Шаңсорғыштан робот, кір жуатын машинадан ұшқыш және көлік бөлшектерінен терминатор құрастырған тіс дәрігері осы күнге дейін 40-тан аса мүсін жасапты. Бүгінде Қуаныш Мұхамеджановтың үйіндегі мұражайына келушілер саны артып, Талғар қаласындағы қызықты нысанның біріне айналған. Тіпті шетелдік туристер де ат басын бұрып тұрады.
– Кейінгі бір жылда 10 мүсін жасадым. Олардың арасында екі горилла, Оптимус Прайм және Айдаһар бар. Көпке танымал Валли роботтың да көшірмесін жасадым. Олардың барлығы тұрмыстық темір қалдықтарынан құрастырылған. Қазір пластик қалдықтармен жұмыс істеп жатырмын, – дейді арт-мүсінші Қуаныш Мұхамеджанов.
Шебер үнемі шеберлігін шыңдап, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады. Болашақта бұрынғыдан да күрделі мүсіндер жасап, шетелдік шеберлермен ортақ жобаны қолға алмақ. Мәселен, музейдегі үлкен горилланы біраз жыл бұрын британдық мүсінші көліктің бамперінен құрастырыпты. Ал талғарлық шебер тұрмыстық пластикалық қалдықтардан жасаған. Горилла жобасы осылай басталған. Олардың салмағы 300 кило және тек қайта өңделген пластиктен құрастырылады. Экс-стоматологтің ендігі мақсаты – мұражай аумағын ұлғайтып, мүсіндер түрін көбейту. Оған қоса балаларға арналған кейіпкерлерден ересектерге арналған мүсіндер құрастыруға ниеттеніп отыр.