Жоба • 12 Шілде, 2023

G4 City жобасын жүзеге асыру тетіктері

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен мемлекеттік органдар мен ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте G4 City жобасын одан әрі іске асыру мәселесі талқыланды.

G4 City жобасын жүзеге  асыру тетіктері

«Астана» халықаралық қар­жы орталығының әкімшілігі» АҚ атқарушы директоры Нұрлан Тойымбек G4 City жобасы үшін қызметтің қажетті салалардағы қатынастарды реттейтін өзіндік актілердің белгілі бір санын әзірлеу қажет болатынын айтты. Бұл ретте жоспарлау сатысында G4 City актілерімен реттелетін салаларды алдын ала анықтау маңызды. Қалғандары Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

Сондай-ақ Н.Тойымбек Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін халықты жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі уәкілетті орган белгілеген және бөлетін квота шегінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары беретін рұқсаттар негізінде жұмыс берушілер тартатынын атап өтті.  ШЖК-ны тарту мәселелерін реттейтін негізгі нормалар Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» және «Халықтың көші-қоны туралы» Заңдарында қарастырылған. Бұл ретте жекелеген рәсімдер заңға тәуелді бірқатар актімен реттеледі.

G4 City жобасын жүзеге асырудағы негізгі мақсат – қоғамның әлеуметтік құ­рылымын сапалы өзгерту, дені сау, белсенді, білімді азаматтардың жаңа буынын қалыптастыру. Бұл, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын едәуір арттыру, елдегі демографиялық жағдайды жақ­сарту, адам капиталының және еліміздің серпінді дамуына жағдай жасау.

G4 City қаласы Жаңа Жібек жолының бойында орналасқан жаңа экономикалық және жаһандық туристік орталыққа айналады деп күтіледі. Даму­дың ауқымды перспективаларын ескере отырып, G4 City 2,2 млн-нан астам тұрғыны бар интеграцияланған қала ретінде дамып, G4 City 2050 жылға қарай 1,1 млн-нан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді деген болжам бар.

Кеңес қорытындысы бо­йынша Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік органдар мен ұйым­дарға тиісті бірқатар тапсыр­ма берді.