бо­лысқан халықтың шүкірлігін той­лайтын мереке. Майра, Қа­жы­мұқан, Иманжүсіптей бабала­рымыздың даңқын асырған Қоян­ды жәрмеңкесіндей мұнда да түр­лі ұлттық ойындар ойнаты­­лып, дәстүріміздің нағыз айшықты кел­­беті көрінді. Тіпті фестивальді ұйымдастырушылар бұрынғының салтын бұзбай қонақтардың сонау алыстан ат арбамен келге­­­нін суреттеген әдемі театрлық қо­йы­лымдар қойған. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы басқармасы да орталықтың бастамасына қол­дау білдіріп, өздерінің тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағада саудалайтын азық-түлік жәрмеңкесін қолға алды. Сондай-ақ осы фестиваль барысында қазақтың ескі ән-күйлері шырқалып, ұлттық тағам түрлері пісірілді. Келген жұрт бір жағы­нан өзіне рухани азық алса, екінші­ден, бағасы арзан жәрмеңкеде сауда жасап қайтты. Осылайша, фестивальді тамашалаған халық рухани әрі материалдық тұрғыдан қарық болып қалды.

«Орталықтың негізгі мақсаты –  қазақтың байырғы салт-дәстүр­лері бойынша іздену және ұмы­ты­лып бара жатқан әдет-ғұрыптар­ды қай­та жаңғырту. Кез келген ­дәс­түрді насихаттау үшін оны ал­дымен зерттеп алу керек. Жалпы, дәстүрдің үш түрі бар. Оның бі­ріншісі – қазіргі қолданыста жүр­ген салттарымыз, екіншісі – ата-бабамыздан келе жатқан ғұрып­тарымыз және соңғысы – кірме дәс­түрлер. Мәселен, үйлену тойларында жастарға торт жегізу біз­дің дәстүрімізде жоқ нәрсе. Оны кірме салт десек болады. Қарап отырсақ, бүгінде төтеннен келген ғұрыптар қаптап кетті. Әсіресе оны тойлардан көп көруге болады. Негізінде той адамның рухани ләззаттанатын, ғибрат алатын жері болуы тиіс. Қазақ атам не үшін той деп атаған? Яғни адам мерекелік жиынға барғанда аспен бірге рухани жағынан да тойып қайтуы керек», дейді орталық басшысы.

Мекемеде қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәні­бековтің портреттері ілінген. Ди­ректордың кабинетінің төрінде де ілулі тұрған осы тұлғаның суреті. Оның сыры мен себебін сұ­рағанымызда, мекеме басшысы орталықтың сол кісінің атымен атау жөнінде жоғары жаққа ұсынысхат жолдағанын жеткіз­ді. Жалпы, бұл мәселе бұрыннан бері көтеріліп келген. Өйткені бү­кіл қазақ білетін Өзбекәлі Жәні­бековтің ұлт мәдениетіне, дәстүрі мен салтын дәріптеуде сіңірген еңбегі өте зор. Санкт-Петербург қаласынан Тайқазанды әкелуден бұрын қазақтың жадынан өшіп бара жатқан салт-дәстүрлерді санада қайта жаңғыртып, жәдігерлер­ді тірнектеп жинады. Сондықтан орталықтың атын қазақтың біртуар ұлының атымен атасақ деген ойлары болған.

Орталық директорының айтуынша, мекемеде жалпы төрт бө­лім жұмыс істейді. Әрине, бү­гінгі ­заманда адамға күштеп бір идео­логияны телу қиын. Сон­дықтан ұйым ата-баба дәстүрін азаматтарға міндеттейтіндей мақ­сатты қойып отырған жоқ. Бұл арада ең бастысы ақпараттық, на­сихаттық жұмыстарға көбірек ден қоюды мұрат тұтады. Осы орайда халықтың көңілін аулап, назарын бері бұру үшін салт-дәстүрді танытатын, дәріптейтін шағын кітапшалар шығаруды ұйғарып отыр. Мәселен, солардың ішінде «Дәстүрге құрмет, ұлттық мүдде», «Ақ келін» секілді кітапшалар бар. Алдағы уақытта олар мектеп оқушылары мен студенттерге және ктапханалар мен жекелеген ұжымдарға тегін таратылатын болады. Артыңда сөз қалсын деген бабаларымыздан келе жатқан өсиетке адалдық танытқан ұжым кітапшалар шығарып, ұлттық дәстүрлерімізді мәңгі тасқа басып қалдыруды мақсат қойып отыр. Себебі тасқа басылған сөз ешқашан жоғалып кетпейді. Қажет кезде адамдар кітапшаны ақтарып өзіне керегін ішінен тауып оқиды. Бұл ретте оқу­лық­тар жарыққа шығып біраз ортада та­нылып үлгерсе, әрі қарай қосымша тиражбен бастырып шығаруға қолұшын созатын қазақ мәдениетіне жанашыр қалталы азаматтар табылып қалар үміт те жоқ емес ұжым басшылығында. Сондықтан келер жылы орталық мәдениет басқармасына қаржы бөлу жөнінде ұсыныс берсе және ол қолдау тапса, ұлттық салт-дәс­түрді дәріптейтұғын 6 бірдей жа­ңа кітапша жас оқырмандар­дың қолына тиіп қалуы ғажап емес. Тіпті, орталықтың жоспарын­да балабақшадағы балдырғандар­ға да өте жеңіл тілде жазылған, әдемі суреттермен безендірілген түрлі-түсті кітапшаларды таратпақ ниеті бар.

«Мүфтият халықты иман­ды­лыққа бет бұрғызу үшін қандай әрекеттен бастады? Әуелі намаз оқып үйренейік деген секілді кіш­кентай кітапшаларды шығарып жүрді. Адамдарды имандылық­қа үйретіп алған соң келе-келе ауқымды кітаптар жазуға көш­ті. Бүгінде, Құдайға шүкір, елі­мізде мешіт жеткілікті, намазға жығылған халықтың саны көп. Адамдар бұрынғы кітапшаларды қойып, қазір Қайрат Жолдыбай­ұлы секілді дін саласы маман­да­ры­ның мазмұнды кітаптарын оқуға кіріскен. Солай демекші, біз де бастапқы кезде шағын кі­тап­шалардан бастасақ, уақыт өте келе халықтың оқулықтарға деген сұранысының артуына қа­рай күрделі еңбектерге көшсек пе де­ген ойымыз бар. Ең бастысы – ха­лықтың бетін бер жаққа бұрып алу. Әлбетте бұл жұмыс оңай бол­майтыны белгілі. Өйткені қа­зір ­жастарды олар тұрмақ үлкендер­дің өзін кітап оқуға ынталандыру өте күрделі іс болып тұр. Оның себебі бүгінде жастардың барлығы телефонға телмірген. Дегенмен шынайы ниет болса, алынбайтын қамал жоқ. Бұл мәселенің де келешекте оң шешім табарына сенемін», деді Бахтияр Спанов.

Дей тұрғанмен, мекеме басшысы заман қанша жерден алға озып, технология қанша жерден да­мығанымен салт-дәстүріне берік елдер де бар екенін алға тартты. Осылай дей келе Күншығыс елі – Жапонияны мысалға келтір­ді. Роботтехниканың, машина құ­­растырудың, электрониканың шыңына жеткен мемлекетте халық өзінің сонау ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүрі мен салт-санасын әлі күнгі дейін ұмытпай, құрметпен ұстанып келеді. Дәс­түрге беріктік көпшіліктің теріс ұғымынша халықты көштің со­ң­­ында қалдырмайды. Керісінше егер ғұрыптар адамның білім алуына, болашаққа ұмтылуына кедергісін келтірмесе, ұлттың ма­териалдықпен бірге рухани жаң­ғыруына жол ашады. Оның жар­қын мысалы – Жапония. Алайда ондай дәрежеге жету үшін орта­лық директорының пікірінше жал­ғыз әдет-ғұрыпты насихаттай­тын ұйымдардың әрекеті аздық етеді. Ол үшін тұтас мемлекет тарапынан үлкен пәрмен керек. Ме­кеме басшысының айтуын­­ша, шетелден келген қонақ Қа­зақ­стан жеріне аяғын басқан сәт­тен бас­тап өзін шын мәнінде Қа­зақ елінде жүргендей сезінуі ке­рек. Оның алғышартының бірі – әр­бір қоғамдық орындарда, меке­мелер­де Қазақ радиосы қо­сылып, қазақша әндер сайрап тұ­руы тиіс. «Алысқа бармай-ақ көршілес Өзбекстан еліне бара қалсаңыз, ұлттық дәстүрдің исі бірден аңқып шығады. Өзіңді нағыз өзбектер­дің еліне кез болғаныңды бірден сезіне қоясың. Осындай ұлттық бірегейлік бізге де ауадай қажет. Күні кеше Түркіс­тан қаласында өткен Ұлттық құ­рылтайда жал­­пы салт-дәстүрді қолдау, балаларды ұлттық болмыс­та тәрбиелеу мәселесі мемлекет тарапынан қолға алынатыны жө­нінде өте жақсы айтылды. Осы­ның өзі адамдардың бойына үміт сыйлап, ел болашағы үшін еңбек етуге күш-жігер береді. Өйткені тілін, дінін, салт-дәстүрін бірінші орынға қойған ел әрқашан озады. Ондай ұлт жаһанданудың тол­қынында жұтылып кетпейді. Жүрегінде иманы, кө­зінде оты бар адам әрдайым ұлт­тық мүд­дені жоғары қояды. Сон­дықтан дәстүрді дәріптеу еліміздің басты миссиясы болып қала беруі тиіс», деді Бахтияр Спанов.