Тарих • 11 Шілде, 2023

85 жыл бұрынғы сурет

671 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұсынылып отырған суреттердің сақталып келгеніне бақандай 85 жыл болыпты. Осы суреттер бүкіл ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз Әкімқожа Садыровтың архивінен алынып отыр. Бұл туралы Қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетінің 1938 жылғы студенті Ә.Садыровтың естелігін оқып көрелік.

85 жыл бұрынғы сурет

«1938 жылдың декабрь айы. Институттың соңғы курсына аяқ басқан болатынбыз. Бірге оқитын факультет шәкірттерi жиналып, студенттік кезден ескерткіш болсын деп ұлағатты ұстаздарымызбен суретке түсуге келiстiк.

12 декабрь. Дала түгел ақ көр­пе­ге оранғандай, жаңа жауған қар­дан ауа тап-таза. Ол кезде Алма­ты­да қазiргiдей еңсесiн көкке соз­ған сәулеттi ғимараттар, ерсiлi-қар­сылы тынымсыз жүйткiген көлік­тер аз болатын. Суретке түсi­ретiн жердiң өзi де бiрлi-жа­­рым. Горький және Красина көше­лерiнiң бұрышында шағын фото­графия бар едi. Демалыс күнi барлы­ғымыз сол жерге жиналатын­ бо­л­дық. Ұстаздарымыз да бұл тiле­гiмiздi құп алып, келiсiмдерiн бер­дi.

Демалыс күнi сағат таңертеңгi тоғызда жан-жақтан фото жасайтын үйдiң алдына жиналып жатырмыз. Көңiл күйiмiз көтерiңкi. Барымызша сәнденiп-ақ келiппiз. Айналамызға елеңдеп, күтiп тұрға­нымыз – ұстаз ағалар. Әне бiзбен бiрге суретке түсуге келiсiмiн берген қадiрмендi ағалар да көрiндi. Арамызда студент қыздарымыз бар, бiз де ұстаздарымызды қарсы алуға алдарынан шықтық. Ұлы Мұхтар Әуезов бастап, Есағаң (академик, сыншы Есмағамбет Смайылов) бар, ұстаздар риза пейiлмен күлiмдеп келдi. Біз мәз-мейрам сәлемдесiп жатырмыз. Әсiресе Мұхаңның әрқайсымызға көз тоқтатып, майда қоңыр даусымен мейiрiмін төге сәлемдесуi бәрiмiздiң жүрегiмiзге бiр-бiр от тастап кеткендей болды.

Әне-мiне дегенше жиналып та қалдық. Бiрен-саран кешiккен әрiптестерiн Мұхаң астарлы әзiлмен сынап та тастады. Осы сәтте фотографтың:

– Келiңiздер! – деген­ дауысы естiліп, бәрiмiз суретке түсiретiн бөлмеге ендiк. Ұстаздарымыз орындыққа отырды да, бiз түре­ге­лiп тұрмыз. Қараңыз: төрт қа­та­р­дың ең бiрiншiсiне (бәрi де солдан – оңға қарай) Алексей Зиновьев, Ісмет Кеңесбаев, Қали Жанғожин (студент), Есмағамбет Смайылов, екiншi қатарға Төлеген Тәжiбаев, Қажым Жұмалиев, Митрофан Сильченко, Сәрсен Аманжолов, Мұхтар Әуезов, Александр Лыншевский, Серғали Толыбеков, үшiншiге бiз, бiр топ студент қаз-қатар тiзiлiппiз.

Суреттi екi күн тағатсыздана күтіп, мерзімі болған күні бір топ студент суретке түскен үйге келдiк.

 – Келiңiздер, – дедi баяғы жүзі­ т­а­ныс­ фотограф бiзге, – сурет­ да­йын.

 Суретті ала-сала тармаса қалай түс­ке­нi­мiздi қарап жатырмыз. Бiр-бiрден өзi­мiзге тиесiлi даналарын алдық. Ендiгi мәселе – суреттi ұстаздарымызға апарып беру. Неғұрлым тез жеткiзуге асығамыз.

Маған Мұхаңның суретiн апарып беру тапсырылды. Бұрын Құдайберген Жұбановқа iлесiп Мұхаңның үйiнде бiрнеше рет болғаным бар-ды.

...Мұхаң жазу жазып отыр екен. Менi көрдi де, орнынан тұрып қарсы жүрдi.

– Сәлеметсiз бе? – дедiм мен қысы­лып­-қымтырылып.

– Сәлемет, сау барсың ба?! – деген соң, мен дереу қойнымдағы суреттi алып, алдына қойдым.

– О, жақсы! Рахмет! – деп ризалығын жасырмай иығымнан қақты да, орнына отырды.

Мұхаң қолындағы суретке қайта-қайта қарағыштап отырған сәтте, әкелерінің жазу столының жанына келген Ләйла, Фаридалар да әлгi мен әкелген суреттi үңiлiп көрiп жатыр.

Валентина жеңгемiз дастархан басына шақырды. Тамақ үстiнде Мұхаң маған қарап:

– Иә, Әкiмқожа, – дедi, – уақыт өте­­дi, ауызекi айтқанға бiреу се­не­дi, бiреу сенбейдi. Ал мына су­­рет­тi көргендер, өз көздерiмен куә­­ болады. Ұмытылмайтын жақ­­­­­сы естелiк, студенттердiң со­ны­ түсiнгенiне iштей қуанып қал­дым.­..

Осылайша, халқымыздың ұлы­ жазу­шы­сының, аяул­ы ұста­зы­­мыздың – қара­пайым­ды­лы­ғы­ның,­ студенттерге­ де­ген­ ыстық iлти­­патының бiр ғана сәтi­­нiң­ куәсi бол­­ғаным бар. Ал мы­на сурет сол дар­хан көңiлдiң, шабыт­ты кезең­нiң­­ бiр ғана сәтiн айнытпай дөп ба­сыпты».

Сөз соңында осы мақаланың кейіп­кері болып отырған Әкім­қо­жа Сағырбайұлы Садыров жөнін­де­ мағлұмат бере кеткенді жөн кө­ріп отырмыз.

 Ол кісі, яғни менің әкем 1916 жылы дүниеге келіп, 1988 жылы дүниеден озды. 1932 жылы мектеп бітірген соң мұғалімдік қызметке кіріседі. 1935 жылы Қазақ педагогика институтына оқуға түсіп, 1939 жылы филолог мамандығы бойынша бітіріп шығады. Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғанға дейін бірнеше әдеби мақала жазып, әдебиет әлеміне деген талпынысын байқатады. Сталинград түбінде ауыр жараланып елге оралған соң, шығармашылықпен айналысу мүмкін болмай, ұстаз­дық­ қызметке біржола ден қояды. Ол классик балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевқа, дарабоз ақын Мұқа­ға­ли Мақатаевқа, ақын Еркін Ібі­та­новқа, ең соңғысы, қазіргі әдебиет май­талманы Тұрсынжан Шапайға қаза­қ тілі мен әдебиетінен дәріс берді.  Майданда көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Бірне­ше­ медаль­дың­ иегері. Ұстаз­дық еңбегі баға­ланып, «Отлич­ник прос­вещение СССР» және «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атақтарын алған.

 

 Берік САДЫР,

«Egemen Qazaqstan»-ның ардагер журналисі