Сенат депутаты Евгений Больгерт Қарағанды облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының, Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдерімен және жастармен кездесті.
Кездесу барысында бизнестің құқықтары мен мүддесін қорғау, кәсіпкерлік саласындағы инновациялық жобаларды іске асыруға қолдау жасау, этностардың тарихи шыққан елдерінен Қазақстанға инвестиция мен технология тарту жөніндегі ұсыныстарды тыңдады. Евгений Больгерт VIII шақырылымдағы Сенаттың бірінші сессиясының қорытындылары туралы айтты.
Депутат неміс мәдени орталығына барып, неміс жастар клубының қызметкерлерімен, өкілдерімен кездесті. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясының қорытындысы бойынша қабылданған шешімдерді хабардар ету, сондай-ақ мәдени орталықтың одан әрі жұмысы, институционалдық нығайту, өңірдегі жобалық жұмысты іске асыру мәселелері кездесудің негізгі тақырыбы болды. Е.Больгерт сапар барысында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын аралады.
* * *
Мәжіліс депутаттары Айна Мысырәлімова мен Наталья Дементьева Ақкөл қаласындағы медицина қызметкерлеріне арналған емдеу-сауықтыру орталығының құрылысымен танысты.
Бүгінде оңтүстік емдеу корпусының, қонақ үйдің және бассейннің қарқынды құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Оны келесі жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Өз кезегінде, депутаттар медицина қызметкерлері мемлекеттің ерекше қамқорлығында болуы керек екенін атап өтті.
Депутаттар 1000-ға жуық тұрғыны бар Домбыралы кентіндегі су құбыры желілерін жөндеу жұмысымен танысты. Кенттегі 16 шақырымдық су құбыры істен шыққан соң, 2 мың метрден астам жаңа құбыр салынып, 40-тан астам құдық орнатылды.
Сонымен қатар Айна Мысырәлімова « Amanat» партиясының Ақмола облыстық филиалының алаңында азаматтарды қабылдады. Көкшетау тұрғындары жол салу, қоқыс жинау, коммуналдық инфрақұрылымды жөндеу мәселелерін көтерді. Қоғамдық көлік мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Депутат бұл мәселе Ішкі істер министрлігімен бірге мұқият зерделенетінін атап өтті. Әсіресе D санатындағы жүргізуші өтіліне қойылатын талаптарды төмендету мүмкіндігі назарға алынады.
* * *
Сенат депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек өңірге сапар барысында Сауран және Отырар аудандарына барды. Тұрғындармен кездесуде құбырмен келетін судың жоқтығы, көпсалалы аурухана салу қажеттігі, ауылдық округтерде жер қойнауын заңсыз пайдалану және басқа да маңызды мәселелер көтерілді.
Депутат Әли Бектаев айтылған ұсыныстарға жеке тоқталып, сенаторлар алдағы сессия барысында осы мәселелерді шешуге ықпал ететінін атап өтті. Сенаторлар Отырар ауданының Талапты елді мекеніндегі сайлаушылармен кездесуде VIII шақырылымның бірінші сессиясы барысында Сенат мақұлдаған заң шығару қызметі мен заңдар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Депутаттар кездесулерді қорытындылай келіп, ұсынылған әрбір ұсыныстың маңызына тоқталды және олардың кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.
* * *
Мәжіліс депутаттары Атырауда ірі мұнай-газ кәсіпорындары басшыларымен өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады. Кәсіпорындағы жұмысшылардың өтініші бойынша өндірісте вахталық ауысым уақытын 14 күнге ауыстыру, көгалдандыру жұмысын жеделдетіп, әлемуеттік-инфрақұрылдымдық даму бағдарламасына бөлінетін қаржыны көбейту сияқты бірқатар мәселені көтерді.
Бақтықожа Ізмұхамбетов «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымымен кездесіп, заң шығарушы органның жұмысы мен қабылданып жатқан заңдар туралы ақпарат берді. Жиында депутат онлайн-жарнама, шетелге шығарылған активтерді елге қайтару туралы заңдардың талаптары мен тиімділігі туралы айтты. Соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасының мақсат-міндеттеріне назар аударды.
Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбанов осы өңірдегі ірі мұнай-газ мекемелерінің ұжымдарымен кездесті. Жиынға «Ембімұнайгаз» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС және North Caspian Operating Company N.V. компаниясының өкілдері қатысты. Онда әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар және көгалдандыру тақырыптары қозғалды.